Кәсіп

ТАБЫС – ТАБАНДЫЛЫҚТА

ТАБЫС – ТАБАНДЫЛЫҚТА

Қордай ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Темірхан Сқақов «Өз өміріңде ешкімнен көмек күтпе, әрекет ет, қиындыққа мойынсынба» деген ұстаныммен келеді. Иә, ол әлі жас, өмірі алда, дегенмен оның құлшынысы, жігері және жетістікке жетсем деген ұмтылысы көп нәрсені байқатқандай.

Жігіт небәрі 21 жаста болса да заман ағымына ілесуге тырысады, нарықты зерттейді, айналасында болып жатқан барлық нәрселерге қызығушылық танытады. Темірхан жастайынан еңбекке дағдыланған, бағын сан салада сынап көрген. Жанына жақын кәсібін табу арманы оны дизайнерлік өнер әлеміне әкелді. Алғашында графикалық дизайнмен айналысатын ағасын ұзақ бақылап жүрді. Ұнады және өзі де үйренді. Қазір Темірханның шағын жеке кәсібі бар. Кәсіпкер логотип жасаумен, дизайнмен, плакаттар, баннерлер, кәдесыйлар, сыйлық пакеттерін жасаумен айналысады. – Ең қиыны – басын бастау. Менде дизайнмен айналысуға деген жалынды ниеттен басқа ештеңе болмады. Сөйтіп, ескі компьютерді жинақтап, принтер сатып алдым, менің өмірімнің жаңа тарауы осылай басталды, – дейді күлімдеп Темірхан. Кәсіпкердің айтуынша, алғашқы кезеңде туыстары мен достарының қолдауы зор көмек болды. Қазір арнайы логотипі бар сөмкелер шығаратын шағын цехта достары көмектеседі. Жас кәсіпкер бірте-бірте ірі қалалардың базарларына шыға бастады. Бизнес қарқын ала бастағанда цех қуаты жетпей қалды. Кеңейту қажет, ал оған қаражат керек. Міне, осы тұста оған мемлекеттік бағдарламаның көмегі тиді. Темірхан «Бастау Бизнес» жобасы аясында («Еңбек» бағдарламасының құрамдас бөліктерінің бірі) оқып алды. Жобаның мақсаты – ниет білдіргендерді кәсіпкерлік негіздеріне үйрету, одан кейін өз ісін бастауын қаржыландыру. Жасыратыны жоқ, өтеусіз грантқа ие болу үшін жас жігітке тынымсыз еңбек етуге тура келді. – Оқудың өзі де оңай болған жоқ. Әр сабақтан кейін тест тапсырдым, өтпей қалдым, кейде шыдамым жетпей жүрді, қайта тапсырдым. Кейін ойланып, өз алдыма мақсат қойдым да іске жаңаша құлшыныспен кірістім. Сертификат алғаннан кейін бизнес-жоспар әзірледім, құжаттарымды өткізіп, комиссияға келдім. Өте алмадым. Шынымды айтсам, бизнес-жоспарымды аздап жетілдіру керектігін сездім. Бірақ жарты жолда ісімді тастап кететін қасиетім жоқ, сондықтан келесі жолы жақсылап дайындалып келдім, – деп еске алады жас жігіт. Сөйтіп, Темірхан Сқақов өзінің табандылығы мен білімінің арқасында қайтарымсыз грант иегері атанды. Енді ол өндіріске қажетті құрал-жабдықтар мен құрылғы сатып алатын болады. Темірхан дайын өнімді кептіруге арналған үлкен шкаф сатып алуды жоспарлап отыр, бұл жас жігіттің жұмысын әлдеқайда тиімді атқаруға көмектеседі. – Ерте ме, кеш пе, идеямен шабыттанған әрбір кәсіпкер өмір шындығымен бетпе-бет келеді. Бизнесті кеңейту үшін тек ниет жеткіліксіз екен. Мұнда нақты көмек қолы аса қажет болды. Шынымды айтсам, мемлекеттік қолдау алатыныма сенген жоқпын. Енді ары қарай жоспар құрып, іске кірісуім қажет. Клиенттік базаны кеңейту мақсатында жуырда SMM меңгердім. Бұл уақыт талабы. Осылайша пайдамды еселей аламын, – деп есептейді жас кәсіпкер. Алғашқы жеке тауарлық белгісі бар пакет жасатуға көлемді тапсырыс алғаны Темірханның әлі есінде. Қысқа мерзімде 3000 дана жасау керек. Бастапқыда бас тартайын деген ойы болғанын жасырмайды. Алайда тәуекелге бел буып, жеңіске жетті. Темірханның жұмыстан басқа да қызығушылықтары көп. Ол суретке түсіргенді ұнатады, объективтен әлем басқаша болып көрінеді. Ол осылайша шабыттанады. Жақында өзін фотограф ретінде сынап көрді, ағасына түлектерге виньетка жасауға көмектесті. «Мүмкін емес ештеңе жоқ, тек шын ниетпен қалау керек», дейді Темірхан Сқақов. Жас жігітпен сөйлескеннен кейін түсінгеніміз, өмірді сүйетіндер кез келген шыңды бағындырады. Арманға жету жолында ешқандай кедергі жоқ. Ал денсаулығым жоқ, уақыт жоқ, күш жетпейді деген сылтаулар уақытша ғана. Темірханның жолы құрдастарына үлгі боларлықтай. Оның өрлеу тарихы енді ғана басталды, оған ұмтылатын нәрсе бар, нақты жоспар құрылды және ол қиындыққа бой алдырып, бет алған бағытынан бас тартқысы келмейді. Шолпан САБАНОВА, журналист