Бұқаралық спортты дамыту – басты назарда
Бұқаралық спортты дамыту – басты назарда
Жиында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметов баяндама жасады. Басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыста денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 482,7 мың адамға жеткен. Бүгінде бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беру, облыс тұрғындарын денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту мақсатында облыста 272 штат бірлігі енгізілген. Оның ішінде 226 штат облыс аудандарында. Облыстағы 153 ауылдық округ толықтай спорт нұсқаушыларымен қамтылған. – Облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласы әкімдіктерінің денешынықтыру және спорт бөлімі жанынан бұқаралық-спорттық шараларды өткізу орталықтары ашылған. Нәтижесінде қазіргі таңда шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны ұлғайып, сапасы артты және қатысушылар да көбейді. Бұл өз кезегінде облыста бұқаралық спорттың дамуына ықпал етіп отыр. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданында «Балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы клубы» ашылды. Облыстың 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары мен «Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасының іс-шаралар жоспарына сәйкес биыл Қордай, Байзақ және Талас аудандарында да «Балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы клубы» ашылуы тиіс. Алайда әзірге бұл мәселе шешімін таппай отыр. Жыл басынан бері облыс бойынша салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 2 009 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, аталған іс-шараларға 140,9 мың адам қатысты. Жыл соңына дейін «Silk Way Taraz» бұқаралық велошеруі, спорт мекемелерінің көрмесі, мемлекеттік қызметшілер арасындағы кіші футболдан «JAMBYL QYZMET CUP» облыстық турнирі, «Alash Pride» аралас жекпе-жегінен халықаралық турнир ұйымдастырылады. Батыр Амангелді Имановтың 150 жылдығына орай олимпиадалық жекпе-жек спорт түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектептері арасындағы облыстық турнир өткізілмек. Сондай-ақ Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған бәйге, көкпар секілді ұлттық спорт түрлері бойынша облыстық фестиваль, «Тараз Дуатлон» облыстық турнирі және тағы да басқа спорттық іс-шаралар өткізіледі деп жоспарлануда, – деді Арман Бақытжанұлы. Мемлекеттік спорттық тапсырысты іске асыруға биыл облыстық бюджеттен 1,2 миллиард теңге қарастырылыпты. Нәтижесінде 19 спорт түрі бойынша 4-17 жас аралығындағы 7 059 балалар мен жасөспірімдерді спорттық секциялармен тегін негізде қамтуда. Қазіргі таңда өңірде 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 2022 жылдан өтпелі 14 спорт кешені және жаңадан 9 спорт нысанының құрылысы басталды. Жыл соңына дейін 16 спорт нысаны қолданысқа беріледі. Оның ішінде 10 спорт нысаны аудан әкімдіктерінің теңгеріміне, 6 спорт нысаны басқарма теңгеріміне алынатын болады. Сонымен қатар биыл 38 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланып, осы жылдың І жартыжылдығы бойынша облыста 18 спорт алаңшасы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда облыс бойынша 2 919 спорт нысаны бар. Онда арнайы тұрғындардың спортпен шұғылдану кестесі жасалып, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында және басқарманың, Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінің ресми сайттарында жарияланған. Ал Тараз қаласы мен аудандарда бұқаралық спортты дамытуға жыл басында 322,7 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ Байзақ, Жамбыл, Қордай, Меркі, Сарысу, Талас аудандарында қосымша қаржы қарастырылып, Тараз қаласы мен аудандардағы бұқаралық спортты дамытуға бөлінген қаржы көлемі 75,4 миллион теңгеге артып, 398,1 миллион теңгені құрады. Алайда бұқаралық спортты қаржыландыру көлемі Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында тиісті деңгейде орындалмаған. Аталған басқарма басшысы бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылатын бірқатар маңызды міндеттер жайында да сөз қозғады. Тарқатып айтсақ, Қазақстан Республикасының денешынықтыру мен спорт саласын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес бұқаралық спортты дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында Тараз қаласы аумағында арнайы веложолақтар салу мәселесі қарастырылады. Жыл соңына дейін Қордай, Байзақ және Талас аудандарында «Балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлығы» клубтары ашылады. Биылға құрылысы жоспарланған 38 заманауи спорт алаңшаларының құрылысы аяқталады. Сонымен бірге Меркі, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында бұқаралық спортты қаржыландыру көлемін арттыру мәселесі де өз шешімін табады. Баяндамашының есебінен кейін Нұржан Молдиярұлы басқарма басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. – Бұқаралық спортты дамыту басты назарда болуы тиіс. Баяндамаңызда айтылған құрылысы жүріп жатқан спорт кешендерінің барлығы тұрғындар үшін тегін болуы керек. Спорт нысандарын жалға беріп, оны ел өз игілігіне пайдалана алмайтындай мәселе шықпауы тиіс. Спорт кешендері толықтай халық үшін. Сондықтан жаңадан бой көтерген нысандардан штат ашып, спорт үйірмесіне қатысам деушілерге тегін қызмет көрсетілуі қажет. Өздеріңіз білесіздер, өткен жексенбіде үлкен спорттық іс-шара ұйымдастырылды. Ал мамыр айының соңында Таразда жазғы Спартакиаданың ашылуы өтті. Осы іс-шараларға тұрғындардың көптеп жиналуы, үлкен қызығушылықпен тамашалауы, ондағы атмосфера маған қатты ұнады. Сондықтан мұндай іс-шараларды жиі өткізіп тұрған жөн. Бала күнімізде мектептер, қала берді аудан болып жарысып футбол, волейбол, баскетбол секілді ойын түрлерінен турнир өткізілетін. Аудан арасынан озып шыққан команда облыстағы турнирге қатысып, сонда марапатталатын. Қазір ондай турнирлердің өтіп жатқанын байқамайсың. Облыста ардагерлер, мемлекеттік қызметшілер, кейбір мекемелер ғана спартакиада өткізіп тұрады. Осы істі қолға алу керек. Облыс аумағындағы мектептердің денешынықтыру пәні мұғалімдерінен бастап, басқарма басшысына дейін бұл мәселемен атсалыссын, – деді Н.Молдиярұлы. Сондай-ақ жиында Меркі ауданында облыс әкімі тапсырмаларының орындалуы бойынша инспекторлардың есебі тыңдалды. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru