Мемлекеттік тілдің қызмет көрсету саласындағы рөлі
Мемлекеттік тілдің қызмет көрсету саласындағы рөлі
Осы қажеттілікті заңмен міндеттеп, бақылауды күшейтуден бөлек, әр азаматтың тілді үйренуге деген құлшынысын ояту, жағдай туғызу, орта қалыптастыру, патриоттық рухын, сүйіспеншілігін арттыру жағы да бар. Бұл бағытта, яғни тілді үйренуге деген құлшынысты ояту, қажеттілік туғызу күн сайын және тоқтаусыз жүргізілетін жұмыс. Өңірде мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілінде қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы жұмысшы тобы құрылған. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп, қазақ тіліне қатысты заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу бағытында, орын алған жағдайда жедел әрекет ететін түрлі саланың мамандары белсенді жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік тілдің тазалығын, ұлтаралық қатынас тіліне айналуын талап етушілердің қатарында қазақша жақсы сөйлейтін өзге этнос өкілдерінің болуы – қазақ тілінің ұлтты ұйыстырушы рөлін еселей түсері анық. Биыл ірі сауда орындары мен шағын және орта бизнес саласында, яғни азаматтар жаппай баратын нысандарда тілдік наразылыққа жол бермеу және халыққа мемлекеттік тілде қажетті әрі сапалы қызметтер көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында аудандар мен Тараз қаласында семинарлар, «Қазақша сөйлесейік», «Менімен қазақша сөйлес!» акцияларын ұйымдастырдық. Осы тұста айта кету керек, бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – бақылау-касса машиналары арқылы берілетін түбіртектердің мемлекеттік тілде басып шығарылуы. Бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты деп айта алмаймыз. Себебі өңірлердегі сауда нүктелерінде, банктер, әуежайлар мен қоғамдық орындарда (асхана, дәмхана, мейрамхана, дәріхана, театр, кинотеатрлар және т.б.) бақылау-касса машиналары арқылы берілетін түбіртек әлі де орыс тілінде басып шығарылады. Негізінен бақылау-касса машиналары модельдерін мемлекеттік тізілімге енгізу Қағидасының бақылау-касса машиналарының техникалық талаптарына сәйкес бақылау-касса машиналарын басуға және индикациялауға шығарылатын ақпарат, клавиатурадағы белгілеулер және ақпаратты тіркеу мемлекеттік немесе орыс тілдерінде болуы тиіс. Мемлекеттік тізілімге енгізілген барлық бақылау-касса машиналары модельдері техникалық талаптарға сәйкес және мемлекеттік тілге ауыстыру функциясы жұмыс істейді. Облыс бойынша елу мыңға жуық бақылау-касса машинасы тіркелген. Осыған байланысты облыстық кірістер және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттерінің, кәсіпкерлер палатасының жауапты мамандарымен бірлесе отырып, заң талаптарына сәйкес кез келген азамат мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ету құқығына ие екенін кәсіпкерлер мен сауда орындарында мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді, әсіресе түбіртектерді қазақша басып шығару қажеттілігі түсіндірілді. Нәтижесі де бар. Атап айтқанда, Тараз қаласының орталығында орналасқан «Бауырдақ» мейрамханасында тағам атауы мен қызмет түрлері ас мәзірінде де, ұсынылатын түбіртекте де қазақ тілінде. Яғни мүмкіндік бар. Ендеше оны жүзеге асыру қажет. Бақылау-касса машиналарының қызметін қамтамасыз ететін «Оргтех» орталығының қызметкерлерімен бірге бақылау-касса машиналары модельдерінде техникалық талаптарға сәйкес мемлекеттік тілге ауыстыру функциясы түсіндірілген бейнеролик әзірленіп, кәсіпкерлерге ұсынылды. Тағы бір мәселе, жеке нотариустар мен нотариаттық iс-әрекеттердi жасау кезінде құжаттарды мемлекеттік тілде ұсыну қызметі. Бұл бағыттағы жұмыс біздің өңірде жолға қойылған деп айтуға болады. Облыстық нотариаттық палатасымен бірлесіп, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау кезінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Нотариат туралы» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарының талаптарын сақтау, басымдылықты барынша мемлекеттік тілге