АСУДЫҢ UFC-тегі АЛҒАШҚЫ АСУЫ
АСУДЫҢ UFC-тегі АЛҒАШҚЫ АСУЫ
2023 жылдың сәуір айында «Zulfikhar» лақап атымен танымал Асу Алмабаев UFC-пен келісімшартқа отырған болатын. Келісімшартқа сәйкес жуырда жерлеміз АҚШ-тың Нэшвилл қаласында ұйымдастырылған UFC турнирінің алдын ала кардында отандасымыз америкалық Оде Осборнмен кездесті. Аса тартысты өткен айқастың екінші раундында отандасымыз қарсыласын қылғындыру әдісімен тізе бүктіріп, UFC әлеміндегі алғашқы жеңісін тойлады. Бұл – Асудың UFC-тегі тырнақалды табысы болса, ММА-дағы 14-жеңісі. Сондай-ақ Асу Алмабаев айқасын мерзімінен бұрын аяқтағаны үшін UFC тарапынан қосымша 50 мың доллар көлеміндегі сыйақыға ие болды. Турнирдан кейін дебюттік айқасындағы жеңісіне қатысты пікір білдірген Асу 2025 жылы чемпиондық белбеудің иесі атанатынын сеніммен айтып, қолдау білдіргені үшін қазақстандықтарға алғысын жолдады. Қарсыласы Оде Осборнмен қазақтың қайсар ұлының мықтылығын мойындап, жеңісімен құттықтады. Осылайша Асудың октагондағы айқын жеңісі мыңдаған жанкүйердің алдында қазақ елінің беделін биіктетіп, мәртебесін өсірді. Ал ел мерейін үстем еткендер қандай құрметке де лайықты. Әсіресе АҚШ-тан абыроймен оралған саңлаққа туған жері Сарысу жұртшылығының көрсеткен құрмет-қошеметі ерекше болды. Аудан тұрғындары Асу Абайұлын Жаңатас қаласының кіреберіс қақпасынан қарсы алып, шынайы ізет-ілтипаты мен құрметіне бөледі. Орталық алаңда өткен салтанатты шарада айтыскер ақын Талғат Құсайынов жеңімпазға арнауын орындап берсе, Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов Асу Алмабаевты жеңісімен барша аудан тұрғындары атынан құттықтады. – Сізді Америка Құрама Штатында өткен жекпе-жекте еліміздің мерейін асырған жеңісіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күллі еліміздің және ауданымыздың мәртебесін асырған айтулы оқиға болды. Жеңісті күндеріңіз көп болсын. Біз сізді әлі талай биіктерді бағындырады деп сенеміз, – деген аудан әкімі Асудың иығына шапан жауып, жерлестерінің атынан түйе мінгізді. Сондай-ақ «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады. Мұнан кейін аудандық мәслихаттың төрағасы Шаттық Мұсабеков құттықтау сөз сөйлеп, Сарысу ауданының Құрмет грамотасын табыс етті. Келесі кезекте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев, аудандық мәслихаттың депутаты Бауыржан Балғабай жылы лебіздерін білдірсе, аудан қариялары Ордабек Қоңырбеков және Шәріпбек Қалжанов ақ баталарын берді. Ал Асу Абайұлы және әкесі Абай Алмабаев ыстық ықыласпен қарсы алып, құрмет көрсетіп жатқан аудан басшыларына, сарысулық ағайынға алғыстарын айтты. Күтіп алу салтанаты Жаңатас-Саудакент тасжолының бойында орналасқан «Ысты Тілік баба» мемориалды кешенінде және туып-өскен ауылы Жаңаталапта жалғасты. Баба рухына Құран бағыштап, тағзым жасаған жеңімпаз жерлестеріне ауылдастары батасын беріп, ат мінгізді. Біз де өз кезегімізде UFC-тегі жамбылдық жауынгер Асу Абайұлының алар асулары мұнан да биік болуына тілектестік білдіреміз.