Спорт

ӨҢІР СПОРТЫ ӨРЛЕУ ЖОЛЫНДА

ӨҢІР СПОРТЫ ӨРЛЕУ ЖОЛЫНДА

Бүгінде жамбылдық спортшылардың тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы спорттағы жеңістері мен жетістіктерін сағына еске алатындар көп. Шынымен-ақ 1996, 2000 және 2004 жылғы Олимпиада ойындарында жамбылдық былғары қолғап шеберлерінің бағындырмаған биігі, алмаған асуы қалмады. 2004 жылдан кейін Олимп шыңын бірде-бір жамбылдық спортшы бағындыра алмады демесек, бүгінге дейін ұрпақтар сабақтастығы үзілмеді. Боксшыларымыздың, дзюдошыларымыздың, қазақ күресі шеберлерінің, сурдо және пара спортшылардың, көкпаршыларымыздың толағай табысын қалай сызып тастаймыз, қалай ұмытамыз?!

Жалпы Олимпиада ойындарынан бөлек түрлі әлемдік, халықаралық жарыстарда жамбылдық спортшылар жасындай жарқырап талай жетістікке жетті десек, қате айтқанымыз емес. Ал әрбір жеңіс – спорт саласына мемлекет тарапынан көрсетілген сенім мен қолдаудың нәтижесі екені даусыз. Егер өңірімізде спорт нысандары көптеп салынбаса, саланың дамуына орасан зор қаржы құйылмаса, әрине, дәл бүгінгідей биікке көтеріле алмас едік. Облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Арман Ташметовтің айтуынша, бүгінде өңір спорты аяғынан тік тұрып, әр қадамын анық басып, қарқынды дамудың даңғыл жолымен алға бастап барады. – Дені сау ұлт қалыптастыру – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басты бағыттарының бірі. Ал денсаулықтың кепілі спорт екенін жақсы білеміз. Сол үшін де мемлекет тарапынан спорт саласын дамытуға, қолдауға айрықша көңіл бөлінуде. Мемлекеттік қолдаудың арқасында жаңа спорт нысандары бой көтеріп, халық игілігіне берілуде. Заманауи үлгіде салынған, барлық жағдайы жасалған, сәні мен салтанаты келіскен спорт кешендері ауыл жастарының, тұрғындарының спортпен шұғылданып, денсаулықтарын нығайтуға зор мүмкіндік беруде. Сондықтан жыл санап құрылысы қарқын алып жатқан спорт кешендері талай таланттың жолын ашып, жұлдызын жарқырататыны сөзсіз. Тиісінше атқарылған жоспарлы жұмыстардың нәтижесінде облысымызда жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатары өсіп, шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны да ұлғайды. Жыл басынан бері өңірімізде салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында 2 009 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 140,9 мың адам қамтылды, – дейді Арман Бақытжанұлы. 2001 жылы облысымызда денешынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 8 пайыз ғана болған екен. Ал қазіргі таңда жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатары 482,7 мың адамды немесе облыс тұрғындарының 39,6 пайызын құрапты. Басқарма басшысы айтып өткендей, кейінгі бірнеше жылда көптеген денешынықтыру-сауықтыру кешені, спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Егер кейінгі жылдары ашылған және бұрыннан қолданыстағы спорт нысандары қолжетімді болмаса денешынықтырумен және спортпен айналысатындардың көрсеткіші өспейтін еді. Алдағы уақытта да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған жұмыстар уақыт талабына сай жалғаса беретін болады. – 2023 жылы өңірімізде 23 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. 9 нысанның құрылысы биыл басталса, 14 нысан 2022 жылдан өтпелі. Жыл соңына дейін 16 спорт нысаны пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Ал қалған 7 спорт нысаны 2024 жылға өтпелі. Қазіргі таңда Қазақстан бокс федерациясының Астана, Түркістан, Қызылорда, Өскемен және Шу қалаларында «Тарлан Батырлары» спорт кешені жұмыс істеуде. Қазақстан бокс федерациясымен жүргізілген келіссөздер арқасында Шу қаласында орналасқан «Тарлан Батырлары» спорт кешені Шу ауданындағы №37 бокстан және спорт ойындары түрлерінен балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің теңгеріміне өтеусіз негізде берілді. Бұл «Тарлан Батырлары» спорт кешенінің мемлекет теңгеріміне өтеусіз негізде берілген алғашқы спорт кешені, – деген Арман Бақытжанұлы келесі кезекте облыс спортшыларының 2023 жылғы жетістіктеріне қысқаша тоқталды. Осы жылдың 6 айының қорытындысы бойынша жамбылдық спортшылар түрлі халықаралық және республикалық жарыстарда 537 медальға ие болыпты (201 алтын, 136 күміс, 200 қола). Осы орайда А.