Руханият

АДАМНЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ

АДАМНЫҢ РУХАНИ ӘЛЕМІ

Cоңғы кезде «рухани қазына», «рухани байлық», «рухани жаңғыру», «рухани жұтаңдық» деген сөздерді жиі естиміз. Көпшілік бұл сөздердің мәнін терең ұға бермейді. Бүгін біз осы сөздің түбіріне үңіліп, өз ойымызды сіздермен бөлісуді жөн санадық.

Таяуда техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдімәлік Әшіровтің «Сана экологиясы» атты монографиясын зейін қоя оқып шықтым. Еңбек иесі техника, физика саласының маманы бола тұра медицина мен психологияның күрделі бір саласы – адамның санасы, ой өрісі туралы салмақты, терең, маңызды сөз қозғап, өзінің ойы мен пайымдауын оқушы алдына жайып салыпты. Білімге құштар оқушы бұл кітаптан көп нәрсені көңіліне тоқып, санасына нұр құйып шығары сөзсіз. Ә.Әшіров екінші мыңжылдықтың соңында біздің дүниетанымымызға айтарлықтай әсер етуі тиіс жаңалық ашылғанын айтады. Ол – жаратылыстану ғылымында нақтылықтың (реальность) біз білетін қатты, сұйық, газ тәрізді және плазмалық күй деп аталатын төрт деңгейінен басқа физикалық вакуум, энергиялық-ақпараттық өріс және абсолютті «ештеңе» деген атауларға ие болған тағы да үш деңгейінің ашылуы. Бастапқы төртеуі материалдық әлемді бейнелесе, соңғы үшеуі нәзік әлемнің деңгейі ретінде қабылданып, соның ішінде абсолютті «ештеңе» сол әлемнің ең тұрақты деңгейін көрсетеді. Әрине, философтар материялар әлемінен басқа идеялар әлемінің бар екенін ертеде айтып қойғанымен, бұл тек ХХ ғасырда ғана дәлелденіп отыр. Осы дәуірде физиктер мен философтар, математиктер мен психологтар әлемді «абсолют», яки жоғарғы сана, жоғарғы күш, көркемдеп айтсақ, Құдайдың ақпараттық өріс арқылы билейтінін бір-біріне тәуелсіз түрде дәлелдеп шықты. Оның ғылыми түрдегі сызбасы мынадай: ғарыштық ақпарат – адам – трансформация – ғарыш. Әсіресе А.Г.Гурвичтің биоөрістің генетикалылығы туралы жаңалығында адамның қандай ой ойласа да, оның ғарыштағы «сана өрісінде» сақталатыны айтылады. Осы тұрғыдан келгенде ғалым көпшілік ғалымдарды ғылымға деген догмалық көзқарастан арылуға шақырады. Ол физиканы ғылымдардың патшасы дейді. Мәселен, кез келген ортодоксальді бағыттағы физиктің кванттық механикада әлі де анықталмаған әлемдердің бар екенін ескеруін, сонымен қатар классикалық механиканың пайымдарын қайта қарауын ұсынады. Өйткені біздің әлем осы қарама-қайшылықтардың бірлігінде. Физиктерге жаңа идеяларымен жаңа қадамдар жасап, адамзат баласының мына әлемдегі нақты өмірін тиянақтайтын кез жеткенін айтады. Ал математика – ғылымдардың патшайымы. Химия, биология сияқты ғылымдарға математика енгізілгені үшін ғана олардың өрісті бола түскені талассыз. Осы жерде Фурьенің мына сөзін айта кеткен орынды сияқты: «Математикалық анализ біздің санамыздың қабілеттілігін көрсете отырып, сезімдеріміздің жетілмегенін, өміріміздің қысқалығын анықтап берді. Одан да ғажайыптығы, ол жаратылыстың бірлігі мен қарапайымдылығын, табиғаттың ақиқат заңдарының өзгермейтінін дәлелдеп берді». Екінші мыңжылдықтың соңында Г.И.