Адамгершілік – ұлы қасиет
Адамгершілік – ұлы қасиет
Мәселен, 1838-1921 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында өмір сүрген Шағырай шешеннің (Шағырай Төбетұлы): «Өзін ғана ойлаған, Жамандықтың белгісі. Өзгені де ойлаған, Адамдықтың белгісі. Үлгілі сөз білмеген, Надандықтың белгісі. Бар-жоғына қарамас, Анық жомарт, ер кісі. Өз үйінде салғыртсу, Сараңдықтың белгісі», деген өлең жолдары жомарттықтың қай қоғамда да қажет іс екенін аңғартқандай. Қала берді қазақтың «Кең болсаң – кем болмайсың» деген нақылының мәні де адамды өзгеге қайырлы болуға, біреуге қол ұшын беріп, жәрдемдесуге үгіттейді. Одан бөлек, біреудің-біреуге жасаған қайырымдылығын Алла қайтарымсыз қалдырмайтынын, қайта, төрт құбыласы тең болып, ісі оңға басатынын, өзгеге көрсеткен жақсылығы ұрпағына еселеніп қайтатынын меңзейді. Жалпы, қайырымдылық – адамның бойындағы ең жағымды қасиеттің бірі. Ондай адам рухани құндылықтарды материалдық құндылықтардан жоғары қояды. Өзінің жанашырлығымен және таза ниетімен ерекшеленеді. Мұқтаж адамдардың қажеттіліктеріне немқұрайды қарамай, оларға барынша көмек көрсетуге тырысады. Қазіргідей сананы тұрмыс, қоғамды нарық билеген заманда жомарт азаматтарды көптеп кездестіру қиын. Себебі бірінші кезекте әркім өз пайдасын ойлап тұратыны анық. Мұны сөз етіп отырған себебім, таяуда оқушыларымыз республикалық бір турнирге баруы қажет болып, бірнеше мекеме басшыларына өтініш жасадық. Сол кезде көмек қолын созудан көбісі әртүрлі себептермен бас тартты. Әулиеата өңірінің атынан облыс намысын қорғап, жарысқа шықпақшы болған біздің мектептің спортшы оқушылары мен олардың жаттықтырушыларын облыс әкімдігінің білім басқармасы ас-ауқат, жатын орын, жол шығыны жағынан қаржыландырған. Дегенмен турнирге қатысушыларға қажетті жаңа спорт киімдер мен спорттық аяқ киім, облыстың логотипін жапсыру секілді басқа да шығын аз емес еді. Десе де біздің оқушылардың спорттық киімнен бастап, өзге де қажеттілікке өте зәру екенін түсінген адам табылғанда біз қатты қуандық. Тарқата айтсақ, Өскемен қаласында волейболдан оқушы қыздар арасында өткен елдік деңгейдегі жасөспірімдер арасындағы додаға қатысуына құлшына қолдау көрсеткен азамат, бір сөзге келмей өтінішімізге құлақ асқан «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Рашид Пірманов еді. Рашид Сантөреұлына осы азаматтығы үшін мектеп-гимназия ұжымы мен ата-аналардың айтар алғысы шексіз. Аталған мекеме басшысы облыс намысын қорғаған мектептің 12 бұрымдысына су жаңа спорт формасын, қажетті спорттық жабдықтарын әперіп, Жамбыл облысының, И.Панфилов атындағы мектеп-гимназиясының арнайы логотипін жасаттырып, ата-аналардың нотариалды алынатын сенім хаттарын толығымен өзі қаржыландырды. Үлкен демеушілік көрсетіп, облысымыздың абыройы үшін және оқушыларымыздың жүзіне күлкі сыйлау мақсатындағы серіктестік басшысының өнегелі ісін біз адамгершіліктің асқақ шыңын бағындырған азаматқа тән болмыс деп таныдық. – Жақсылық жасау, қайырымдылықпен айналысу әр адамның жүрек қалауы. Менің айтпағым, жас кезінде іздену, еңбектену, талаптану әр адамның өзіне байланысты. Ал сондай жастардың, яғни ілім-білімге, өнерге, ғылымға, спортқа құштар болған ұлт ұрпағының қоғам меселін қайтармауы керек. Өйткені біздің болашағымыз, мемлекетіміздің келешегі осы жастардың қолында. Сондықтан да жастардың ақылына, қажыр-қайратына сенім артып, олардың арқасынан қағу, жігерлендіру, болашағынан үміттеніп, қолдау көрсету біз үшін парыз. Олардың қажеттілігін өтеуде біз қол қусырып қалмауымыз керек, – дейді Рашид Пірманов. Біз Рашид Сантөреұлының осы сөзінен үлкен өнеге алғандай болдық. Осы орайда қолында қаржысы бола тұра, өзгеге көмектесуде тартыншақтайтын замандастарға ашкөздік пен сараңдықтан аулақ болайықшы дегім келеді. Себебі біз игі істер жасамасақ, адамдық кейпімізді жоғалтып аламыз. Жалпы, кез келген адам бойында жомарттық қасиеті бар тұлғаларды жанына жақын тартатына ақиқат. Олар өзгелермен тек материалдық құндылықтар жағынан ғана емес, жан дүниесінің байлығымен де бөліседі. Жомарт адам жақсы істерді көпшіліктің алғысын алу үшін жасамайды, ол мұқтаждарды сәл де болса бақытты еткісі келеді. Қолында тұрған дүние өзіне қажет болғанымен, оны артық сөз айтпай басқаға сыйлай салады. Біз осындай керемет жандардан үлгі алуға тиіспіз. Қазіргі заманның жастары, «мейірімділік» деген сөзді сирек естиді және мағынасын толық түсінбейді. Менің ойымша, мейірімділік дегеніміз – қиын жағдайға тап болған адамға шын жүректен қолдау көрсетіп, басқа адамның бақыты үшін өз уақытыңды, ақшаңды немесе денсаулығыңды арнау. Жасөспірімдердің арасында қатыгез, өзімшіл және мақтаншақ балалардың көбеюі үлкендердің бойынан мейірімнің жоғалуымен де байланысты ма деп ойлаймын кейде. Сол үшін біз болашақ жастарға өз ісімізбен үлгі-өнеге бола біліп, олардың бойына ізгілік дәнін себуге атсалысайық. Сонда ғана жастардың бойынан ізгілік, мейірім секілді қасиеттер іздесек жарасады.
Қарлығаш ТАНХАЕВА, И.Панфилов атындағы №39 мектеп- гимназия директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары, Тараз қаласы