Гүлнұрдың тәтті бизнесі сәтті өрлеуде
Гүлнұрдың тәтті бизнесі сәтті өрлеуде
Кейіпкеріміз өзінің сүйікті ісімен айналысу арқылы дәмі тіл үйіретін торттар, бәліштер және тәттілерден букет, көздің жауын алардай етіп түрлі себет дайындап, кәсібінің нәсібін көріп отыр. Бес баланың анасы, 35 жастағы Гүлнұр үйде құр қарап отырғаннан гөрі кәсіпті қолға алуға бел байлайды. Осылайша жұбайының рұқсатымен кәсібін дөңгелетіп алып кетеді. Бұл кәсіпті қолға алғанына төрт жылдың жүзі болған. Бірнеше шеберлік сағатына қатысып, сертификаттарын иеленген. Гұлнұр жақында наубайханасы бар өзінің шағын дүкенін ашты. – «Жаннұр» ЖШС-ның ашылғанына жылға жуықтады. Кондитерлік дүкеннің атауын кенже қызым Жаннұрдың құрметіне қойдым. Бұл есімнің өзі күйеуім екеуміздің атымыздан құралған. Менің есімім Гұлнұр болса, жолдасым Бақытжан. Міне, оның есіміндегі «жан» буыны мен менің есімімдегі «нұр»-ды қосып қызымызға Жаннұр деген есім қойдық. Өзім 2015 жылдан бері тәтті-дәмділер пісірумен айналысамын. Кейде жас кондитерлерге шеберлік сабақтарын өткізіп, білгенімді үйретемін. Кондитерлікпен айналыспай тұрып «Жамбыл Жарық Сауда» ЖШС-ында маман болып жұмыс істегенмін. Жиырма жасымда тұрмысқа шықтым. Тараз өңірлік университетін мемлекеттік жергілікті басқару және менеджмент мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Жас күнімнен өз ісімді ашуды армандайтынмын, деді- Гүлнұр өзі туралы. Ата-анасы мен енесінің материалдық қана емес, моральдік жағынан да көрсеткен қолдауы кәсіпкердің жоспарын жүзеге асыруға үлкен күш-қуат береді. Кейіпкеріміз өз кәсібін ашу үшін көпбалалы ана ретінде «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша облыстық кәсіпкерлер палатасы арқылы мемлекеттік өтеусіз грантқа құжат тапсырған. Жолы болып, 1 миллион 380 мың теңге ұтып алады. Ұтып алған қаражатқа өнеркәсіптік тоңазытқыш пен пеш сатып алады. Және де наубайхана мен дүкеннің үй-жайларын жабдықтады. – Жұмысым бір дегенде жүріп кетті деп айта алмаймын. Дүкенді ашқан соң алғашқы айларда пайда түспеді. Алты ай жұмыс істегеннен кейін ғана ақырындап табыс таба бастадым. Кіріс кіріп, кәсібім орныға бастаған соң қазір екі адамды жұмысқа алдым. Оларға күніне төрт, алты мың теңге төлеп отырмын. Сатылымға пирогтар, самса, торт, печенье, тоқаш ұсынамыз. Мен тәжірибе жасағанды, жаңа рецепт қолданып көргенді ұнатамын. Әсіресе «Майса-Тараз» сияқты жергілікті тәжірибелі кондитерлерден шеберлік сабақтарын алып тұрғанды жөн санаймын. Пісірген торттарымды эстетикалық бағытта әдемі етіп орау, креативті тапсырыстар қабылдау секілді маркетингтік жолдарды ақырындап үйреніп келемін. Балаларым да кейде кондитерлік өнімдерді қалай жақсы суретке және видеоға түсіру керек, поштаны қайда жіберу керектігі туралы кеңес береді. «Instagram» әлеуметтік желісіндегі парақшам арқылы өз өнімдерімді қала тұрғындарына ұсынып тұрамын. Әзірге жақсы жұмыс істеп жатырмын деген ойдамын, – дейді Гүлнұр Дәуітова. Кейіпкеріміз бала тудым екен деп мемлекеттен көмек күтіп, жәрдемақыға қарап отыруды ұят санайды. – Кіші ұлым церебральді сал ауруына шалдыққан. Оған мүгедектік берілген. Бірақ біз әлі де уақыт өте келе оны аяғына тұрғызамыз, жүруді үйретеміз деп үміттенеміз. Неге екені белгісіз, кәсібім өрге басып кетсе, балам да түзеліп қалар деген сенім бар, – дейді кәсіпкер ана. Қазір кішкентайы Ерхан екі жарым жаста. Үлкен қызы Балайым жақында 14 жасқа толды. Ортаншысы Айназ 11 жаста, кенже қызы Жаннұр тоғыз жаста. Жеті жасар Жалғас есімді ұлы бар. Гүлнұрдың айтуынша, отбасындағы ұл-қыздар тату, бір-біріне жанашыр. Кәсіпкер өз кәсібінде жартылай фабрикаттар желісін ашып, қатпарлы және ашытылған қамыр, тұшпара, манты сатуды жоспарлап отыр.