Руханият

Елдегі жазушының рекшелігі

Елдегі жазушының рекшелігі

Пернебай Дүйсенбинді мен әуелде «Лениншіл жас» газетінде жарияланған мақалалары арқылы сырттай танып, білдім. Бұл осы басылым арқылы қазақ әдебиетіне небір талантты қаламгерлер келіп қосылған, өткен ғасырдың 60-жылдарының аяғы болатын. КазМУ-дің журналистика факультетінде оқитын Пернебай асып кеткенде еңбек адамы туралы очерк жазатын көптің бірі болып қалған жоқ олардың арасында. Ел назарын бірден аударды. Өйткені ол сол болашақ журналистердің кез келгенінің тісі бата бермейтін сурет өнері, живопись жайында жазды. Жай жазған жоқ, біліктілікпен жазды. Әлі есімде, солардың бірі күллі Кеңестер одағына аты шыққан өзбекстандық суретші Орал Таңсықбаев туралы еді. Қалың қазақ бұл кісіні біле бермейтін ол кезде. Білсе де өзбек халқының өкілі деп есептейтін. Сондықтан іс жүзінде дарынды қандасымыздың қалың қазағымен қайта қауышуына осы Пернебайдың мақаласының әсері де мол болды.

Хош, студентке мұндай мүмкіндік қалай туды? Енді соған келейік. Сол кезде таланттарды қазақ даласының түкпір-түкпірінен жиып жатқан «Лениншіл жастың» бас редакторы Шерхан Мұртаза сурет салып, әрі сурет өнері туралы мақала жазып жүрген Пернебайды да студент екеніне қарамастан шақыртып алады. Шақыртып алады да, жас та болса үлкен сенім артып, Орал Таңсықбаев туралы жазып келуі үшін Өзбекстанға сапарға жібереді. Қазір ойлап қарасам, небір болашақ ақын, жазушы, сыншы ғалымдарды жиған Шерағаң солардың қатарын өнер саласына бейім қаламгермен де толықтырғысы келген-ау? Пернебай осылай қалың қазақ оқитын «Лениншіл жас» арқылы оқырман айдынына өзгелерге ұқсамайтын дара желкенімен шығып еді. Оның сол мақалаларынан қаламгерлік қуаты мен интеллектісі мол екендігі де менмұндалап тұрды. Бірақ ол көп ұзамай жастар газетінен көрінбей кетті. Кейін білдік, отбасы жағдайымен ауылына, Сарысу ауданындағы Жайылма кеңшарына оралыпты. Сөйтіп, мамандығын өзгертіп, мектепке мұғалім болып кіріпті. Кім біледі, егер ол Алматыда қалғанында өз курстастары Ақселеу Сейдімбек немесе Қадірбек Сегізбай секілді кең танымал қаламгер болуы мүмкін еді. Қанша дегенмен шетінен «сен тұр, мен атайын» деген орта ышқындырады ғой. Содан соң астаналық қаламгерлердің кітап шығару және сол шығарған кітабын насихаттау мүмкіндігі де мол. Республика аралайтындар да солар. Мәскеуге барып, одақтық жиындардан ой түйіп қайтатындар да солар. Ал ауыл мұғалімінде мұндай мүмкіндіктің бірі де жоқ. Дегенмен Пернебай ауылда тұрса да бір жазушыдай-ақ еңбек етіп, әдеби бәйгелерді көп жеңіп алған қаламгердің бірі болды. Тек «Жалын» бәйгесінің төрт дүркін жүлдегері атануы – соның ай­ғағы. Бірақ енді қызмет етіп жатқан ортасына сай ба­ла­лар әдебиетінің шотын шауып кеткен-ді ол. Бір өкініштісі, балалар әдебиетінде не болып, не қойып жатқанынан ересектер көбінесе хабарсыз қаламыз, өйткені оның жайы ересектерге арналған баспасөзде мүлдем насихатталмайды десе болады. Тіпті – сыншылардың назарына да іліге бермейді. Пернебайдың өз тұстастарынан кем жазбаса да кемшін танылуының басты себебінің бірі – осы елде тұруымен бірге, ересектердің өрісінен бөлектеу еңбек етуінде. Мен бұл мысалдарды Дүйсенбиннің насихаты кем болса да қазақ әдебиетінде