Әлеумет

Талпынған жетер мұратқа

Талпынған жетер мұратқа

Кез келген елде жұмыссыздық белең алса, бұл жұртшылықтың тұрмыс жағдайының төмендеуіне әсер етіп, оның соңы тіпті әлеуметтік қақтығысқа ұласуы да мүмкін. Сондықтан да мемлекет халықты жұмыспен қамту мәселесін күн тәртібінен түсірген емес. Бұл ретте өңір-өңірдегі «Еңбек мобильділігі» және оның Тараз қаласы мен аудан орталығындағы мансаптық орталықтары арқылы жұмыс іздеп жүрген азаматтарды тіркеуге алу, халықты жұмыспен қамту, жұмыс іздеуші мен жұмыс берушінің арасында тегін еңбек делдалдығы жүзеге асырылуда.

Турасын айтқанда, бос жүрген адамның белгілі бір мамандық бойынша лайықты жұмыс табуы қазір де оңай емес. Себебі қандай да бір мекемеден мамандығы бойынша жұмыс іздеуші орын тапқанымен оны басшылық бірден жұмысқа алмайтыны белгілі. Жұмыс беруші тарап үміткерден түйіндеме сұратып, әңгімелесуден өткізіп, «кейін хабарласамыз» деп басқа біреуді жұмысқа алып жататын жағдайлар да жоқ емес. Жұмыс іздеуші «Enbek.kz» электрондық еңбек биржасы арқылы мекемеге қайырылса да осы мәселені бастан кешуі мүмкін. Мұндайда жұмыс іздеген жұртшылықтың мәселесі көбіне бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде сәтті шешіліп жатады. Өйткені мұндай іс-шара жергілікті мансаптық орталық арқылы ұйымдастырылып, жұмыс іздеуші мен жұмыс ұсынған мекеме өкілі көзбе-көз сөйлеседі. Ұсынылған жұмыс, жүктелетін міндет, жасалатын жағдай, еңбекақы жайында ақпарат беріліп, бос жүрген адам өзіне қолайлы деп тапса, қолына жолдама алады. Осындай келелі іс-шара Тараз қаласы бойынша мансаптық орталықтың ұйымдастыруымен өтті. Мақсат – облыс орталығындағы жұмыссыздарды тұрақты жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – Тараз қаласындағы жұмыссыздар мен бас бостандығынан айыру орын­да­рынан босатылғандарға, пробация қызметінің есебіндегілерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бос жұмыс орындар жәр­мең­ке­сі бойынша тұрақты жұмыс ұсыну, жалпы жұртты жұмыс­пен қам­ту­дың белсенді шара­ла­ры­на тарту. Жәрмеңкеге қала аума­­ғын­­дағы тұрақты жұмысқа 30 жұмыс берушіден 273 бос жұмыс орны ұсынылды. Іс-шараға Тараз қала­сы­ның прокуратурасы, Тараз қала­сы №1,2,3 пробация қызметі, Тараз қаласы бойынша ман­сап­тық орталық филиалының бас­шы­ла­ры мен қыз­мет­кер­лері, қала көле­мін­дегі жұмыссыз жастар, бас бос­тан­ды­ғы­нан айыру орындарынан босатылғандар және пробация қызметінің есебіндегілер, мүмкіндігі шектеулі жандар қатысуда, – дейді Тараз қалалық мансаптық орталық директоры Сәбит Мүсрепов. Бос жұмыс орындары жәр­мең­ке­сін­де жұмыс берушілер тарапынан жеке секторлар, оның ішінде өндіріс саласына қатысты жұмыс орындары көптеп ұсынылды. Олардың ішінде ең көп жұмыс орнын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынған. Атал­ған серіктес­тік­тің кадр жөніндегі инспек­торы Айжан Сандыбаева жұмыс­шы­лар тегін тасымалданып, бір мезгіл ыстық тамақпен қам­ты­ла­ты­нын айтады. – Серіктестік құрылыс жұмыс­та­ры­мен айналысады. Сондықтан жұмысшы мамандығы ауадай қажет. Мәселен, серіктестікке 4 электрик, 8 арматуршы, 10 бетоншы, осыншама монтаждаушы, 6 кафель жапсырушы, 4 стропальші, осыншама сантехник, 2 слесарь және бір-бірден қойма меңгерушісі, панель таситын көлік жүргізушісі, құм жуу операторы мен санаушы керек. Жұмыс уақыты таңертең сағат 09:00-де басталып, 18:00-де аяқталады, жұмыс аптасына бес күн. Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Жұмысқа тегін қатынап, тегін түскі ас беріледі. Осы еңбек жәрмеңкесінде 3 қара жұмысшы және бір «Миксер» жүк көлігі жүргізушісін тауып, оларды жұмысқа қабылдайтын болдық, – деді Айжан Нұрлыханқызы. Тараз қаласында пробация қызметінің есебінде тұрғандардың бірі – Абдуләзиз Рысбеков. Ол жоғары оқу орнын «Бағдарламашы» мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын Алматы қаласындағы жеке компанияда бастаған. Одан кейін де мамандығы бойынша еңбек етіп жүріп, жастықпен жаза басқан. Бүгінде пробация қызметінде есепте тұр. – Жасым 28-де, отбасын құрмағанмын. Менің өтелуі тиіс әлі 1 жылдан астам уақытым бар. Үйде болғаныммен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің назарындамын. Күнделікті не істеп, не қойып жатқанымыз бақылауда. Осы іс-шараның өтетінін солардан естіп, бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмыс іздеп келген едім. Қазір маған «Тараз былғары аяқкиім» кәсіпорнынан келген мамандар жұмыс ұсынды. Айлықақысы 100 мың теңгенің үстінде көрінеді. Үйдегілерге масыл болғанша қайта еңбек етіп, оларға қаржылай көмектессем деген ниетім бар еді, сол орындалғалы тұр. Кім жаза басып, кім жаңылыспайды? Қазақта «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген сөз бар. Еңбек етіп, заңнан аттамай қоғамға, мемлекетке пайдамызды тигізсек, ол да бір азаматтықтың белгісі, – деді Абдуләзиз Серікұлы. Жәрмеңкеде жұмыс іздеп жүр­ген­дерге Тараз қалалық мансаптық орталық мамандары Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексін басшылыққа алып және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №728 қау­лы­сын­дағы «2021-2025 жыл­дар­ға арналған кәсіпкерлікті дамы­ту жөніндегі ұлттық жоба» ая­сын­да жұмыспен қамтудың белсенді шара­ла­ры бойынша халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан жүзеге асыры­лып жатқан бағдарламаларды түсін­дір­ді. Түсіндіру жұмысы барысында халықтың күнкөріс деңгейін жақсарту, тұрақты жұмысқа немесе халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту және осы бағытта жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында бос жұмыс орындары бойынша кеңестер берілді. Сонымен қатар «Алғашқы жұмыс орындары», «Жастар тәжірибесі», ақылы қоғам­дық жұмыс, кәсіптік оқыту, «Бастау Бизнес», мемлекеттік қай­та­рым­сыз гранттар алу туралы кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ іс-шарада біз ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Саят Төлепбергеновпен тіл­дес­ке­ні­міз­де департамент маман­­дары жұмыс іздеушілер ара­сында мемлекеттік қызметке орналасу үшін өткізілетін конкурс талаптарын түсіндіруге келгенін сөз етті. Олар оқу орнын мемлекеттік грантпен бітірген алғыр түлектердің мемлекеттік қызметке, оның ішінде қалалық, аудандық деңгейдегі ең төменгі лауазымға қонкурссыз қабылданатыны жөнінде мәліметтер беруде. Бұдан бөлек көпшілікті 1 қыркүйекте елімізде Президенттік жастар кадрлық резервіне кезекті іріктеу басталатынын құлағдар етті. Мұндай мақсатта ұйым­дас­ты­ры­ла­тын іс-шаралар – екі қолға бір күрек іздегендерге жұмысқа орналасуға көмектесудің ең тиімді тәсілінің бірі. Осы жолы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне жұмыс іздеуші ретінде 185 адам қатысып, жұмыс берушілермен сұхбаттасып, 59-ы жұмысқа орналасты. Оның ішінде 37-сі тұрақты жұмысқа, 12-сі «Жастар тәжірибесі» бойынша, жетеуі ақылы қоғамдық жұмысқа, үшеуі «Күміс жас» жобасымен, жалпы 22 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Нұрым СЫРҒАБАЕВ