КӨЗІМ КӨРСІН ДЕСЕҢІЗ...
КӨЗІМ КӨРСІН ДЕСЕҢІЗ...
Жалпы, адамзат баласы ақпараттың 90 пайыздан астамын екі көзі арқылы алады екен. Өкінішке қарай, қазір көзді күту үлкен мәселеге айналып барады. Бүгінде мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 5 пайызының, бастауыш сыныптан өткен балалардың 12 пайызының көзі нашар көретін болса, олар мектепті бітіріп шыққанда көру қабілеті 60 пайызға төмендейтін көрінеді. Мамандардың айтуынша, көз ауруларында тұқымқуалаушылық кездеседі. Сондай-ақ салауатты өмір салтын ұстанбау да көз ауруына алып келеді. Сондықтан тұқымқуалаушылық пен жеке өмір салтының көру қабілетінің нашарлауына әсерін Аружан Манарбекова зерттеу жұмысында толық зерделеп шыққан. Қазіргі ең өзекті мәселелердің бірі – балалар арасында, медицина тiлiмен айтқанда, миопия немесе жақыннан көргiштiк кеселiнің өсуi. Статистикаға сүйенсек, жаңа туған балада көздің көру қабілетінің төменділігінің пайыздық көрсеткіші 0,5 пайыз болса, оқушыларда – 20, студенттерде – 40, ал 40 жас шамасындағы адамдарда – 60, 95 жастағылардың көзінің көру қабілеті төмендігі 95 пайызды құрайды екен. Осы орайда Аружан Манарбекованың «Статистикалық есептеулер арқылы алыстан көрмеушілікке (миопияға) әсер ететін факторларды бағалау» атты ғылыми жұмысы адамды тамсандырмай қоймайды. Өйткені технология дамыған заманда бәріміздің көзімізді алақандай экранның нұры сорып, жанарымызды жасауратып, көру қуатымызды нашарлатқаны анық. Ал жақынына жәрдем беруді көздеген өнертапқыш өреннің жобасы көзі нашар көретін адамдарға көп көмегін тигізеді. Қазір адамдар компьютерде жұмыс істегенде эргономиканы сақтамайды. Салдары алыстан көрмеушілікке (миопияға) алып келеді. Зерттеу жұмысындағы статистикалық есептеулер стандартты ережелердің сақталмайтынын дәлелдейді. Сондықтан өнертапқыш «Healthy monitor» қосымшасын ойлап табады. Аталған қосымша адам мен монитор арасындағы қашықтықты реттеу арқылы көру қабілетінің нашарлауын болдырмауға көмектеседі. Ең маңыздысы, қосымшаны компьютері бар адамның бәрі қолдана алады екен. – Жобамның тақырыбы – «Статистикалық есептеулер арқылы алыстан көрмеушілікке (миопияға) әсер ететін факторларды бағалау». Қазір 12-сыныпта оқимын. Әкем – мұғалім, анам – дәрігер. Жобамен 9-сыныптан бастап 3-4 жылдай жұмыс істедім. Қазіргі кезде алыстан көру қабілеті нашарлап жатқан жастар, әсіресе оқушылар саны жылдан-жылға артып келеді. Сыныптастарымның арасында да көзілдірік киетіндер уақыт өте келе артып жатты. Әрі өзімнің де көру қабілетім кішкене төмендей бастағаны да осы тақырыпты зерттеуге түрткі болды. Нәтижесінде мәселенің алдын алу үшін арнайы компьютерлік қосымша мен құрылғыны дайындау туралы шешім қабылдадым. Құрылғы адам мен монитор арасындағы дұрыс арақашықтықты қадағалап отырады. Әр 30 минут сайын көзге жаттығу жасау туралы ескертпе шығарады. Құрылғыны дайындау кезінде мектеп мұғалімдері тарапынан үлкен қолдау болды. Болашақта жоғары оқу орнында да осы секілді пайдалы жобамен жұмыс істеуге, құрылғы жасауға мүмкіндік болса, міндетті түрде іске кірісемін. Болашақта математика, экономика немесе қаржы салаларында жұмыс істеу жоспарым бар, – дейді жоба авторы Аружан Манарбекова. Компьютерлік құрылғының ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, біріншіден, қосымшада компьютер мониторы мен адам арасындағы арақашықтықтың дұрыс немесе дұрыс емес сақталуына байланысты жасыл немесе қызыл тетіктер жанады. Соған қарап адам арақашықтықты бақылап отыра алады. Екіншіден, арақашықтық автоматты түрде өлшенеді және фондық режимде жұмыс істейді. Яғни бағдарламаны қосып компьютерде басқа да жұмыстарды қатар істеуге болады. Үшіншіден, үзіліс туралы ескертпе көзге артық жүктеме түсуінің алдын алады. Төртіншіден, құрылғының керек-жарақтары қалтаға салмақ салмайды. Ұқсас арақашықтықты есептейтін тегін ғаламтор желісінде арнайы құрылғысыз қосымшалар бар. Алайда олардың жоғарыда атап өткендей артықшылықтары жоқ. – Аружан өте зерек әрі тиянақты оқушы. Математика пәнінің мұғалімі болғандықтан Аружанды математика мен технологияны байланыстыра отырып инженерияға қарай баулуға тырыстым. Сондықтан бағыт-бағдарым да көбіне соған қарай бейім болып тұрды. Сонымен Аружан статистикалық есептеулер арқылы көздің қашықтан көрмеу әсерін бақылап, өзінің ғылыми жобасын жазды. Мұндағы біздің жаңалығымыз – компьютерге орнатылатын қосымша. Қосымша компьютермен жұмыс істейтін әр азамат үшін пайдалы,–дейді Аружанның жетекшісі, Назарбаев зияткерлік мектебінің математика пәнінің мұғалімі Қанат Қаражігітова. Міне, небары 12-сынып оқушысының тапқырлығы адамды тамсандырмай қоймайды. Аружан секілді талабы таудай жастарымыз барда, егемендігін ала салып, айға ұшқан қазақтың ұрпақтарының атағы айға жететін күні де алыс емес деп ойлаймыз.
Шапағат ӘБДІР