Аймақ басшысы «Жамбыл ГРЭС»-тің жұмысымен танысты
Аймақ басшысы «Жамбыл ГРЭС»-тің жұмысымен танысты
Стансада жалпы қуаты 1230 МВт болатын алты энергия блогы орнатылған. Мұндағы жабдықтардың тозу деңгейі 30,4 пайызды құрайды. Бас директор Александр Фурса жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 25 пайызға дейін төмендету жоспарланып отырғанын атап өтті. Қазіргі таңда №5 энергия блогы күрделі, №1 энергия блогы ағымдағы жөндеуден өтуде. Аймақ басшысы жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарының барысын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. – Мемлекет басшысы еліміздің энергетика жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударуда. Президенттің тапсырмасы бойынша «Инвестиция орнына Тариф» жаңа тарифтік саясаты іске асырылуда. Жылу энергетикалық кешендеріне алдағы уақытта да тұрақты электрмен жабдықтау және тұтынушыларды жылумен қамтамасыз ету міндеті жүктеліп отыр, – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов. Облыс әкімі «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшылығына су беруге қатысты мәселелерді шешуді тапсырды. Экологиялық заңнаманы сақтау мәселелеріне де айрықша назар аударылды. Нұржан Нұржігітов жыл сайынғы жалақыны көтеру, еңбек жағдайларын жақсарту, ұжымдық шарт бойынша әлеуметтік міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын атап өтті. Кәсіпорында 578 адам жұмыс істейді десек, орташа жалақы 409 мың теңгені құрайды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап жалақы 20 пайызға көтерілді. Александр Фурса кадр тапшылығы мәселесі шешілгенін жеткізді. – Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі туралы ұмытпауы керек. Қызметкерлер арнайы киіммен, ыстық тамақпен, санаториялық-курорттық емдеумен қамтамасыз етілуі тиіс, – деді аймақ басшысы кәсіпорын басшылығына. Облыс әкімінің баспасөз қызметі