КӨПІРЛЕРДІҢ ДЕ ЦИФРЛЫҚ БАЗАСЫ ҚҰРЫЛАДЫ
КӨПІРЛЕРДІҢ ДЕ ЦИФРЛЫҚ БАЗАСЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Институт сарапшылары бүгінгі таңда бағдарламаның прототипін жасап, негізгі модульдерін анықтап, бекітті. Ақпараттық жүйе интерфейсінің дизайны пысықталуда. Бұдан басқа автомобиль көпірлері мен жол өтпелерінің техникалық жай-күйін бағалау әдістемесі әзірленді. Қазір Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының көпірлерін тексеру нәтижелерін өңдеуде. Жүйеге төрт құрылым енгізілді. Атап айтқанда, Қарқара ауылының жанындағы «Көкпек-Кеген-ТЮП» жолындағы көпір, Сарыжас ауылының жанындағы «Кеген-Нарынқол», Алматы облысы Көктал ауылының жанындағы Есік және Сарыөзек-Көктал ауылының жанындағы «Алматы-Талғар-Бәйдібек би». Жылдың соңына дейін базаға алғашқы 20 көпірді енгізу жоспарланып отыр. «Қазақстанда республикалық маңызы бар жолдарда барлығы 1 500 мыңға жуық көпір құрылымы бар. Олардың барлығы кейіннен цифрландырылады. Алайда біздің басты міндетіміз – жыл соңына дейін толық жұмыс істейтін жүйені құру. Сондықтан әзірге түсінікті болу үшін тек 20 көпірді енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл бізге бағдарламаның алгоритмдерімен және нақты мысалдармен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Жүйе дайын болғаннан кейін сарапшылар жүйені қалған көпірлермен толықтыра бастайды. Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесін 2023 жылдың желтоқсанында тәжірибелік тұрғыда пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз», деді Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының Автожолдар және көпір құрылыстары департаментінің бас маманы Қайсар Шалқар. Айта кетерлігі, қазақстандық көпірлер, жолайрықтары және автомобиль мен теміржол жолдары арқылы өтетін жол өткелдері туралы деректер әлі күнге дейін мемлекеттік органдарда қағаз құжаттарда сақталады. Бұл өз кезегінде стратегиялық жол объектілерін зерттеуді, жөндеуді, жаңғыртуды, реконструкциялауды және олардың құрылысын жоспарлау және жүргізуді қиындатады. Көпірлердің цифрлық базасын құру кезінде мамандар Дания, Финляндия, Германия, Норвегия, Оңтүстік Африка, Швеция, Швейцария және Ұлыбританияның тәжірибесіне сүйенген. Көпірлерді пайдалануды басқару жүйесі – бұл құрылыстар туралы өзекті электрондық мәліметтерді, соның ішінде әрбір объектінің паспорттық деректерін және олардың ағымдағы жай-күйін тексеру нәтижелерін жинайтын заманауи ақпараттық жүйе. Жоба шеңберінде дрондардың көмегімен республикалық маңызы бар автожолдардағы барлық көпір құрылысы мен жол өтпелері цифрландырылады. Деректер Көлік және жол құрылысы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға, жобалау және жол-құрылыс ұйымдарының қызметкерлеріне жасанды құрылыстардың бірыңғай базасының сайтында қолжетімді болады. Аталған жүйе пайдаланушыларға белгілі бір объект туралы қажетті деректерді тез табуға, сондай-ақ көпірлер мен өткелдерді күтіп-ұстау бойынша есептер мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, уақытылы және тұрақты диагностика, сонымен бірге бақылау мен талдау ақауларды ерте анықтауға және жоюға мүмкіндік береді. Осылайша көпірлер мен басқа объектілерді күтіп-ұстау шығындарының айтарлықтай төмендеуіне қол жеткізуге болады.