Цифрлық Қазақстан

КҮН САЙЫН ЦИФРЛЫҚ БАНКИНГПЕН 21,3 МИЛЛИОННАН АСА ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛАДЫ

КҮН САЙЫН ЦИФРЛЫҚ БАНКИНГПЕН 21,3 МИЛЛИОННАН АСА ОПЕРАЦИЯ ЖАСАЛАДЫ

Қазақстандықтар күн сайын цифрлық банкинг арқылы 21,3 миллионнан аса операция жүргізеді екен. Қазақстанның төлем карточкалары нарығы өсу динамикасын көрсетіп келеді. Ұлттық банк дерегінше, 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан банктері шығарған төлем карточкаларымен 73,5 триллион теңгеге 5,4 миллиард операция жүргізілген.

Қолма-қол ақшасыз операциялардың да көлемі өскені байқалады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жеке тұлғалар Қазақстан эмитенттерінің төлем карточкаларымен қолма-қол ақшасыз 62,8 триллион теңгеге 5,3 миллиард операция жүргізіпті. Бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 1,4 есе артық. Қолма-қол ақшаны шешіп алу операцияларының саны 2022 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7,6 пайызға азайыпты. Қолма-қол ақшасыз операциялар жүргізуде интернет-банкинг пен мобильді-банкинг – қазақстандықтар арасында өте жоғары сұранысқа ие тәсіл. Қолма-қол ақшасыз он операцияның тоғызы онлайн режимде жүзеге асырылады. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында қолма-қол ақшасыз операциялардың жалпы құрылымындағы онлайн операциялардың үлесі саны жағынан 73,5 пайыз, ал көлемі жағынан 85,8 пайыз болған. Күн сайын цифрлық банкинг арқылы орта есеппен 297,7 миллиард теңгеден аса сомаға 21,3 миллионнан көп операция жүргізіледі екен. 2023 жылғы 1 шілдедегі деректер бойынша, белсенді төлем карточкаларының жалпы саны – 36,4 миллион бірлік (2022 жылғы маусым айымен салыстырғанда 20,4 пайызға көп). Тауарлар мен қызметтерге ақы төлеу инфрақұрылымы едәуір кеңейген. Төлеуге төлем карточкаларын қабылдайтын сауда кәсіпорындарының саны 1,8 есе өскен (2023 жылғы маусым айында – 702 482 кәсіпорын). Кәсіпкерлердегі және банктердегі POS-терминалдардың саны 1,4 есе өсіп, 934,1 мыңға жетіпті. Нарықтағы 90,7 пайыз POS-терминал QR-кодты пайдалану арқылы төлем жасау функциясын қолдайды.