Шиповтың физикалық вауумның теориясын жасау үшін Риччидің геометриясы мен үш вакуумдік тепе-теңдіктерді: А.Эйнштейн, Янг-Милл, Гейзенберг тепе-теңдіктерін пайдалануы да математиканың шын мәніндегі патшайым екенін дәлелдейтін құбылыс десек, Ә.Әшіровтің ойынша, болашақта ең маңызды орынды математика иеленеді. Өйткені ол сан, кеңістік, уақыт туралы түсініктерін тереңдету үшін ең алдымен философқа керек. Медицина туралы пайымында аурудың алдымен адамның энергиялық-ақпараттық жүйесінде пайда болатынын, физикалық денеге кейіннен өтетінін алға тартады. Біздің медицинаның көп жағдайда дәрменсіздігінің бірден-бір себебі, дәрігерлеріміздің әлі күнге дейін «сау денеде сау рух болады» дейтін ұранмен бірден денені емдеп кетуінде көрінеді. Сөйтіп олар денені емдеу арқылы адамға уақытша ғана жеңілдік сыйлайды әрі ауруды «ішке қуады». Тибеттік дәрігерлер болса алдымен ауруды адамның биоөрістік жүйесінен «қуу» керектігін дәлелдеп келеді екен. Ғалым осы арада тибеттік дәрігерлердің Ресей халқын обадан қалай аман алып қалғандығын әңгімелейді. Ол оқырманға ауруды адамның басына төнген тажал деп емес, өмірді бағалауға үйрететін қайырымды күш деп сипаттайды. Профессор өз монографиясында адамзаттың материалистік көзқараспен шектелуін сынға алады. Тек физикалық әлемнің күйін күйттеген адам баласы Жер атты ортақ үйімізді қашанға дейін ластамақ? Оны тазартуды ойлай ма екен? Ол үшін алдымен сана экологиясын тазарту керектігіне мән бере ме екен? – дейді ол. «Физикалық әлем – асқақ сезімнің, қиялдың әлемі. Өйткені жер немесе біздің физикалық денеміз адам санасы мен тіршілік атаулының санасының біріккен көрінісі ғана. Шын әлем – біздің психикалық әлеміміз. Санамыздағы шындықты қабылдайтынымыз үшін солай болады», – дей келе Ә.Әшіров жер бетіне ядролық соғыс, экологиялық апаттар ғана емес, адамның жарымжан санасы да қауіп төндіріп отырғанын, өйткені негізінен материалистік санамен өмір сүретін адамзат рухани құндылықтарды мойындамай қойғанын қынжыла әңгімелейді. Үшінші мыңжылдықта ғылым адамгершілік, діни бастаулардан негіз тартып, дін ғылымиланған жағдайда өз мәнімізді тани алатынымызға тоқталады. Бұл жерде мидың қызметі үлкен рөл атқарады. Физикалық әлемдегі өмірқамымыз үшін сол жақ бөлікпен (яғни логикамен) ойланамыз. Мидың оң жақ бөлігі арқылы рухани кеңістікке жол тапқан адамдар да жоқ емес. Бірақ өте сирек. Профессордың ойынша, тек логикамен өмір сүру – әлсіздік. Адамдардың үнемі бір нәрседен қорқып жүруі, бір-біріне сенбеуі, жалғыздықта күйзелуі жетілудің, толыққанды адамдықтың көрінісі емес, физикалық әлемге бой ұрған әлсіздіктің белгісі. Адам оң жақ ми бөлігін іске қосқанда ғана толыққанды адам дәрежесіне көтеріледі. Осы жерде ата-бабаларымыздың оң мен сол туралы айтқандары ойға оралады: «оң қабағым тартты», «өзі бір оңды жан екен», «оң мен солын танитын жасқа жетіп қалды», «оң көзіңмен қарарсың», «айы оңынан туыпты», «сол жағыңмен тұрғандай ашулысың ғой», т.б. Жазуды оң қолмен жазып, асты оң қолымызбен алатынымыз, босағаны оң аяқпен аттап кіретініміз – Ұлы дала философиясының озықтығынан хабар беретін үлгілер. Түптеп келгенде алдымен оң жақпен ойлануға бағыттау. «Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін, Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін. Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма? Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін», дейтін данышпан Абай өлеңінің мәні де осы жерде ашылады ғой деймін. Осы дәуірде америкалық ғалым Барбара Энни Бреннон адам тәнінің классификациясын жасап, оны ғылыми тұжырымдады. Атап айтқанда, эфирлік, астральдық, ментальдық, каузальдық, интуитивтік, аспани және каббалистикалық терминнен алынған кетерлік денелердің алғашқы үшеуі адам өлгеннен соң алғашқысы 9 күннен кейін, екіншісі 40 күннен кейін, үшіншісі 90 күннен кейін өмірін тоқтататынын, қалған денелер «жанның денелері» екенін, олардың өлмейтінін дәлелдеп шыққан. Бұл жерде оның бәрін жіліктеп беру мақсат емес. Тек «подсознание» деген ұғымның төңірегінде бірер сөз. Қазақша баламасы түкпіргі сана болғанымен, біз күнделікті өмірде интуицияны білдіретін түйсікті қолданамыз. Осы түкпіргі сана – жанның өлмейтінінің дәлелі. Бір ғана мысал. Басымыздан өткен оқиғаның бұрын да солай болғанын әлдебір күш арқылы «көріп, сезіп қойып жатамыз. Басқа да шаруаларымыз көп болғандықтан, оған айтарлықтай мән беріп, күні бойы ойланып отырмайтынымыз тағы рас. Әлдебір күш деп отырғанымыз – түкпіргі санадан жеткен ақпарат. Ғалымның «Сана экологиясы» монографиясында жан-жақты қамтылған өлшемнің бірі – сана. Адам санасын оның жетілу және даму жолындағы өмірлік тәжірибесі деп көрсеткен ғалым түкпіргі сана, жоғарғы сана және жеке сана туралы толымды ойлар айтады. Адамның өткен шақтағы санасы болғаны үшін түкпіргі санада барлық білімнің банкі бар екеніне тоқталған ғалым жоғары сана қандай оқиғалар күтіп тұрғаны туралы ақпарат жеткізетінін, ал жеке сана адам баласында 7-8 жасында ашылатынын әңгімелейді. Ғалымдар сана мидың қызметі болғандықтан, ХХ ғасырдың соңына дейін ол адамның басында деген пікірмен шектелгені белгілі. Ал кейбір ғалымдар өздерінің заманауи зерттеулерінде адамның миын физикалық денені басқаратын, жан мен тәннің биоөрістік жүйесінен, сондай-ақ Жаратушының ақпараттық өрісінен мәлімет алатын, адамның физикалық денесі мен санасын байланыстыратын жүйе ретінде қарастырады. Осы тұрғыдан келгенде екінші мыңжылдықтың соңын ала адам санасы тәннен тыс, оның өрістік құрылымында болатыны дәлелденуде. Мынадай мысал келтіруге болады: 1936 жылы Король Людовик өзіне қарсы шыққан Диц фон Шаунбургті төрт серігімен өлім жазасына кеседі. Өлім алдында Людовик оның соңғы тілегін сұрайды. Сонда ол әр сегіз қадам сайын бір адамнан қойып, оны төрт серігімен қоса бір қатарға тұрғызуын, сосын ең алдымен өзінің басын алуды, бұл бассыз күйінде қай серігінің жанынан өтіп үлгерсе, соған рақымшылық жасауын өтінеді. Оның бұл тілегіне таң қалған король орындауға уәде береді де, айтқанындай басын алғызады. Фон Шаунбург бассыз күйінде төрт серігінің де жанынан өткен соң құлайды. Бұл Людовиктің күнпарағында ең ғажайып оқиға ретінде тіркелген... Бір досым «адамның еңсесін өз күнәлары басады» дегенді айтады. Бұл пікірді