өзіндік үлесін қосқан қабырғалы қаламгер екенін дәлелдеу үшін келтіріп отырмын. Бұл үлес кейде қаламгердің атақ-даңқымен сәйкес келе бермейді. Әр таудың өз сұлулығы, өз өрнегі, өзіндік эстетикасы бар. Сондықтан да көркем шығармаларының сапасын жазушының атағымен өлшеу онша дәл келе бермейді. Өйткені бұндайда қаламгердің қайраткерлігі мен саясаткерлігіне басымдық беріліп кететін жағдай болып тұрады. Ал жазушы шеберлігі жағынан келетін болсақ, шын жазушы бірін-бірі көп жібере қоймайды. Бәрі суреткер болғандықтан да жазушы ретінде мойындалады. Алайда «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, оларды оздыратын суреттің өзі емес, сол арқылы айтып отырған ойы, ашып отырған жаңалығы, әдебиетке алып келген тың кейіпкері. Қанша шеберлікпен суреттесең де соны ойың болмаса, «көз үйренген күнделікті қу өмір ғой бұл» дейді де қоя салады оқырман. Тіпті аяғына дейін оқымауы да мүмкін. Ал жаңа кейіпкер алып келсе, ой айта алса, әрі сол ойлары оқырманның көкейіндегісін дөп басып, жандүниесін баурай алса, жазушылардың бірінен бірінің мойнын оздыратын жағдай осы. Сондықтан да мен Пернебай шығармашылығына осы тұрғыда, яғни көркемдік деңгейі тұрғысында пікір айтсам деймін. Әрине, шама-шарқым жеткенше. Пернебай көп жанрда қалам тартыпты. Оның да өзіндік себебі бар. Ол мектеп мұғалімі болғандықтан оқушыларына не қажет болса, соны жазған сыңайлы. Тіпті кейбір ертегі-жырлардың сахналық нұсқасын шәкірттерінің санасына оңай сіңіру үшін жасағаны көрініп тұр. Тіпті балалар сахнасына арнап өлеңдер де жазған. Суреттер де салған. Бірақ бұл Пернебай драматург, әлде ақын немесе суретші болып кетті деген сөз емес. Есесіне шын ағартушы болуға талпынған деген сөз. Сөйтіп, ол бұл қадамымен ұстаздық та, азаматтық та парызын бар мүмкіндігімен орындағандығын айғақтайды. Ал прозасын шартты түрде үш топқа бөлуге болады. Біріншісі – балалардың өз әлемі, мінезі, өзіне шақ ойы, оғаш көрінгенімен де қызық әрі балаларға ғана жарасатын іс-әрекеттері бар кәдімгі реалистік проза. Бұған, әсіресе, «Кішкентай генералдар» хикаяты жарқын мысал. Автордың бұл шығармасы мол тиражбен қайта-қайта басылып, «Жалынның» жабық бәйгесін бекерге жеңіп алмағанын дәлелдеп-ақ тұр. Автордың оқиғаларды баяндауында да бір сонылық бар. Өзіндік түр ерекшелігі десе де болғандай. Екінші топқа жататындары – хикаят-ертегілер, фантазиялар. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күннің қиял-ғажайыптары. Мен өз басым Пернебайдың бұл топтағы повестерін қазақ балалар әдебиетінің інжу-маржанына баладым. Балалар әдебиетінің інжу-маржаны дегенде әрине, қазақ оқырманы ең алдымен Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» еске түсіреді. Бірақ бұл типтегі шығармалардан Дүйсенбин хикаяттарының мүлдем табиғаты бөлек. Қазақ балалар әдебиетінде бұрын-соңды болмаған туындылар. Өйткені қазақ ертегілері қиял-ғажайыпқа қаншалықты толы болғанымен тап осындай ертегілер тудырған емес. Мұны тудырған жаңа заманның жаңашыл жазушылары. Олар ер жігіттің астындағы атына қанат бітіріп, кілемді ұшырып қана қоймайды. Қазіргі ғылым мен техниканың жетістіктеріне негізделген керемет ұшу аппараттарымен сапар шеккізіп, әлемнің кез келген нүктесінен жылдам хабар