Жаңалықтар

ҚОРДАЙДА КӨКӨНІС ҚОЙМАЛАРЫ КӨБЕЮДЕ

ҚОРДАЙДА КӨКӨНІС ҚОЙМАЛАРЫ КӨБЕЮДЕ

Ауылшаруашылығы – ел экономикасының негізгі күші. Аграрлық білім мен ғылымның дамуы арқылы ауыл көркейіп, мемлекет өркендейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ұлықтау рәсімінде «Ауылшаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтқан еді. Бүгінгі күні мемлекет агроөнеркәсіп кешеннің дамуы үшін бар жағдайды жасауда. Нәтижесінде ауылшаруашылығы саласында біршама жетістіктер бар.

Мәселен, көкөніс егуде қордайлық шаруалар бірнеше жылдардан бері облыс бойынша көш бастап отыр. Аудан әкімдігінің ауылшаруашылығы бөлімі берген мәліметке сүйенсек, биыл 1 200 гектарға картоп, 3 194 гектарға көкөніс егілген. Оның ішінде пияз 1 650 гектарға себілген. Сонымен қатар 18 гектарды қырыққабат, 35 гектарды қияр, 25 гектарды қызанақ, 98 гектарды сәбіз, 200 гектарды бақша өнімдері және 250 гектарды майлы дақылдар алып жатыр. Дегенмен мол өнімге қол жеткізу бір бөлек, жи­нал­ған өнімді балғын әрі дұрыс сақтау мүлдем бө­лек. Яғни көкөніс қоймаларының санын арттыру – күн тәр­ті­бінде тұрған өзекті мәселе десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінгі күннің маңызды мәселесін Сортөбе мен Масаншы ауылдық округіндегі диқандар үнемі көтеріп, тиісінше осы бағытта ауқымды жұмыстар атқаруда. Мәселен, Сортөбе ауылындағы «Альвакас» шаруа қожалығының төрағасы Юнус Шаров биыл 2 500 шаршы метрді құрайтын қойманың құрылысын бастаған. Жаңа құрылыс талаптардың барлығына сай әрі өнімді сақтауға мүмкіндік беретін технологиямен бой көтеруде. Юнус Шаровтың айтуынша, қойма бірден 2 500 тоннаға дейін өнімді сақтауға мүмкіндік береді екен. Қыс айларында аталмыш шаруа қожалық жинайтын өнімдерге, яғни пияз бен сарымсаққа сұраныс артпаса, кемімейді екен. Тіпті сұраныс тек аудан және облыс деңгейімен шектелмей, Алматы облысына да жеткізіледі. Кәсіпкер жақын арада қойманың құрылысы аяқталса, болашақта өзге де аймақтарға шығып, өз өнімдерін ұсынуды көздеп отыр. – Жаңа қойма заман талабына сай жаңа технология бойынша салынып жатыр. Біздің мақсатымыз – өнімді үсітіп немесе босатып алмайтындай етіп қойманы жабдықтау. Құрылыс кезінде барлық олқылықтар ескерілді. Барлығын дұрыс атқарсақ, мұндай қоймада ешбір өнім бұзылмай, сапасын жоғалтпайтын болады. Жаңа салынған орында негізінен пияз сақталмақ. Құрылыс жұмыстарын толықтай күзде аяқтау жоспарда бар, – дейді Ю. Шаров. Ал Сортөбе ауылының әкімі Рустам Фушанло мұндай игі істің қолға алынуы орынды деп санайтынын жеткізді. – Мұндай қойманы салу экономикалық тұрғыдан өте ұтымды. Ең алдымен, бұл бәсекелестік тудырады. Алынған өнім тұтынушыға тек сапалы күйінде жеткізіледі. Ұзақ мерзімге сақтауға мүмкіндік жоғары. Қойма болмаса, әрине, өнімді бірден сау­да­ға шығару қажет болады. Ал арнайы орында сақталған өнімді кез келген уақытта сатылымға шығара алады. Бұл баршамызға қолайлы, – дейді ауыл әкімі Р.Фушанло. Еске сала кету керек, елімізде қоймаларды салу мен жаңғырту үшін арнайы кешенді жоспар дайындалған. Анығын айтқанда, заманауи қоймаларды салу үшін субсидия қарастырылған. Субсидияны 25 пайыздан 40 пайызға дейін арттыру жоспарланып отыр. Ләйлім ДОСЫМБЕКОВА, журналист, Қордай ауданы