теріске жатқыза алмаймыз. Себебі көп жағдайда ойлаған жаман ойымыз іске асып, амал кітабымызға күнә болып жазылып жатады. Сол сияқты жақсы ойлар да іске асады. Яғни ой заттанады. Профессор ойдың заттануына байланысты оның таралу жылдамдығы, салмағы, пішіні болатынын жазады. Ой торсионды толқынның табиғатына тең, ал торсионның жылдамдығы 10-ның 9 дәрежесі С-ға тең дейтін болсақ, С – секөнтіне 300000 шақырымды бейнелейтін жарық жылдамдығы. Сондықтан ой ғарышқа әп-сәтте жетеді. Ғалымның пайымы бойынша адамның тағдырын, ой, іс-әрекет, әдет- мінез қалыптастырады. Сондықтан ол мүмкіндігінше жақсы ойларды ойлау керек. «Ой заттанады» дегеннен шығады. Менің таныс зейнеткер әріптесім бір жолы: «Қазақтың «Ойнап айтсаң да ойлап айт» деген сөзі бекерге, бостан-бос айтылмаған екен. Қандай ой, сөз болмасын ол заттанатынына көзім жетті. Менің үлкен ұлым кішкентайынан ащы тағамдарға, әсіресе корей салаттарына өте әуес болды. Балабақшадан кешке үйге келе жатқанда маған әрдайым корей салатын алдыртатын. Сонда мен оның бұл әуестігіне қарап: «Әй, балам, сірә, сенің әйелің корей қызынан болар» деп күлетін едім. Бұл сөзім Алла Тағалаға жеткен болу керек, айтқандай-ақ өсе келе әлгі баламның әйелі кәріс болып кезікті. Тағдырдың жазғаны солай болды. Демек айтылған сөз, толғандырған ой да таза, мөлдір болғаны жөн екен», деп еді. Жақсы ой көңіл күйдің көтеріңкі болуына, сол арқылы өмір сүруге құлшыныс оянуына көмектесетіні белгілі. Бұл жерде «адамдар өзгерсін десең, өзгерісті өзіңнен баста» дейтін қағида еске түседі. «Ойыңыз жақсарғанда жүрегіңізде махаббат пен тыныштық орнайды. Сізге жақсы адамдар жіберіліп, өміріңізде жағымды оқиғалар орын алады. Және осының бәрі өз уақытында болады. Өйткені махаббаттың алмайтын қамалы жоқ. Сол ғана адамның жанын толтырады, сол ғана Тәңірмен байланыстырады», дейтін ғалым махаббатты әлдеқайда биікке көтеріп жазады. Дүниеге қажеттілік дегеннен шығады, осы өмірде қай-қайсысымыз да бақытты әрі бақуатты тұруды мақсат ететініміз жасырын емес. Көптің көз жасына келген, біреуді алдап алған ақшаға емес, әрине. Профессор бұл мәселені бір сөйлеммен былай түйіндейді: «Біз ақшамыз жоқ болғаны үшін емес, ойымыз жұтаң болғаны үшін кедейміз...». Шынында, қалтасы ақшаға толып жүріп, түйсігі жоқ, ой-санасы мен ішкі дүниесінің рухани таяздығы сезіліп тұрған адаммен қалай ой бөлісіп, пікір алмасасыз. Олармен әңгімелесу, тіпті оларды ұғудың, санасын дүние билеп кеткен әлгі сабаздардың сізді түсінуінің өзі қияметтің-қияметі емес пе?! «Ойлау», «ой», «ойлану» деген ұғымдарға «ақыл» деген сөз пара-пар. Ақыл – ойлану процессіндегі ұғымдылық пен тапқырлыққа байланысты көрінетін қасиет. Ойлану үшін білім керек. Бірақ өкінішке қарай, білімдінің барлығы ақылды бола бермейді. Ақылдылық білімді тәжірибе жүзінде дұрыс пайдалана білумен байланысты. Құрғақ автоматты түрде жаттау, үстіртін оқу ойды, ақылды өсірмейді. Халық ұғымында ақылдылық – ерен еңбектің жемісі. Ақылды болу үшін адам табиғи санамен бірге көп оқып, көп үйреніп, көп біліп оны санасына, миға тоқу керек. Білім мен ақыл – егіз, ақылдылық – қымбат қасиет. Ақылды адам әрдайым ел көзінде, мәдениеті жоғары, ойы зерек тұлға. Ол қандай жағдайда да тапқыр, дербес, алғыр, ұтымды. Оның тағы бір жақсы қасиеті – оның ұшқырлығы. Бұл дегеніңіз кез келген проблеманы тез шеше білу, белсенділік көрсету, басқалардан ой сергектігі мен тапқырлықпен ерекшелену. Қандай жағдай болмасын асып-саспай тиімді шешім қабылдау әркімнің қолынан келе бермейді. Демек алғырлық пен шапшаңдық – ақыл сапаларының бір түрі. Ойы алғыр кісі кездескен қиындықтардан, кедергілерден қиналмай дұрыс шешім тауып, шыға біледі. Ақылды, парасатты адам – өз ортасының жетекші лидері, ақылшысы, көшбастаушысы. Кейде біреудің шәлкес, теріс мінезін жуып-шаймақ болып: «Құдай берген мінез» деп өзімізше ақтап жатамыз. Шынында да адамның мінезінің қалыптасуы – жұмбақ дүние. Ғалым-физиолгтардың пайымдауынша адамның мінезінің қалыптасуына үш фактор әсер ететін көрінеді: тұқым (гендер) арқылы оның 1/3, ана құрсағында 1/3 және өзін қоршаған ортаға байланысты, отбасындағы жылулыққа, тәрбиеге байланысты 1/3 қалыптасады екен. Гендер (генді «тегі» деп атағанымыз жөн болар – С.О.) арқылы көптеген ақпарат-информация (адамның бет-пішімі, бойы, сөйлеу мәнері, тіпті қимылдары мен кейбір әдеттері және т.б.) адамның ұрпағына берілетіні бұрыннан белгілі. Ал ана құрсағында жетіліп-өсіп жатқан шаранаға да құрметпен қарап, оның тәрбиесіне сол бастан көңіл бөлуіміз керек екенін көпшілік біле бермейді. Егер жарық дүниеге келер жас сәби күткен, жоспарланған (жданный ребенок) болса, отбасында береке-бірлік болса оның болашағы да жарқын, жақсы болып қалыптасады. Сондықтан дүниеге келер әр бала құрсақта, яғни ана жатырында байланғаннан бастап қамқорлыққа алынып, оған жеке тұлға ретінде қарағанымыз жөн. Көптеген шетелдік мемлекеттердің заңдарында болашақ сәбидің құқығы (правосы) сол аналық және әкелік клеткалардың біріккен кезеңінен бастап қорғалады екен. Бұл бағытта біздің отандық заңгерлеріміз де баспасөздерде мәселе көтере бастады. Уақыт келе ондай заң бізде де болар... Адамның рухани әлемі, санасының тазалығы, ой байлығы әлі де талай көптеген зерттеулерді қажет ететін сырлы, ғажайып жұмбақ дүние. Бұл бағытта ізденістер аз емес. Солай бола тұра көп мәселе шешімін тапқан жоқ. Әр қоғам, әр мемлекет өз тұрғындарының рухани байлылығымен, адамдарының терең ақыл-ойлылығымен, дара тұлғалардың молдылығымен ерекшеленеді, құрық бойы жоғары тұрады. Олар, біле білсек, мемлекеттің баға жетпес ұлы қазынасы. Егер олай болса, өзіміздің ортамызда ақылды, парасатты, білімді, оқымысты, ішкі дүниесі бай зиялы тұлғалардың молырақ болғанын қалар едік. Қандай жетістік болмасын еңбекпен келетінін еске алсақ, бұл салада әлі де шешімін таппаған біраз іс-шаралар, бірігіп ойласар, ақыл бөлісер мәселе мол. «Жаппай жоғары білім алудамыз» деп жалғандыққа бой ұрмай, төс қақпай қазіргі білімнің сапасына, оның тереңдігіне, адамның ой-санасының тұнықтылығына мән бергеніміз жөн болар еді.

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина профессоры, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі