Өндіріс ұлғайған сайын экономика өркендейді
Өндіріс ұлғайған сайын экономика өркендейді
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің жұмыс сапары Мыңарал ауылының аумағында салынып жатқан «Shagala Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмысымен танысудан басталды. Қазіргі таңда мұнда негізгі құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Өндірілетін өнімнің сапасын анықтайтын арнайы зертхана да жұмыс істеп тұр. Жобаның жалпы қуаты 29 миллиард теңгені құрайды. Аймақ басшысына мұндағы жұмыс барысын аталған кәсіпорын директоры Алексей Антонишин таныстырды. – Бұл зауытта катодты мыс өндірілетін болады. Келер жылдың мамырында өндірістің бірінші кезеңі өз жұмысын бастайды. 2025 жылдың басына дейін 9 мың тонна катодты мыс өнімдерін өндіруге мүмкіндігіміз бар. Бұл жылына 40 миллиард теңге табыс табуға болады деген сөз. Ал кәсіпорын аумағына қарасты жер астында мыстың мол қоры сақталғаны анықталып отыр. Қытай, Германия, Швейцария елдерінен қажетті құрал-жабдықтар алынып отыр. Бізде қазірдің өзінде 250-ден астам адам жұмыс істеп жатыр. Бізге экологиялық жағынан зерделеу жүргізілсе дейміз, – деді А.Антоншин. Мұнан соң облыс әкімі кәсіпорын аумағында жүргізіліп жатқан құрылыстармен танысты. Осында жұмысшылар үшін жайлы жатақхана салынып жатыр. Кәсіпорын жерінің бірқатар бөлігі Қарағанды облысы аумағына қарасты екен. Облыс әкімі мұндағы жұмыс ауқымын саралай келіп, пікірін білдірді. – Бұл зауыттың жұмысы ауқымды. Табыс салығы облыс бюджетіне түседі. Мойынқұм ауданының экономикалық дамуына әсері мол. Зауыт толық қуатына қосылғанда осында 2 мың адам еңбек етеді. Олардың бірқатары Мойынқұм ауданынан болмақ. Ал экологиялық тазалығына мән беру қажет. Ол өте маңызды, – деп, жауаптыларға нақты тапсырма берді. Мұнан соң облыс әкімі Нұржан Нұржігітов Шығанақ ауылының аумағында орналасқан «Шығыс кен басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Өңір басшысына мұндағы жұмыс барысын аталған ЖШС бас директорының орынбасары Сәбит Өтешов түсіндірді. Мұнда барит рудасы өндіріледі. Өткен жылы 130 мың тонна барит рудасы өндірілсе, биыл жыл басынан бері 43 мың тонна өнімге қол жеткен. Кәсіпорында 205 адам жұмыс істесе, оның 133-і Мойынқұм ауданының тұрғындары екен. Орташа жалақы – 200 мың теңге. Жұмысшылар 15 күндік ауысыммен еңбек етеді. 15 күн отбасына көңіл бөліп, демалып қайтуға мүмкіндік бар. Оларды аталған ЖШС-ның бас геологы Владимир Гришин жұмысқа баулып, үйретіп жүр. Жастар жұмыс барысын тез түсініп, үйреткенді дамытып алып кетіп жатыр екен. Кәсіпорын басшысының орынбасары Сәбит Өтешов облыс әкімінің алдында бірқатар мәселе көтерді. Атап айтқанда, кәсіпорыннан шыққан өнімді тасымалдауда жолдың ұзақтығы, экологиялық жағдайдың қадағалануы және банкомат орнату жағдайы айтылды. Өңір басшысы мәселелерді назарға алатынын, бірқатарын шешуге ықпал ететінін жеткізді. Ал банкомат орнатуда оның шығыны ақталатын жағдайды да ескеру керектігін атап өтті. Облыс әкімі кәсіпорынның Мойынқұм ауданымен байланысын сұрады. Бұл ретте аудан әкімі Әлихан Балқыбаев аталған кәсіпорынның Шығанақ ауылына қолдау көрсетіп жатқанын айтты. Аудан бюджетіне былтыр 340 миллион, биыл 80 миллион теңге салық түскен екен. Облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы ЖШС басшысына қаратып: «Сіздер үлкен кәсіпорынсыздар. Мойынқұм ауданы үшін үлкен жобаға қатысып, көмек беріңіздер», деді. Сондай-ақ көтерілген мәселелер жайлы жауаптыларға тапсырма берді. Облыс әкімі аудандағы Қашқантеңіз бастауыш мектебінің жай-күйімен танысты. Мұнда жергілікті басшылар оқушының аздығынан мектепті жабу мәселесін көтерді. Бұл ретте Нұржан Молдиярұлы: «Жұмыс істеп тұрған мектепті сақтап қалу керек», деп, жауаптыларға оның шешу жолдарын қарастыруды тапсырды. Мұнан соң өңір басшысы Бурылбайтал ауылына қарасты «Ақжартас» мекенінде болып, Балқаш көлінен су сорғы арқылы төңіректегі 6 ауылға сүзгіден өткен таза ауызсу жеткізу барысын көрді. Мұнда мембрана қондырғысы пайдаланылып жатыр. Аталған 6 ауылға таза ауызсу барса, аудандағы 24 елді мекеннің 19 ауылы таза тіршілік нәрімен қамтылады. Өңір басшысының сапары одан әрі «Алтыналмас» акционерлік қоғамында жалғасты. Аталған кәсіпорын президенті Баламир Маханов қол жеткізіп отырған негізгі табыстарға тоқталды. Кәсіпорын өткен жылы 1 миллион тонна кен өндіріп, 48,8 миллиард теңгенің таза өніміне қол жеткізген. Жылына шамамен 1 854 килограмм алтын, 306 килограмм күміс өндіріледі. Мұнда 1 241 адам еңбек етсе, оның 504-і мойынқұмдықтар. Облыс әкімі кәсіпорын басшыларының талап-тілегін тыңдай келе, Мойынқұм ауданының әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету қажеттігін ескертті. Одан кейін өңір басшысы аталған аудандағы кәсіпорын басшыларымен кездесу өткізіп, оларға көрсетілетін қолдаулар жөнінде айтты. Есет ДОСАЛЫ, Мойынқұм ауданы