Руханият

Сағыныш жүректе жатталған...

Сағыныш жүректе жатталған...

ТАҢҒАЖАЙЫП ТАРАЗЫМ Байрақты батырлардың садағында, Томға толы тарихтың тарамында. Қасиетті Таразым – Ақындардың аяулы қаламында! Рухы да бар ғарыштан келген, Батыр ұлдары алысқан белден. Тарих толқыны түгел сайраса, Қарудан емес, намыстан өлген. Бедерінде махаббат дастаны, Ерлікті сүйген, қоя сап басқаны. Қараханның қамалындай алып, Дәуір деміндегі сезім асқағы. Тарпаң тектілікпен сайраған дала, Тасыса да төкпейді нала. Жұлдызы жарық Таразым маған, Тірі тарихтай болмысы дара! Таразым нұрлы жұлдыздан жарық, Төсіне сыйғызған әртүрлі алып. Кісінеп тұрар келбетінде өлең, Дүниеде ғаріп... ТЕҢДІК ҮНІ Қанды жебе қадалған Тұран дала, Соқтықпалы жолдары тұрған дара. Дауалаған жүректер мен тәуекелдің, Бүгінгі сарқыншағы өзің ғана. Қойныңда жатыр білем көп қасірет, Ғасырға сіңген үн бар «тоқташы» деп. Теңдік үшін қан мен жас пора болған, Жабысқанда жат елдің ноқтасы кеп. Еске түссе езіліп, жылар ішің, Ал, еркіндік – бүгінде қуанышың. Қаншама шейіт болған батырлар бар, Қазіргі қазағымның тұрағы үшін. Қарғып өткен қаншама егестерден, Болашағы байланысты белестермен Алты Алаштың айбыны әлі де асқақ, Жігері құм емес-ті белдескеннен. Құндылығы санаған өр намысын, Ізгілікпен астастырған тұнған ісін. Кеудесінде қуаныш ұрпағының, Дүниеде «қазақ» боп туғаны үшін. ІЗДЕУ Адалдықты іздейміз біз өмірден, Күңіреністі жолдардан, мұң көңілден. Тапталған күн сенімдер аяқасты, Құшағында күдіктің түн керілген. Әділдікті іздейміз біз жалғаннан, Күдігіме үміт тұр мың жалғанған. Ізгілікті таппаған күні маған, Бірде-бір жан табылмас шын таңданған. Өр шындықты іздейміз дүниеден, Лайықтылық алайда жиі демен... Сол аңғалдық алыстап кете барды, Сенімдерім жоғалған күйі менен. Арлы адамды іздейміз өзімізден Бал балалық есейген кезімізден. Адалдықтан бәрібір дәмеліміз, Тамған күні бір тамшы көзімізден. Іздеу салып әлдебір алып күшке, Тағы аяқ басамыз қалыпты іске. Жоқ деуге де қимаймыз құдіретті, Жазықтылау сорлы күй жанып іште... НҮКТЕ Сағыныш жүректе жатталған, Сағым жыл жай ғана себебі. Өлеңдер жазықсыз ақталған, О, бәлкім, жылулық керегі. Жаураған сағыныш хаттарын, Жеткізер жауынның тырсылы. Мен қазір құс қайтқан жақтамын, Жолығып қалармыз бір күні. Бір үміт, бір күдік – арпалыс, Сағыныш жай ғана серігім. Бұл көктем тағы да алданыш, Тағы да мен одан жерідім. Күтпеймін күздің де таң нұрын, Уақыттың торына қамалғам. Бостандық бергенше тағдырым, Сағыныш мен үшін жаралған. Қия сап тым тәтті мұңдарды, Сізді енді ешкім де күтпейді. Ол үшін жазғырма жылдарды, Өйткені бір ғұмыр жетпейді. СЕНІМ АКСИОМАСЫ Ақ ұлпа қарлар түсіме енді, Аспаннан жауған дамылсыз. Жанымды сөзсіз түсіне білді, Бұл жолы келіп дауылсыз. Аңсайды бәрі адалдық бағын, Қар үлпегіндей тап-таза. Мына әлемде әділдік барын, Жоққа шығару - нақ жаза! Сенгім келмейді жоқ дегендерге, Тәңіріме шексіз табынып... Себебі мынау көп пенделерде Мейірім жатыр сарылып... Қатігездікке жеңілмесе деп, Құлшылық қылдым жиірек... Арыма ғана енші еселеп, Өлеңімді жаздым жиілеп. Парасаттылыққа шөліркегендер, Алса ғои,̆ шіркін, қанығып! Ал сеніммен жол сілтегендер, Фәниде әлі барын ұқ! Мендік сенімнің мәлім сыналмасы, Мойындама, мейлі, мойында... Өйткені адам – Алла шығармасы, Ізгілігі басым бойында! Ғалия Абылай, жас ақын Тараз қаласы