беру, жеке тұлғалардың тіл таңдау құқықтарын шектеуге жол бермеу мақсатында 10 аудан мен Тараз қаласында «Менімен қазақша сөйлес!» акциясы өтті. Азаматтарға мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында облыс бойынша тіркеуден өткен 200-ге жуық нотариусқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудандар мен Тараз қаласының, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының, облыстық әділет және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің, кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан Ұлттық банкі облыстық филиалының жауапты мамандарының қатысуымен «Нотариаттық іс-әрекет жасаудағы мемлекеттік тілдің рөлі», «Мемлекеттік тіл – қызмет көрсету тілі», «Мемлекеттік тіл – қызмет тілі» тақырыптарында семинар-тренинг өткізілді. Тұтынушылардың нотариатты іс-әрекеттерді қазақ тілінде рәсімдеп, мемлекеттік тілде қызмет талап етуін қамтамасыз ету мақсатында «Тұтынушылардың назарына» тақырыбында әзірленген бейнеролик пен таратпа материалдары әлеуметтік желілерде, қоғамдық орындарда, БАҚ-тарда таратылып, қоғамдық көліктер мен аялдамаларда ілінді. Нәтижесінде Жамбыл облысының нотариаттық палатасының жанынан мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыратын арнайы жұмысшы топ құрылды. Топқа облыстық нотариаттар палатасы басқармасының мүшесі жетекшілік жасайды. Облыстағы нотариаттық іс-әрекеттердің мемлекеттік тілдегі үлесін, қазақ тілін оқу курстарына қатысатын нотариустардың санын, нотариаттық іс-әрекеттерді мемлекеттік тілде жүргізуге бағытталған іс-шаралар сапасын арттыру туралы жоспар жасалды. Нотариаттық іс-әрекеттердің қазақ тіліндегі қалыптастырылған үлгілері барлық нотариустарға қолжетімді болу үшін облыстық нотариаттар палатасының бірыңғай базасына орналастырылды. Жалпы тұтынушы қажеттілігіне қарай нотариаттық іс-әрекетін мемлекеттік тілде жүргізуін талап еткен жағдайда еш кедергісіз жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Сонымен қатар тамақтану орындары мен қоғамдық көліктерде де мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында түрлі деңгейдегі іс-шаралар жүргізіліп, түсіндіру шаралары өткізілді. Осы тұста айта кету керек, тұтынушы ретінде әрбір азамат кез келген қызметті мемлекеттік тілде көрсетілуін талап ете алатындығын. Егер талабы орындалмаған жағдайда құқық қорғау органдарына шағымдануға болады. Сондықтан мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтуге атсалысуды әр азамат өзінен бастау керек. Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілін меңгерумен қатар, іс-қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру – бүгінгі күннің өткір мәселесі, заман талабы. Әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіруі де ел экономикасымен қатар, әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде мемлекеттік тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлуіміз керек. Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы тарапынан облыс бойынша мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының қазақ тіліндегі үлесіне тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отырады. Бүгінгі күні облыс бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 99,6 пайызды құрап отыр. Алайда өңірдегі жеке сектор, банк жүйесі мен құқық қорғау органдарында іс-құжаттарының басым бөлігі орыс тілінде жүргізілетіндігі жасырын емес. Облыстағы барлық екінші деңгейлі банктерде құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуін, мемлекеттік мекемелердің талап-арыздар мен басқа да тиісті құжаттарды сотқа мемлекеттік тілде берілуін қамтамасыз ету мақсатында ҚР Ұлттық банкінің облыстық филиалында «Банк жүйесіндегі мемлекеттік тілдің ахуалы» тақырыбында семинар, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында «Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің үлесін арттыру» атты кездесу өтті. Мөлдір АХМЕТОВА, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы