Жамбыл жаңалықтары

Қордайда шешімін тапқан мәселе көп

Қордайда шешімін тапқан мәселе көп

Облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында Қордай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштеріне арналған брифинг өтті. Онда аудан әкімі Мәден Мұсаев өңірдің бүгінгі өркендеуі мен әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның айтуынша, соңғы бес айдың қорытындысына сәйкес ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында оң серпін байқалған. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тағы басқа салаларда өсім сақталған.

Аудан негізінен ауыл шаруашылығы саласымен айналысады. Бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіптік өндірісті дамыту мақсатында аталған салада тиімді шаралар қабылданған. Жалпы аудан бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 609 мың 175 гектарды құрайды. Егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру мақсатында биыл 131860 гектар жерге дақылдарды орналастыру жоспарланса, нақты 131 860 гектар жерге дақылдар орналастырылып, жоспар 100 пайызға орындалған. Мал шаруашылығы да жақсы дамып, төрт түлік басы көбеюде. Өндірілген ет көлемі (тірі салмақта) – 5153 тонна, сүт – 26251 тонна және жұмыртқа – 5942,1 мың дана. Биылғы қаңтар-мамыр айларында 386,6 миллион теңгеге барлығы 22 техника алынды. Аймақта жыл басынан бері пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі 18,3 мың шаршы метрді құрады. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж азаматтар ретінде 2 237 тұрғын кезекке тіркелген. Биыл осы кезекті 357-ге азайту жоспарланып отыр. Әкімнің айтуынша 2022-2023 жылдары бес елді мекенді газдандыру мақсатында екі жобаға 888,8 миллион теңге қарастырылып, құрылыс жұмыстары басталып та кеткен. – Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту мақсатындағы жұмыстар кезең-кезеңімен шешілуде. Отыз екі елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтамасыз етіліп, қамту үлесі 78 пайызға жетті, – деді Мәден Тоқтарбайұлы. Спикер «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы 337 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеді. Мәден Тоқтарбайұлы 2022 жылға «Дипломмен ауылға» бағдарлама бойынша тұрғын үй сатып алуға республикалық трансферттен 24 маманға 110 268 мың теңге және аудандық бюджеттен көтерме жәрдемақы әлеуметтік қолдау шараларына 80 маманға 24 504 мың теңге қаражат бөлінгенін атап өтті. Сонымен қатар 67 маман 20 522,1 мың теңгеге көтерме жәрдемақы алған. Ауданның қазіргі тыныс-тіршілігінен хабардар етіп, алда әлі талай міндеттің тұрғанын және оны орындап, іске асыруда барынша күш жұмсалатынын айтқан Мәден Мұсаев соңында журналистер сұрағына жауап берді.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