Қоғам

Енді ИТ ПЕН МЫСЫҚқа да ЧИП салынбақ

Енді ИТ ПЕН МЫСЫҚқа да ЧИП салынбақ

Елімізде үй жануарлары мен қараусыз қалған жануарларды есепке алу кеңінен енгізілуде. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңға сәйкес енді әрбір қазақстандық 1 қыркүйекке дейін иелігіндегі үй жануарларын чиптеуге міндеттеледі.ОБЛЫСЫМЫЗДА ЧИПТЕУ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Мамандардың сөзінше, үй жануарларын чиптеу ине арқылы жүзеге асады. Чип жануардың мойын мен арқа тұсының ортасына енгізіледі. Бұл ит пен мысықтың қозғалысына кедергі келтірмейді. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәлімдеуінше, чиптеу жануарларға деген адамның көзқарасын өзгертіп, қарым-қатынасты реттеу үшін ұсынылған іс-шара. Сондай-ақ бұл процедура ит пен мысықтың санын білуге де септігін тигізеді. Міндетті чиптеуге дайындық аясында елімізде, соның ішінде облысымызда қыркүйекке дейін үй жануарларына чипті тегін енгізуге болады. Ал егер қыркүйекке дейін үлгермесеңіз, ақылы негізде енгізесіз. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, ҚР 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңның 11-бабына сәйкес үй жануарларын есепке алу бұйымдарын пайдалана отырып, ақылы негізде жүргізіледі. Жануарлардың иелері әлеуметтік осал топтарға жататын болса, есепке алу бюджет есебінен жүзеге асырылады. Үй жануарларын тіркеу үшін жекеменшік клиникаларға немесе мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың көмегіне жүгінеді. – Тараз қаласының тұрғындары үй жануарларын чиптеу үшін «Қаратау» ықшамауданында орналасқан ветеринариялық стансаға барады. «Таңба» порталы әзірге пилоттық режимде іске қосылды. Порталда үй жануары егелерімен бірге есепке алынатын болады. Жүйеде жануардың аты, шыққан тегі (порода), салмағы мен бойы, вакцинация алуы туралы да мәліметтер толыққанды жазылады. Сондай-ақ жануардың иесі туралы да ақпараттар енгізіледі,– дейді облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев. Чиптер, болюстер немесе басқа да сәйкестендіру бұйымдары орнатылғаннан кейін жануар туралы мәліметтер «Kezekte.kz» порталы арқылы «Таңба» ақпараттық жүйесіне тегін енгізіледі. ЭЦҚ-кілт арқылы тіркеу барлық жеке және заңды тұлғалар үшін қолжетімді. Айта кетейік, чиптеу мүлдем ауырсыну тудыртпайды. Және бұл өте оңай процедура. Кішкентай күріш дәні түріндегі чипті тері астына енгізеді. Оның құрамындағы сәйкестендіру нөмірі мәңгілікке қалады. Қазіргі таңда облыста 230 қаңғыбас ит бірдейлендіріліп, 325 итке стерилизация мен кастрация жасалған. 329 ит «Таңба» жүйесіне енгізілген. 270 ит табиғи мекендеу орталығына жіберілген. ЧИПТЕУ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ? ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, чиптеу жануарларға деген жанашырлықтың артуына септігін тигізеді. Сондай-ақ қаңғыбас иттер мен мысықтардың санын азайтуға көмектеседі. Бұдан бөлек кезекке қойған соң жануарға қатысты мәліметті тез анықтауға да болады. Сәйкесінше көліктің егесі кім екенін бірден анықтаған секілді, жануардың да егесін бірден білу мүмкіндігі туады. Чиптеу арқылы жануарлардың егесінің жауапкершілігін арттыру мәселесі де назарға алынған. Сонымен қатар аталған жүйеде «Іздеу» батырмасы бар. Егер чиптелген жануарды кез келген ветеринариялық клиника/стансаға апарып, арнайы құрылғымен сканерлейтін болса, онда жануар туралы мәліметті лезде анықтауға болады. Осы орайда облыс тұрғындарының үй жануарларын чиптеуге байланысты пікірін білген едік. – Үйімде 1 жасар «Барсик» есімді мысығым бар. Қыркүйек айында мысығымды чиптеу үшін ветеринариялық стансаға апаруды жоспарлап отырмын. Шет мемлекеттер бұл процедураны баяғыдан қолданады. Нәтижесінде көшеде бұралқы иттер де, қараусыз қалған мысықтарда жоқ. Иелері өз жануарларына жауапкершілікпен қарайды. Біздің елде де барлық жанауарлардың иелері жауапкершілік танытып, кезекке тұрғызып, чип салдырса деймін, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Мерей Бәйділдә. Дегенмен чиптеуді қолдамайтын азаматтар да жетерлік. Мәселен, Аслан Таштанов есімді азамат жануарды чиптеуге қарсы екендігін айтып, онлайн-петиция құрған. Асланның айтуынша, чиптеу қаңғыбас иттердің санын арттырмаса, кемітпейді. – Чиптеуді міндеттеу кейбір тұрғындар үшін қиыншылық тудыруы мүмкін. Мәселен, чиптеу, ветеринарлық клиникаға барудың өзі қаражатты талап етеді. Кейбір жануарлардың егелері бір ғана жалақыға, зейнетақыға қарап отыр. Бұл ауыртпашылықты азайту үшін олар жануарларды көшеге шығарып жіберуі мүмкін, – дейді ол. Петиция 4 күнде 8 654 оң дауыс жинаған. Ал 752 дауыс иесі петицияны қолдамауды шешкен. ЧИПТЕУГЕ ҚАРСЫ ШЫҚҚАН АЗАМАТТАР ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАНАДЫ? Егер чип болмаса, онда жануар иесіне 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынады. Бірінші мәрте анықталған жағдайда егесіне ескерту беріледі. Ескертуден кейін де ешқандай шара қабылдамайтын болса, айыппұл төлеуге тура келеді. – Қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жануардың иесі иелігіндегі жануарларын ветеринариялық-санитариялық, гигиеналық талаптарды сақтай отырып асырауға және ұстауға, есепке алуға, уақытылы вакцинация жасатуға, жануарына жауапкершілікпен қарауға және қатігездік көрсетпеуге, басқа адамдар мен жануарлардың өміріне немесе саулығына қауіп төндірмеу үшін қауіпсіздік шараларын қабылдауға, қоршаған ортаның, қоғамдық орындардың ластануына жол бермеуге және тұқым алу қажет болмаса өз қаражатынан үй жануарларына кастрация немесе стерилизация жасатуға міндеттелген. Жануарларға жауапсыздықпен қарап немесе қатігездік көрсетілген жағдайларда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-1-бабына сәйкес қылмыстық белгілері болмаса жеке тұлғаларға 5, лауазымды тұлғаларға 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Бір жыл ішінде қайталанса, екі есеге ұлғайтылады, – дейді Нұржас Құрмантаев. P.S. Үй жануарларын қорғау мәселесі бүгінде қоғамда қызу талқыланатын тақырыптың бірі. Дегенмен қандай шешім қабылдасаңыз да барлығы заң аясында жүзеге асырылғаны жөн. Жануарларымызға әрдайым жауап­кершілікпен қарап, қамқорлы­ғымызды көрсетейік. Дайындаған Аяулым Жаманқара