алғызады. Сөйтіп, қазақ даласының бір қиырындағы ауыл балалары жер шарының өзге құрлықтағы құрдастарының тағдырына араласады. «Эврироб пен Дәуреннің бастан кешкендері» повесть-фантазиясында дәл солай. Дәурен жаратылыстану пәндерін, оның ішінде, әсіресе, физиканы өте жақсы оқитын қиялшыл бала. Міне, сол қиялшыл балаға ауыл шетіндегі өзен жағасынан өзі «Жас техник» журналынан жиі көретін адам бейнесіне ұқсас бір құрылғы кездеседі. Жай кездеспейді. Дәуреннің көз алдында кейіпкерді атқан қатігез жанның мылтығын қақ бөліп, өзін ізгілік иесі екенін көрсетіп кездеседі. «Сен Робот емессің бе?» деп сұрайды одан Дәурен. «Мен Робот емеспін, бірақ Роботыңнан бір кем емес «Эвриробпын!» деп жауап береді әлгі құрылғы. «Эврироб! Ол не?». «Өзің ойлан! Егер осыны ойлап тапсаң, онда мен сенімен мәңгілік достасамын!» деп жауап береді әлгі. Ғылыми-техникалық жаңалықтарды да оқып, көңіліне тоқып жүрген Дәурен бұл құрылғы «Эврика» және «Робот» сөздерінен құралғанын шешеді де, екеуі тез тіл табысып, бұдан былай «Эвриробты» жауыздық пиғылдарын жүзеге асыруға жұмсағысы келген бұрыңғы иесімен бірлесіп күресуге келіседі. Одан әрі өкінетін қисынды да қызықты фантазияны қызыққан жан өзі оқып алар деген үмітпен біз тәптіштеп баяндап жатпаймыз. Тек, шығарманың екі ерекшелігін атап өтеміз. Оның біріншісі – повесть-фантазияны оқу үстінде автордың білім деңгейінің жоғарылығына риза болып отырасың. Сол заманда да, қазір де ауыл өмірінен аз жазылып жатқан жоқ көркем шығармалар. Бірақ көпшілігінде кейіпкерлерінің ой-өрісі ауылдан ұзап шыға қоймайтын. Әлдебір жалмауыз күшті меңзейтін қасқырмен аңдысып немесе қатал бригадирден өшін ала алмай өзегі өртеніп жататын. Ал, бұл автор алға тартқан жалпы адамзаттық проблемалардың қасында малыңды торыған қасқыр да, жон арқаңнан бірнеше рет қамшымен тартып жіберген бригадир де ештеңе болмай қалады. Адамзатының түбіне жететін әділетсіздіктің төркіні тым тереңде, ал көкжиегі жүйрік қиял ғана жете алатын тым алыста болып шықты. Пернебай жас оқырмандарын міне, соған даярлайды. Повесть жазылған жетпісінші-сексенінші жылдар қазақ жастарының ғылым мен техникаға нағыз сусап жүрген жылдары болатын. Робот дегендерді шетел киноларынан ғана көздері шалғаны болмаса, бүгінгідей қолданыста мүлдем кездестірмеген еді. Соған қарамастан Пернебай техниканың тым дамып кетуі адамзатқа апат әкелуі мүмкін екендігін де ескертеді. Әрі бұл жай құрғақ ескерту емес, қызғылықты сюжетке құрылған ымырасыз күресті көркем бейнелеу арқылы оқушының бойына баппен сіңірілген ескерту. Мен айтып отырған повестің екінші ерекшелігі осы. «Қайсар Қара Қарындаш туралы хикая» және «Ойынпаз ойыншықтар отауында немесе Дәреннің ойыншықтары», «Аяқталмаған аңыз немесе Алдаркөсе туралы хиқаяның жалғасы» повесть-ертегілері де өзіндік жаңалықтары бар шығармалар. Бірақ, оларға арнайы тоқталуға мақала көлемі көтермейді. Тек, оқу барысында келген мына бір ойды айта кеткім келеді. Бұл повесть-ертегілердің барлығы да мультфильм түсіруге немесе қуыршақ спектакльдерін қоюға жұтынып тұрған дүниелер. Егер олардың мамандары автормен бірлесіп жұмыс жасаса қазақ өнері тек ұтқан болар еді. Өкінішке қарай, «Менің атым – Қожадан» басталған бұндай шығармашылық байланыс