Жаңалықтар

Игерілмеген жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады

Игерілмеген жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады

Баспана салу үшін жер кезегінде тұрған азаматтарға жер телімін үлестірмес бұрын алдымен газ, ауызсу, электр желісі секілді инфрақұрылым жүйесі жүргізілетіні белгілі. Бұл басында үйі жоқ, дегенмен жеке тұрғын үй салуға қаржылық жағдайы келетін отбасыларға үлкен көмек. Баспанаңды ағайынды асарға шақырып болса да тұрғызып алсаң болғаны. Ал жер телімі үлестірілгеннен кейін сол жер учаскесіне толық иелік ету үшін 3 жылдың ішінде үш бөлмелі лашық болса да тұрғызуың қажет. Егер бұл талап орындалмаса, аталған жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылады. Осы мәселеден жұрт хабарсыз емес. Сөйте тұра ел арасында жер телімін иеленіп алып, бірнеше жылдан бері ол жерге үй салмақ тұрмақ, баспанасының іргетасын қаламағандар да жетерлік. Тіпті кейбір ауылдық округтердегі жер телімі үлестірілген жаңа алқаптарға халық қоныстанбағандықтан ондағы электр желілерін, су құбыры люктерін (құдық қақпақтары), трансформаторларды ардан безгендер тонай бастаған. Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің аппараттық кеңесінде осы мәселе сөз болды. Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жайы мен орындаушылық тәртіп туралы екі мәселе қаралған жиында облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің басшысы Жанболат Нұрмолдаұлы баяндама жасады. Ол инфрақұрылыммен қамтылған алқаптардың игерілуі және инфрақұрылым жүйелерінің сақталуына инспекторлық зерделеу жүргізілгенін сөз ете отырып, кейбір аудандағы кемшіліктерді жіпке тізді. – Байзақ ауданында 12 мың адам жер кезегінде тұрса, дайындалған алқаптарға үй салу үшін 6 200 азамат жер кезегіне тіркелген. Ауданда 2018-2023 жылдары тұрғын үй құрылысына 278 гектар болатын 8 алқаптағы 1 421 жер телімі толығымен таратылған. Бұл жер телімдері Жетібай-2, Қостөбе, Аймантөбе, Үлгілі, Мырзатай, Дихан, Базарбай ауылдарына тиесілі. Аталған жер телімдеріне 224 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, 53 үй ғана толығымен аяқталған. Қостөбе ауылының алқабына ауызсу тартылмаған. Сондай-ақ алқаптардағы инфрақұрылым жүйелерінің ұрлану деректері бар. Мәселен, Жетібайда 30 құдық қақпағы, 25 жарықшам және Үлгіліде 240 метр электр желісі мен 31 жарықшам қолды болған. Жамбыл ауданында дайындалған алқаптарға 5 582 азамат жер кезегіне тіркелсе, жалпы аудан бойынша кезекте 7 мың адам тұр. Ауданда 2021-2022 жылдары тұрғын үй құрылысына аумағы 370 гектар болатын 7 алқапта 1 864 жер телімі толығымен үлестірілген. Бұл алқаптарда 156 тұрғын үйдің құрылысы ғана жүргізілуде. Құрылысы аяқталған үйлер жоқ. Оның ішінде Бектөбе және Қызылқайнар ауылдарындағы алқаптарға ауызсу, Тастөбе ауылындағы алқапқа табиғи газ тартылмаған. Бектөбе ауылында орталықтандырылған ауызсу жүйесі жоқ. Жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, биыл бюджеттік өтінім ұсынылыпты. Жоба қаржыландырылса, онда алқаптың ауызсу мәселесі шешімін табады. Аса ауылындағы алқапты электрмен қамту жұмысы тоқтап тұр. Қызылқайнардағы алқаптың 1,7 шақырым электр желісі ұрланған. Шығын көлемі – 991,5 мың теңге. Ұрлық дерегі бойынша аудандық полиция бөліміне арыз жолданған. Тергеу-тексеру амалдары нәтижесіз, – деді ол. Игерілмеген жер теліміне қатысты мәселе Жуалы, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында да бар. Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылындағы алқаптың 2,5 шақырым электр желісі, Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында 6 құдықтың қақпағы ұрланған. Қордай ауданында әлі күнге газ тартылмаған, Меркі ауданында электр желісі тартылмаған алқаптар бар екен. Басқосуда Нұржан Молдиярұлы ұрланған мүліктерді қалпына келтіруде бюджеттен бір тиын қарастырылмайтынын, құқық қорғау органдары арқылы ұрыны тауып, шығынды орнына қою керектігін баса айтты. – 2018-2023 жылдары облыс бойынша көлемі 2 734 гектар болатын жаңа алқаптарға инфрақұрылым жүргізілді. 10 943 адамға жер телімі берілді. Оның ішінде 6 044-і мемлекеттік акт алған. Демек, 6 мыңнан астам тұрғын өз жер телімінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге толық құқығы бар. Әйтсе де оның ішінде 814 жер телімінде құрылыс жұмысы басталса, 220-сының ғана құрылысы аяқталған. Бұл дегеніміз халыққа үлестірілген жер телімінің 9 пайызында ғана құрылыс жұмысы жүргізіліп жатыр деген сөз. Ауыл-ауылды аралап, халықпен кездесу өткізсек, соның ішінде қабылдауға келгендердің жартысы жер телімін сұрайды. Біз халыққа жерді үлестіреміз, бірақ олар үй салмайды. Жер телімін сату біреулер үшін бизнес болып барады, мұны тоқтату керек. Бірнеше жылдан бері игерілмей жатқан жер телімін зерттейтін болсақ, оның түбіне жете алмайсың. Қолдан-қолға әлдеқашан өтіп кеткен. Мемлекеттен қыруар қаржы бөліп, инфрақұрылым жүргіземіз, ал нәтижесі мынау. Сол үшін жұртшылық арасында мұны үлкен мәселе етіп көтеруіміз керек. Ауыл әкімдері жер телімін алған әрбір азаматпен баспана салу жөнінде жұмыс жүргізуі керек, – деді Н.Нұржігітов. Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Әбдібековтің айтуынша, осы жылы облыс бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жер теліміне 202 304 азамат кезекке тұрған. Жерге кезекке тұру өткен жылдың басында электрондық нұсқаға көшуіне байланысты 1 жылда кезекке 69 962 азамат тіркеліпті. Осы жылы жер кезегіндегі азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін 14 жаңа алқапта 20 инженерлік инфрақұрылым жобаларының құрылысын жүргізуге бюджеттен 5,4 миллиард теңге қаражат бөлінген. Жыл қорытындысымен 2 жаңа алқапта Жамбыл ауданының Аса ауылында 811 жер телімі, Жаңатас қаласы, «Құрылысшы» алқабында 58 жер телімі (жалпы 869 жер телімі) шетінен таратылуда. Тараз қаласында «Асқаров», «Хамукат», Меркі ауданында «Ақтоған», «Мыңқазан», «Тескентоған» секілді барлығы 6 алқап 2024-2025 жылдары таратуға дайындалады. Қалған Тараз қаласындағы «Қарасу», «Құмшағал», Жамбыл ауданындағы «Айша-бибі» алқабы, Меркі ауданындағы «Тұрлыбай батыр» алқабы, Шу ауданындағы «Алға» алқабы, Сарысу ауданындағы 4, 5-ықшамаудан алқабы 2021-2022 жылдары үлестіріліпті. Қай алқап қай жылы халыққа берілгенін бүге-шігесіне дейін баяндаған Данияр Темірбекұлы жеке тұрғын үй құрылысын салудың төмен қарқынына байланысты таратылған жаңа алқаптарда электр кабельдері, трансформаторлардың ішкі бөлшектері, көше жарықшамдары және су құбыры люктері ұрланып жатқанын растады. Қала және аудан әкімдіктері жаңа алқаптардың инженерлік желілерін қорғауды қамтамасыз етуі керек. Сонымен қатар ұтымды тәсіл үшін жаңа массивтерді, ең алдымен, электр және сумен жабдықтау желілерін салу қажет. Бұдан әрі 30 пайыздан астам құрылыс салынғаннан кейін газбен жабдықтау қажет. Жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеуде басымдылық бойынша жүйелеу қажет деп есептейміз. Жол картасы бойынша, осы жылдың 30 қарашасында пайдалануға берілетін Тараз қаласы, Сүлейменов көшесіндегі 60 пәтерлі пилоттық тұрғын үйдің ішкі алаңдық инженерлік желілерінің жобалық-сметалық құжаты әзірленбеген. Ескертпе хаттар жолданған. Осыған байланысты проблемалық мәселені шешу бойынша Тараз қаласы әкімдігіне тапсырма беруіңізді сұраймын, – деді Д.Әбдібеков. Облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдар Тажиков те сөз алып, тұрғын үй құрылысы үшін берілген жер теліміне жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесін сөз етті. Оның айтуынша, тұрғын үй салу үшін жер кезегіне тіркелген 202 304 тұрғынның ішінде 3 216-сының қосалқы шаруашылық жері бар екен. 445-інде саяжай болса, 1 345-інің атында пәтер бар. 3 628 азаматтың сатып алған, сыйға алған, мұрагерлік жолмен қалған жері бар көрінеді. Дегенмен заң бойынша олардың бір мәрте мемлекеттен баспана салу үшін жер алуға құқы бар екенін айта кетуіміз керек. Десе де жер кезегінде тұрғандар арасында 192 адам кезекке қайта тіркелсе, 293-і өмірден өткен. Осы ретте аймақ басшысы жарты жылда бір мәрте кезекке тұру құқығынан айырылғандарды, қайтыс болғандарды кезектен шығару қажеттігін баса айтты. – 2005-2011 жылдары 1 460, 2012-2023 жылдары 219 жер учаскесі игерілмеген. Осы жер телімін мемлекет меншігіне қайтарып, өзге жер кезегінде тұрған азаматтарға үлестіріп беруіміз керек. Одан бөлек 7 мың 13 жер теліміне талдау жүргізіп, оның да ішінде мерзімі өткені болса мемлекет меншігіне қайтаруымыз керек. Жер қатынастары басқармасы мамандары осыған талдау жасасын. Халықпен кездескенде тұрғындардың «10 жылдан бері жер кезегінде тұрмыз, кезек неге жылжымайды?» деп шағымданатынындай бар. Жалпы мерзімі өткен жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтарып, кезекте тұрған азаматтарға үлестірмей ешқандай мәселе шешілмейді, – деген Нұржан Молдиярұлы құрылыс жұмысы баяу жүріп жатқан және инфрақұрылымы тоналған аудан әкімдерінен жауап алды. Реті келгенде аймақ басшысы өзінің орынбасарлары мен аудан әкімдерінің ұсынысын тыңдады. Онда халық арасында жер телімін алғандардың баспана салуға көбісінің жағдайы келмейтіні сөз болып, оларға несиеге дайын үй салып беру, жер телімін үлестіргенен гөрі көпқабатты ықшамаудандар салу қажеттігі жөнінде ұсыныс айтылды. Осы тұста айта кетер бір жайт, жер телімі игерілмеген аудандарға енді инфрақұрылым үшін қаржы бөлінбеуі мүмкін. Қай ауданда құрылыс қарқынды жүріп, жаңа тұрғын алқаптарға халық көптеп қоныстанса, сол ауданға жаңа алқаптың инфрақұрылымы үшін қаржы бөлінбек. Мұның Талас, Сарысу, Мойынқұм аудандарына қатысы жоқ. Өйткені ол аудандарда жер кезегіне қатысты мәселе жоқ деуге болады. Сонымен қатар жиында облыс әкімі аппараты өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмысы бөлімінің бас инспекторы Ерсұлтан Жарқынбай, облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбеков орындаушылық тәртіп туралы баяндама жасады. Онда биыл және өткен жылы халықпен қанша кездесу өткізіліп, тиісті тарапқа қанша тапсырма берілгені, оның қаншауы орындалғаны пысықталды. Кейбір мәселенің шешілуін аяғына жеткізу бойынша облыс әкімі жауаптыларға тапсырма берді. Нұрым Сырғабаев nurymsyrgabaev28@gmail.com