Кәсіп

Ұлттық қолөнерді жаңғыртқан Олжас

Ұлттық қолөнерді жаңғыртқан Олжас

Таразда ағаштан түйін түйіп, қазақы ыдыс-аяқтарды қолдан жасап, ұлттық кәсіпті жаңғыртып отырған шеберлер жетерлік. Соның бірі – он саусағынан өнері тамған ағаш шебері – Олжас Шамшадинов. Жұбайы Зарина Шамшадинова екеуі бірлесе отбасылық кәсіп құрғанына да біршама жылдың жүзі болыпты.

Тарқата айтсақ, 2016 жылы ашылған цехта небәрі екі адам жұмыс жасапты. Олжастың өзі мен досы Константин Терягин екеуі ерінбестен астау жасап, сатылымға шығара бастаған. Жастайынан аттың ер-тұрманын, қазақтың қара домбырасын қолдан жасаған ол қолөнер шебері ретінде әбден пісіп-жетілген. Ал бүгінде осы цехта 90 адам жұмыс істейді. Әлі де 30 шақты адамды жұмыспен қамтысам деп ниеттеніп отыр. Мұнда жұмыс істейтін әр шебердің еңбегі зор. Астауды жонып, қолмен сызып, бояп, әрлейтін қолөнер шеберлерінің ісі ерен. Өркен жайған бизнесті, яғни аққайыңнан жасалған астауларды біз де барып көріп, шеберлермен сөйлесіп қайттық. Ата-бабамыз қолданған экологиялық таза ағаштан жасалған ыдыстар мұнда самсып тұр. Астау, оқтау, тақтай, табақ, тегене, шара, тостаған, ожау, қасық, күбі сынды қолдан жасалған бұйымдар бұл күнде өз тұтынушысын тапқан. Дәстүрлі мұрамызды жалғаушы қолөнершіге деген сұраныс та күннен-күнге артып келеді. Өйткені қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағанмен, астау сынды табақпен ас әкелу үрдіске айналды. Оның ішінде ең өтімдісі – астау. Біз барған уақытта ет тартатын үш үлкен астауды белгілі әнші Алтынбек Қоразбаевқа арнап жасап жатыр екен. Айтуынша, бұйымға танымал адамдар, депутаттар да тапсырыс беріп, дайын болғанда өздері келіп алып кетеді екен. Олжастың астаулары қыр асып, Францияда, Германияда, Ресейде жүр. Ол жақтан қыдырып келген қонақтар да бір-бір астау жасатып, елдеріне әкететін көрінеді. – Әр шебердің айлықақысы әртүрлі, ең қомақты еңбекақы Таразда – 700 мың теңге. Оны әу баста өзіммен бірге іс бастаған Константин Терягин алады. Күніне 25 мың теңге табады. Ол қазақша сөйлейді, мұсылмандықты да қабылдаған. Осы жұмыстың арқасында қарыздарынан, несиесінен құтылды. Ондай жұмысшылар бізде көп. Ең аз дегені 180 мың теңге айлықақы алады. Елдің бәрінің басында несиесі болғандықтан жұмысшылардың еңбекақысын апта сайын беремін. Әркімнің өз жұмысы бар. Біреу сырлайды, біреу жонады, тағы бірі станокпен жұмыс істейді. Бүгінде үш өндірістік цех жұмыс істеп тұр. Жұмыс уақыты азанғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Түскі ас осында беріледі. Астауға сұраныс өте көп. Себебі бізде нарыққа сай, яғни қалтаны ұрмайтын баға қойылған. Күз айларында тағы да жұмысшыларды көбейтсек деп отырмыз, – дейді Олжас Келдібекұлы. Осында Ерлан Түменбаев есімді азамат бағдарламашы болып жұмыс істейді екен. Ол арнайы станокта астау жасап шығарады. Жарылқасын Бекзаттың да атқаратын міндеті осы құрылғымен байланысты. Олар аппарат арқылы тек астау емес, тақтай, есік, пышақтың сабы сынды тегіс заттарды да жасап шығарамыз деп отыр. «ЧПУ» деп аталатын станок, яғни сандық бағдарламалық басқару құрылғысының елімізде баламасы жоқ көрінеді. Мұны Кореядан әкеліпті. Бағасы 5 миллион 800 мың теңге тұратын аппараттың 5 түрлі функциясы бар. Екі сағаттың ішінде 12 астау жасап шығарады. Мұнда күніне 100 астау жасалса, айына 3000 астау өндіріледі. – Бес балам бар. Өзіміз де көпбалалы ата-анамыз. Олармен қоса 90 адамның еңбекақысы бар. Ешқайсысының хақысына кіргіміз келмейді. Айлық жалақысын қиналсақ та уақытылы тауып береміз. Шикізат та қымбат. Мәселен, аққайыңды сонау Ресейден әкелеміз. Айына 100 текше метр аққайың аламыз. Осындайда кішкене қолөнер шеберлеріне, халықтың мұрасын