тереңдемеді. Кеңес үкіметі кезінде оны қазақтың қандай кино түсіретінін Мәскеу шешкенінен көрдік. Енді не жорық? Киношылар мен жазушылар арасында неге тығыз байланыс жоқ? Бұл енді бөлек тақырып болғандықтан одан әрі тереңдемейміз. Тек сол байланыстың болмауынан айналып келгенде қазақ өнері ұтылып жатқаны өте өкінішті. Егер киношылар шетелдің киноларын жаппай тықпалай бермей Пернебай сияқты жазушылардың сұранып тұрған шығармаларын экрандаған болса, біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт идеологияның ықпалына мұншалықты ұшырамас еді-ау деп ойлайсың. Пернебай шығармаларының енді бір парасында екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы және одан кейінгі ауылдар суреттеледі. Бұлар бала көзімен сипатталса да өзіне дейінгі ағаларының шығармаларына да арқау болған өмір болғандықтан көп кейіпкерлері таныс. Мәселен, «Сол бір асу» хикаясындағы қашқын Кертайдың іс-әрекеттері сырт қарағанда бұрын осы тақырыпта жазылған Ш.Айтматовтың, Распутиннің хикаяларымен сарындас болғанымен, шешімі мүлдем бөлек. Демек, оларды қайталады немесе еліктеді деуге еш негіз жоқ. Оның қашқынын билік иелері де, ауыл адамдары да емес, оларға жеткізбей туған жерінің ақ бораны жазалайды. Солай екен. Сатқындыққа туған жерің де төзбейді екен. Бұл шынында да екі қаламгердің бірінің қолынан келе бермейтін айтары өзге әрі ұтқыр шешім. Әрі жазушы өзінің осы көркем шешіміне оқырманын нандырады. Пернебайдың шығармашылығы туралы айтқанда оның шежірешілігіне тоқталмау мүмкін емес. Шежіре – көркем дүние болмағанымен, кез келгеннің қолынан келе бермейтін айрықша сала. Шын шежірешілер мыңнан, миллионнан біреу ғана шығады. Әрі оның да дәреже, деңгейі бар. Мәселен, ата, ру шежіресімен шектелетіндер бар да, тайпа, халық деңгейіндегі шежірешілерге дейін көтерілгендер бар. Ондай шежірешілер тіпті аз. Пернебай сол аздың бірі. Әрі ол жай ата-атаға таратып, аты-жөндерін тізіп шығумен шектелмейді. Ел тарихын, сол елден шыққан сөз ұстап, қол бастаған тұлғалары туралы көптеген деректер келтіріп отырады. Ел ішіндегі көнекөз, құймақұлақ, шежіре қарттардың айтқан естеліктерін де қосып отырады. Сондықтан да оның «Үркердей болып көшкен жұрт», «Сарысунама» және басқа шежіре кітаптары болашақ ұрпақтар үшін нағыз таптырмас дереккөздер болып табылады. Дереккөздері демекші, екінші дүниежүзілік соғыс­та Кеңес одағының батыры атағын алғандардың толық тізімін жасап, олардың өмірбаяндарын да бір ізге түсірген осы Пернебай еді-ау. Ұстаздық борышын өтеуден туған бұл жинақ қайта-қайта басылым көрді. Өйткені керек. Әсіресе мектеп оқушыларына таптырмас құрал. Ана бір жылдары облыстық «Ақ жол» газетінің жанынан «Алтын шырақ» атты мектеп оқушыларына арналған ғылыми-техникалық журнал шығып тұрды. Оның сапалы шығуына Пернебайдың қосқан үлесі көп болды. Өйткені Пернебай мектеп оқушыларына не керек екенін біліп жазды. Қай тақырыпқа қалам тартса да тартымды, қызықты ете алды. Оның бір еңбегінен мектеп мұғаліміне тән дәлдікпен сирек жазылған деректерді кездестіресің, екінші еңбегінен оқушысының қиялына қанат бітіретін небір қиял-ғажайыптарға ұшырап қайран қаласың. Елдегі Пернебайдың өзге қаламгерлерден ерекшелігі – осы. Елен Әлімжан, жазушы, драматург