Жаңалықтар

2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды

2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев XV БРИКС саммиті аясында Йохханесбургте өткен мемлекеттер басшыларының «БРИКС Плюс» диалогы отырысына бейнебайланыс арқылы қатысты. Президент форумда Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде сөз сөйледі.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Сирила Рамафосаға шақырту үшін алғыс айтты. Сондай-ақ бұл саммит БРИКС-тің рөлін елеулі түрде күшейтіп, жаһандағы көптеген өзекті мәселені шешуге ықпал ететінін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл маңызды шара халықаралық аренадағы жағдай шиеленіскен кезеңде өтіп жатыр. Оның сипаттары саяси қысым жасаудан, конфронтациядан және жаппай санкция салудан көрінеді. Бұл ретте Президент өңіраралық ынтымақтастықтың перспективасы жөнінде өз көзқарасын білдірді. – Бүгінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының уақыт өткен сайын артып келе жатқан беделі кең көлемде мойындалып отыр. Ұйым адами ресурстары, табиғи байлығы және технологиялық әлеуеті орасан зор, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан елдерді біріктіреді. Қазақстан Ұйымның негізін қалаушылардың бірі ретінде, өзінің төрағалық ету кезеңінде ШЫҰ-ны алдымыздағы сын-қатерлерге төтеп беретін анағұрлым тиімді алаңға айналдыруды көздеп отыр. Жиырма жылдан астам уақыт ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы көпжақты қарым-қатынасты және өңірлік деңгейдегі ынтымақтастықты дамытуда мол тәжірибе жинады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. БРИКС пен ШЫҰ-ға ортақ мүдделер мен басымдықтарды ескере отырып, Президент мынадай негізгі бағыттар бойынша күш біріктіруді ұсынды. – Біз бейбітшілік, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің БҰҰ Жарғысына негізделген лайықты формуласын іздеуіміз керек. Осы мақсатта мен биылғы ШЫҰ саммитінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік туралы» бастама көтердім. Бұл бастама жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау ісін ілгерілетуге, сондай-ақ анағұрлым рационалды әлемдік саяси және экономикалық тәртіпті қалыптастыруға бағытталған, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Шанхай ынтымақтастық ұйымында 2024 жылды «Экология жылы» деп жариялауды ұсынды. «Қазақстан барша серіктестерді «Солтүстік-Шығыс» пен «Шығыс-Батыс» көлік дәліздеріне қатысты экономикалық, сауда, көлік және инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға шақырады. Аса маңызды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын толықтыратын Транскаспий халықаралық көлік дәлізі сауда саласындағы ынтымақтастыққа кең мүмкіндік ашады. Мұндай ықпалдастық өңіраралық сауда-саттықтың дамуына және біздің аймақтардың көлік-транзит әлеуетін толық танытуға септігін тигізеді», деді Мемлекет басшысы.