Кәсіптің көзін тапқан...
Кәсіптің көзін тапқан...
...Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек», деген болатын. Кез келген кәсіпті игеру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелділікті, қолға алған ісіңе деген сүйіспеншілік пен төзімді, табандылықты талап етеді. Сарыкемерлік Гүлнәр Оңғарбайқызы ұстаздықты массажист кәсібіне ауыстырам деп ойламаған көрінеді. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Шелек ауылында дүниеге келген ол 2004-2008 жылдары Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы экономикалық колледжінде оқытушы болып бастайды. Болашақ жары Нұртаспен танысып, жігіттің отбасын құру туралы ұсынысын қабыл алады. Сөйтіп, Байзақ ауданына қарасты Сеңкібай ауылындағы үлкен әулетке келін болып түседі. Мамандығы бойынша Сарыкемер ауылындағы Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінен 7 жылдай дәріс береді. Түрлі жағдайларға байланысты жүрек қалауымен таңдаған мамандығына да қарамастан жаңа кәсіпті бастауға шешім қабылдайды. Шәкәрімнің «Адамның жақсы өмір сүруіне үш сапа негіз бола алады, олар барлығынан басым болатын адал еңбек, мінсіз ақыл, таза жүрек» деген сөзіне сүйене отырып, жаны нәзік болғанымен қайсар ару алдымен мейірбике курсын тәмамдап, ересектерге массаж жасап, тәжірибе жинақтайды. Сосын вакуумдық массаж жасау әдісі қызықтырып, оның қыр-сырын білу үшін Алматы, Тараз қалаларында білікті мамандардың шеберлік дәрістеріне қатысып, білімін жетілдіреді. Тынымсыз ізденістің арқасында хиджама жасау, косметология (бетті тазалау, әрлендіру, дақтарды кетіру) мен вакуумдық массажбен емдеудің құпиясын меңгеріп шығады. 2021 жылы қолдағы бар қаражатымен ісін бастап, бірақ жұмысын кеңейтуге реті келмейді. Сөйтіп, жас кәсіпкер «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алып, бизнес-жоспарын қорғап шығады. Соның нәтижесінде биыл 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грантқа қолы жетіпті. Қажетті массаж аппараттарын сатып алып, «Шипагер» тіс емдеу ғимаратының екінші қабатындағы бөлмені жалға алып, «RAIS» сауықтыру орталығын ашып, кәсібін дөңгелетуде. Вакуумдық массаж денеге, іш құрылысына, арқаға, аяққа, косметологиялық тұрғыда бетке де жасалады екен. Орта есеппен масcаждың 1 сеансының құны 3000 мен 5000 теңгенің аралығында. – Кәсібімді мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау арқылы ұлғайтып отырмын. Енді оны табысты жүргізуге ерен еңбек, табандылықпен қатар, интернет желісінің мүмкіндіктерін пайдаланудамын. «Instagram» желісіндегі парақшамда 6 000-ға жуық оқырманым бар. Бет терісін әрлеу, хиджама жасау, вакуумдық массаж да асқан жауапкершілікті талап етеді. Өйткені балалар мен үлкендердің, нәзікжандылардың денсаулығы – ең маңызды. Қоғамның кейбір осал топтарына жеңілдік жасап, массаж түрін қолжетімді бағада ұсынуға басымдық беріп отырамын. Алдағы уақытта бизнесімді одан ары дамытуды жоспарлап отырмын, – деді жас кәсіпкер. Осылайша «Кәсіптің көзін тапқан – байлықтың өзін табады» демекші, өз ісіне сүйіспеншілікпен қарайтын, бес баланың анасы Гүлнәр Райсованың клиенттері күн санап артып келеді. Гүлшаһар ЕРМҰРАТОВА, Байзақ ауданы