жалғастырып келе жатқан біз секілді кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау болса ғой. Не грант ұтпадық, не жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмадық. Облыс әкімдігі, қала әкімдігі басшыларының құлағына алтын сырға. Шынын айтсақ, өз күнімізді өзіміз көріп отырмыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуді халыққа арнаған әр Жолдауында айтумен келеді. Біз сондықтан да мемлекеттік қолдаудан үміттіміз, – деді жанайқайын жеткізген кәсіпкер. Шындығында, мұнда жалғызбасты аналар, көпбалалы әкелер, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейді екен. Соның бірі – мүгедектігі бар азамат Александр. Ол 300 мың теңгедей айлық алады. Астауды, тақтайды кесіп дайындайды. Шеберхананың бір бұрышында өңкей әйел адамдар жұмыс істеп отыр. Ал Ерлан Оспановтың мұнда жұмыс істегеніне алты жылдай болыпты. Астауды кесіп, қалыпқа келтірумен айналысады екен. Қарамағында төрт адам бар. Күніне 40 астауды кесіп дайындап береді. Инабат Әжібаева астауды, тақтайларды өңдеп, сырлаумен айналысады. Алижон Азизхановтың бір басында үш кредиті бар екен. Сол себепті ол мұнда екі жұмыс істейді. Астауды жасайды, екінші жерде астауды майлаумен айналысады. Біз барғанда сафлор майымен астауды сырлап жатыр екен. Ол астауды екі рет майлайтынын айтты. Оның сөзіне сүйенсек, аққайыңнан жасалған ыдысқа салынған ет жуық арада суымайды. Келесі бөлімге бас сұққанымызда онда бес адам өзіне жүктелген шаруамен айналысып жатты. – Қарыздан құтылып, «Отбасы банкте» үй сатып алу үшін ақша жинап жатырмын. Жұмысым өзіме ұнайды. «Микрозайм» дегенге кіріп кеткен едім. Құдайға шүкір, осы жұмысымның арқасында бүгінде бәрінен құтылдым, – деді шебердің бірі Дамир Айтбеков. Прораб Алмаз Ниязбеков те көпбалалы әке. Ол астауды жылтыратып, лак жаққанға дайындап береді. Ол бір күнде 70 шақты астау дайындайтынын сөз етті. Екінші аппарат «Ресмус» деп аталады. Оны Германиядан әкеліпті. Қисықты түзулейтін, кесетін бұл да ең мықты құрылғының бірі екен. Тіпті мұндағы ағаштан қалған қалдықтар да әжетке жарайды. Ел-жұрт оны малдың астына төсеуге, бау-бақшаға пайдалануға тегін әкетіп жатыр. Бүгінде зергерлік бұйымдарды жасаумен қатар, оны сата білу де өнер. Бұйымдарды олар «OLX» мобильді қосымшасы мен әлеуметтік желідегі «Instagram» парақшалары арқылы да сатады. Бұл іспен Олжастың жұбайы Зарина айналысады. – Қазір бұрынғыдай базарда отырып тауар сата алмайсың. Бүгінде заман басқа, сұраныс пен талап та өзгерді. Еткен еңбегіңнің жемісін көру үшін өнімді сата білу де өнер. Жалпы қазіргі таңда қолөнер бұйымдарына сұраныс жоғары. Әлеуметтік желідегі «Astau mastera_taraz» атты «Instagram» парақшасын өзім жүргізіп отырамын. Жақында ғана ашылу салтанатын жасадық, – деді ол. Айтпақшы, жақын арада «Әділжан» жеке кәсіпкерлігі, яғни астау жасайтын шебер тігін цехін іске қоспақшы. Тігін машиналарын сатып алып, қыз жасауын, көрпе-төсек бұйымдарын, қалташалар, қаптамалар тігіп сатпақшы. Біз сұхбаттасқан ағаш шебері өзіндік пікірі бар, кәсіпте, нарықта болашақты болжауға қабілетті, сөзге де, іске де пысық, ұлттық қолөнеріміздің мерейін көтеріп жүрген іскер адам. Олай болса, ата-бабадан келе жатқан қолөнерді дәріптеп жүрген Олжас Шамшадиновке осы кәсіп саласында тасы өрге домалауына біз де тілекшіміз. Алға қойған мақсаты, жүйелі жоспары орындалып, қазақтың бренді қалыптасатын соқпағы бөлек өнімдері арта берсін. Қорыта айтқанда, қолөнер шеберіне қолдау керек. Мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, дамуына жағдай жасалуы қажет. Қолөнерде ұлттың үні бар. Ал оның жаңғыруы – біздің болмысымыздың айғағы. Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru