Баспананы да, бизнесті де қаржыландырады
Баспананы да, бизнесті де қаржыландырады
Тарқата айтсақ, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі бірінші кезекте Қазақстан Республикасы Үкіметінің негізгі қаржылық институттарының бірі ретінде қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті дамыту және отандық экспорттаушыларға қолдау көрсету сияқты бірқатар стратегиялық бағыттарды іске асырады. Еліміздегі «Бәйтерек» холдингі жалғыз акционер ретінде Қазақстан Республикасының Үкіметімен тығыз жұмыс істейді. Холдингтің инвесторлары мен серіктестері ұлттық басымдыққа ие бірегей жобаларды қаржыландырады. Бұл ұйымдық құрылым тиімді белгіленген ынтымақтастықты пайдалана отырып, инвесторлар мен Үкімет арасындағы қарым-қатынасты оңтайландырады. «Бәйтерек» холдингі – құрамына 8 еншілес ұйым кіретін интеграцияланған даму институты. Олар холдингтің 100 пайыз қатысуымен қамтылған «Қазақстанның даму банкі», «Отбасы банк», «Даму», «Қазақстанның тұрғын үй құрылысы», «Kazakh Export» ЭСК», «Qazaqstan Investment Corporation», «Аграрлық несие корпорациясы», «Bereke Bank» акционерлік қоғамдары. «Бәйтерек» холдингі «Ұлт жоспары – «100 нақты қадам», «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, «Қарапайым заттар экономикасы», «Тұрғын үй-коммуналдық дамудың «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы» сынды ірі бағдарламалардың негізгі операторы. Енді холдингтің қызметтік бағыттарына тоқталайық. «Бәйтерек» одан әрі дамығысы келетін болашағы бар компанияларды кредиттейді. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасының тұрақты экономикалық дамуына жәрдемдеседі. «Бәйтерек» холдингі ірі ауылшаруашылығы кәсіпорындарынан бастап, отбасылық фермерлік компаниялар сияқты агроөнеркәсіптік кешен кәсіпорындарына мемлекеттік қолдау көрсетеді. «KazakhExport» қаржыландыру және сақтандыру құралдары арқылы қазақстандық дайын өнімдер мен қызметтерді экспорттаушыларға мемлекеттік қолдау көрсетеді. Сонымен қатар саяси және коммерциялық тәуекелдердің және экспорттық кредит сомасының 100 пайызға дейін жабылуын ұсынады. Холдингтің еншілес ұйымдары Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал ете отырып, ірі жобаларды қаржыландырады, осылайша кредиттеудің ұзақ мерзімдеріне сыйақының төмен ставкасын ұсынады. «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары нарықта шағын және орта кәсіпорындарға тұрақты көмек көрсетуде. Холдингтің миссиясы Қазақстанның өркендеуі және дамуымен байланысты. Сондықтан да бизнестің өсуіне қолдау көрсету – «Бәйтеректің» қызметінің негізгі бағыты. Шағын және орта бизнестің дамуына да соны серпін беруде. «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев: «Холдингтің әсерімен өткен жылы 6 276 жұмыс орны құрылып, 2195,1 миллиард теңге салық сомасы төленіп, 19566,2 миллиард теңгеге өнім көлемі артқан. Экспортқа өткізілген өнім көлемі де 2637, 02 миллиард теңгеге өскен. Холдингтің әр жылға бекітілген жоспары бар. Осы жылы «Жасыл» жобалар базасын секторлар және оларды іске асырудан болған экологиялық әсерлер бойынша өзектілендіру, «Жасыл» қаржыландыруды дамыту бойынша еншілес ұйымдармен Құзырет орталығын өткізу, экологиялық таза материалдардан дайындалған кеңсе құралдарын сатып алу мүмкіндігін қарастыру жүзеге асырылады. Осы аталған үш бағыт бойынша жұмыс жыл соңына дейін аяқталады», деді. Жақында Қ.Шарлапаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа есеп берген болатын. Ол Мемлекет басшысына 2023 жылдың І жартыжылдығындағы «Бәйтерек» холдингі қызметінің нәтижелері, оның ішінде кәсіпкерлерді, агроөнеркәсіп кешенін қолдау және халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бастамалардың іске асырылу барысы туралы баяндады. Президентке ұсынылған мәлімет бойынша, ірі бизнесті қаржыландыру көлемі – 114,4 миллиард теңге. Холдинг «Даму» қоры арқылы шағын және орта бизнесті дамытуды белсенді қолдайды. Қор 15 мыңнан астам кәсіпкерге қолдау көрсетіпті. Жыл басынан бері «Отбасы банкі» 29 мың отбасының баспаналы болуына көмектескен. Банк баспананы жалға беруді субсидиялау бағдарламасына да белсенді қатысып келеді. Бағдарлама аясында І және II топтағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балаларды, жетім балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға және көпбалалы отбасыларға қайтарымсыз мемлекеттік қолдау көрсетілген. Бірінші жартыжылдықта аталған бағыт бойынша 9 мыңнан астам өтінім мақұлданыпты. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жыл басынан бері 271 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, 9 мыңға жуық фермерге қолдау көрсетілгені туралы хабарланыпты. Биыл 3,5 миллион гектар алқапқа егін егілді. Бұл еліміздегі барлық егіс алқабының 15 пайызын құрайды. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және импортқа тәуелділікті төмендету – басты мақсат. Осы үшін ауылшаруашылығындағы инвестициялық жобаларды несиелендіруге 131 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Аграрлық секторды қаржыландыру көлемінің 70 пайыздан астамы «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға тиесілі екен. Э.Тілеубердіқызы