ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ВАРИАТИВТІ ПӘН РЕТІНДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ
ҚАЗАҚ КҮРЕСІ ВАРИАТИВТІ ПӘН РЕТІНДЕ ОҚЫТЫЛАДЫ
Ұлттық спорт түрін пән ретінде оқыту ең алғаш рет 2021 жылы Астана қаласындағы мектептерде апробациядан өткен болатын. Сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептерімен бірге 2020-2021 оқу жылына арналған қазақ күресін дамыту жөніндегі іс-шаралардың бірлескен жоспары әзірленіп, жүзеге асырылды. Пилоттық жоба тиімділігін дәлелдеп, жақсы нәтиже көрсеткен. Нәтижесінде бүгінде Астананың 28 мектебінде қазақ күресі вариативті пән ретінде оқытылмақ. Айта кету керек, елімізде қазақ күресімен жүйелі түрде айналысатын отандастарымыздың саны 159 мыңға жеткен. Бүгінгі таңда 4 427 қазақ күресі үйірмесі жұмыс істейді. Мәдениет және спорт министрлігі ұлттық спорт түрін дамыту бағытындағы кешенді жұмыстарының нәтижесінде көрсеткішті одан әрі арттыруға ниетті. «Қазақ күресі әсіресе аудандарда, ауылдарда қарқынды дамып жатыр. Себебі бұл шығыны аз, көпшілік үшін қолжетімді спорт түрі саналады. Бірақ біз қала жастарын да ұлттық спорт түріне баулу мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Қазақ күресіне тек күрес түрі ғана емес, жастарымыздың жігіттік болмысын қалыптастыратын тәрбие құралы ретінде қарау керек. Осы орайда ұлттық спорт түрін мектеп бағдарламасына енгізудің маңызы өте жоғары», дейді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және денешынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов.