БИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ БЕРЕРІ КӨП
БИЛЕР КЕҢЕСІНІҢ БЕРЕРІ КӨП
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дау-дамайларды шешудің баламалық тәсілдерін дамыту қажеттігін айтып, нақты міндеттер жүктеген болатын. Осы орайда қоғамда орын алған келіспеушіліктерді сотқа дейін жеткізбей шешу мақсатында облыстық соттың бастамасымен біраз жұмыс атқарылуда. Бұл тұрғыда 2019 жылдан облыста құрылған билер кеңесінің оң нәтиже көрсетіп отырғанын айтуымыз керек. Қазыналы қариялар аз ғана уақыт ішінде даулы мәселелерді сотқа жеткізбей-ақ шешіп, адамдар арасында өзара тату қарым-қатынастың қалыпты сақталуына игі әсерін тигізуде. Бүгінде облыстық соттың ғимаратында және барлық қала, аудан соттарында билер кеңесінің кабинеттері ашылып, барлық әдістемелік құралдармен жабдықталған. Әр аудан орталығында 5 адамнан тұратын «Билер кеңесі» құрылған. Сонымен қатар ауданның әрбір ауылдық округінде билер бөлмелері ашылған. Қала, аудан соттарында билердің қатысуымен әрбір талап-арыз, азаматтық істер бойынша медиация немесе бітімгершілік тәртібімен шешу тәжірибесі қалыптасқан. Билер кеңесі «Отбасылық сот» пилоттық жобасының іске асырылуына да белсенді ықпал етіп, отбасылық дауларды сотта немесе соттан тыс реттеу бойынша айтарлықтай көмек көрсетіп келеді. Сондай-ақ медиация институтын дамыту, қоғамда келісім, адам құқықтарын құрметтеу, заң үстемдігін сақтау мәселесін халыққа түсіндіру жұмыстарына да аянбай атсалысып келеді. Осындай оңды істерімен ерекшеленген облыс билері өзге аймақтарға үлгі болып отыр. Оған өткен жылдың қараша айында Тараз қаласындағы Ардагерлер үйінде өткен «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің екі күнге созылған көшпелі кеңесінде тағы бір мәрте көз жеткіздік. Басқосуда Орталық кеңестің 2019 жылы қабылдаған «Дәнекер» жобасының «Қоғамдық келісімді және жалпыұлттық бірлікті нығайту» бағытында біршама үлкен нәтижелерге жол ашқаны айтылды. Орталық кеңес төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов осы жобаның қатысушыларының ішінде облыс ардагерлерінің, билерінің қосқан еңбегі орасан екенін ерекше атап өтті. Өз кезегінде облыстық ардагерлер кеңесі жанындағы билер кеңесінің төрағасы әрі «Дәнекер» жобасының облыстағы үйлестірушісі Оңласын Есіркепов билер кеңесінің Жамбыл облысы сотымен бірқатар жұмыстар атқарып, үлкен нәтижеге жеткенін де баяндады. Орталық кеңес төралқасының қаулысы бойынша, Жамбыл облысының «Дәнекер» жобасындағы оң тәжірибелері республика көлемінде барлық филиалдарға үлгі ретінде таратылатын болды. Бұдан бөлек былтыр облыстық соттың ұйымдастыруымен республикалық медиторлар қауымдастығы заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Нұрбала Оразқұлова «Медиация негіздері» тақырыбында семинар өткізіп, дәріс оқыды. Облысымыздың 120 беделді азаматына «Қоғамдық медиатор» сертификаттары берілді. Сөз соңында Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің салып кеткен сара жолын жаңғырта отырып, бүгінгі Әділетті Қазақстанның экономикалық, мәдени, әлеуметтік дамуына билер кеңесінің қосатын үлесі зор деп айта аламын.
Дәулет ТАСЫБАЕВ, облыстық соттың судьясы