Ташметов су добынан Сингапурда өткен Азия чемпионатында Қазақстан ұлттық құрама командасының негізін құрайтын «Айша Бибі» су добы клубының жеңімпаз атанып, маусым айында өтетін Әлем кубогына және қыркүйек айында өтетін жазғы Азия ойындарына жолдама ұтып алғанын мақтанышпен айтып берді. Себебі мұндай көрсеткіш Қазақстан тарихында соңғы рет 19 жыл бұрын болған екен. Сондай-ақ Шымкент қаласында өткен көкпардан халықаралық турнирде «Әулие-Ата» көкпар командасы финалдық кездесуде Қырғыз Республикасының командасын 11:2 есебімен ойсырата жеңіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген. Аталған турнирде Бақдәулет Бабажан жамбы атудан Азия кубогының иегері атанып, өңірімізде ұлттық спорттың өрісі жыл санап кеңейіп келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұнан бөлек дзюдодан Еуропа кубогында Нұрзат Сәлімбаев күміс жүлдеге, Нұрсұлтан Ысқақов қола жүлдеге қол жеткізіп, еліміздің айбынын асырды. Астана қаласында өткен еркін күрестен Азия чемпионатында да жамбылдық балуандар жерге қаратпады. Қалжан Рахат 57 келі салмақ дәрежесінде III орынға ие болып, болашағынан үлкен үміт күттіретін балуан екенін танытты. Ташкентте бокстан ерлер арасындағы XXII әлем чемпионатында да жерлестеріміз білгенінен жаңылмады. Жалпы төрткүл дүние көз тіккен турнирде 4 отандасымыз алтыннан алқа тағынып, Ташкент төрінде Әнұранымызды шырқатып, Туымызды көкке көтерді. Бәсі жоғары бәсекеде бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны, жамбылдық оғлан Асланбек Шымбергенов шын мықты екенін әйгілеп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Тағы бір жамбылдық шаршы алаң шебері Дулат Бекбауов чемпионаттың күміс жүлдесін қанағат тұтты. Айта кетейік, 1999 жылы Хьюстонда (АҚШ) өткен әлем чемпионатында Болат Жұмәділов алтыннан алқа тағынса, араға 24 жыл салып Асланбек Шымбергенов сол жеңісті қайталады. – Биылғы «Қазақстан Барысы» турнирінде де палуандарымыз жылдағыдай табысты өнер көрсетті. Өзінің нағыз спорттық бабында екенін дәлелдеген Ғалымжан Қырықбай ақтық белдесуде маңғыстаулық балуаннан айласын асырып, «Қазақстан Барысы» атанды. Сонымен қатар еркін күрестен, кикбоксингтен ересектер арасында, дзюдодан, қазақ күресінен жастар арасында, бокстан, кикбоксингтен жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионаттарында облыстың командасы жалпыкомандалық есепте I орын иеленді. Ал 7-14 мамыр аралығында Катарда өткен дзюдодан әлем чемпионатына Қазақстан ұлттық құрама командасы сапында ел намысын 4 жерлесіміз қорғады (Елдос Сметов – 60 келі, Нұрқанат Серікбаев – 60 келі, Данияр Шамшаев – 73 келі, Ғалымжан Қырықбай – +100 келі). Ұлттық құрамадағы 7 салмақ дәрежесінде 4 жамбылдық спортшының өнер көрсеткенін айта кету керек. Еліміздегі ең маңызды бұқаралық спорттық іс-шараның бірі – VI жазғы Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсімі биыл Тараз қаласында өтті. Жазғы спартакиада 2003 жылдан бастап әр 4 жыл сайын жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңында өткізіліп келеді. Ханчжоуда өтетін ХІХ жазғы Азия ойындарының және 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарының қарсаңында ұйымдастырылған биылғы спартакиаданың ашылу рәсіміне еліміздің барлық өңірінен мыңнан аса спортшы қатысты, – деп сөзін қорытындылаған Арман Бақытжанұлы 23 қыркүйек-8 қазан аралығында Ханчжоу (ҚХР) қаласында өтетін XІX жазғы Азия ойындарына 33, 2024 жылы өтетін XXXІІІ жазғы Олимпиада және XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына лицензия алуға үміткер жамбылдық 21 спортшы бар екенін айтып өтті. Сонымен қатар Арман Бақытжанұлы спорт түрлері бойынша облыс құрама командаларын сапалы және тиімді даярлау, спорт түрлері бойынша Қазақстан құрама командаларына енетін спортшыларды арттыру, оқу-жаттығу процесін орталықтандырылған және жыл бойы даярлауды қамтамасыз ету, халықаралық және республикалық ресми жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізу мақсатында басқармаға қарасты спорт мекемелері мен кәсіпорындарына спорт түрлері топтастырылып, бекітілгенін жеткізді. Үстел теннисі, ауыр атлетика және семсерлесу сынды олимпиадалық спорт түрлерін дамыту мақсатында республикалық федерациялармен тығыз жұмыс атқарылып, Ресей Федерациясы мен еліміздің түкпір-түкпірінен білікті мамандар шақыртылып, қажетті, бағалы құрал-жабдықтар алыныпты. Басқарма басшысымен аз-кем әңгімелесіп ұққанымыз, облысымызда спорт саласына серпін беру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Спортшыларға, бапкерлеріне барлық жағдай жасалуда. Енді тек спортшыларымызға ел үмітін ақтау жолында аянбай тер төгіп, еңбек ету керек. Мемлекеттік қолдаудың қайтарымын 2024 жылы Франция астанасында өтетін ХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарында көреміз деген сенімдеміз.