Жаңалықтар

Сотты болғандар сурет салудан сынға түсті

Сотты болғандар сурет салудан сынға түсті

Жамбыл облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынысты №26 түзеу мекемесінде мәдени-спорттық шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылуда. Мәселен, дәл осы мекемедегі жазасын өтеушілер арасында «Менің отбасым» тақырыбында шығармашылық байқау өтті. Бұл күні сот шешімімен кінәлі деп танылып, темір торға тоғытылған азаматтар өз армандарын қағаз бетіне түсірді. Айта кетейік, сотты болғандардың қоғамға тез бейімделуіне олардың отбасымен тығыз қарым-қатынаста болуы зор септігін тигізеді. Бұл тұрғыда мекеме қызметкерлері арнайы контингент өкілдерінің туған-туыстарымен байланыс орнатып, екі жақты қарым-қатынастарының нығаюына күш салуда. Жалпы, жазасын өтеушілердің шығармашылық жұмысын мекеме қызметкерлері бағалайды. Тәртіп сақшыларының сөзінше, үздік туындыны анықтау оңайға соқпаған. Әсіресе, кейбір сотталғандардың шеберлігі кәсіби суретшілерден кем емес көрінеді. Десе де, жарыс болған соң жеңімпаз болары тағы анық. - Еркін өмірде жүргенде де қолым қалт еткенде қылқаламға әуестігім болатын. Шын мәнінде, сурет салу арқылы жан-дүнием тынышталады. Ішкі сырымды қағаз бетіне түсіруге асығатыным сондықтан. Бүгінгі іс-шараның біз үшін маңызы зор. Бұл жолы өз отбасымның суретін салдым. Жазамды өтеп, бостандыққа шыққан соң, ұл-қызыма дұрыс тәрбие беруге ниеттімін, - дейді жазасын өтеушінің бірі.