Жастар

Жастарға жалындаған жарасады

Жастарға жалындаған жарасады

Облыста 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай бірқатар қоғамдық-мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Жастар мерекесі спорт алаңындағы жарыстан басталды. Сенбі күні таңертең Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта футбол және волейбол ойын түрлерінен жарыс өтті. Мерекелік жиынды облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық талдау және стратегиялық даму бөлімінің басшысы Мақсат Рахымбекұлы құттықтау сөзбен ашып берді. – Бұл саябақ, осындағы алаң-қала жастарының сүйікті орны. Мұнда студенттер мен мектеп оқушы­лары бос уақытында доп ой­нап, сергіп қайту үшін жиі келеді. Жастар саясаты мәселелері бас­қармасы осы саябақта көптеген байқау мен акциялар өткізіп тұрады. Сондықтан мерекенің осы жерден басталғаны дұрыс деп шештік. Қазіргі жастар жаман әдеттерге жоламайды. Олар спорт пен білімге құштар. Сондықтан бұл мерекеде барлығымыз ашық аспан астында спорттық ойындар ойнап, жастық шақтың әр сәтінен ләззат алуға дайынбыз, – деді М.Рахымбекұлы. Мұнан соң тартысқа толы жарыс басталып кетті. Сайыста ұлдар футзал ойнаса, қыздар волейбол алаңында күш сынасты. Өңірдің түкпір-түкпірінен келген «Жасыл ел» еңбек жасақтарының ұжымдары бас қосып, мерекелік көңіл күйде әдемі жолдастық ойынның үлгісін көрсетті. Турнирге барлығы 12 команда қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша, жігіттер арасында III орын, қола жүлде Шу командасына бұйырды. Облыс құрамасы II орын тұғырынан көрінді. Жуалы өңірінің ойыншылары жүлделі орынға лайықты деп танылды. Волейбол турнирінде де облыс командасы финалға шықты. Алайда жігіттер құрамасы да, қыздар командасы да финалдық ойында орынға іліге алмады. Волейбол сайысында бас жүлде Меркі аудандық еңбек жасағының «Жасыл ел» командасына бұйырды. Мұнан соң осы саябақта пікірсайысшылар турнирі өтті. Қызықты және жаңашыл форматта өтуі үшін жарыс ережесіне өзгерістер енгізілді. Біріншіден, ұйымдастырушылар жеке жарыстарды алып тастады. Екіншіден, жеңімпаз атағына таласқан үміткерлерге өз білім-біліктіліктерін көрсету үшін шектеулі уақыт берілді. Жарқын да тапқыр бәсекенің нәтижесінде тәжірибелі пікірсайысшылар Рауан Кеңес пен Алдияр Органов I орынды иеленді. Ал II орын Балнұр Саурамбаева мен Есенбек Қаржаубайұлының командасына бұйырды. Жанкелді Байкей мен Нұрасыл Мырзабаев жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді. Дәл осы күні Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақта жайдарлы жастардың басын қосқан «Jaidarman» ойындары өтті. Биыл «Jaidarman» лигасына 20 жыл толып отыр. Бұл жоба басынан-ақ дарынды жастарға арналған бірегей алаң ретінде өзін танытты. Жайдармандықтар қоғамдағы өзекті мәселелерді астарлы әзілмен жеткізіп, маңызды тақырыптарды жиі қозғайды. Жастардың «Jaidarman» қозғалысына деген қызығушылығы өткен жылдардағы табысты маусымдармен, сондай-ақ қазақтілді ойын-сауық контентінің деңгейін арттыратын жаңа жобалардың іске қосылуымен байланысты. Осыны ескере отырып, жастар мерекесіне орай «Жазғы кубок» ойыны ұйымдастырылып, оған сегіз команда қатысты. Жиналғандар алдында облыс әкімі аппаратының басшысы Мәди Мәтен құттықтау сөз сөйледі. Ал облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар қазылар алқасының қатарында болды. Айта кетсек, басқарма басшысы төл мерекелерінде жастардың қасынан табылып, қуаныштарымен бөлісті. Әзілкеш жастар сапалы, қызықты әзілдерімен көрермендерге ерекше мерекелік атмосфера, көтеріңкі көңіл күй сыйлай білді. Сайыс қорытындысы бойынша «Престиж» командасы жазғы кубокты ұтып алып, 150 мың теңге ақшалай сертификаттың иегері атанды. II орын мен 100 мың теңге «Әдеби жігіттер» командасына бұйырды. Ал III орынды жас әрі тапқыр «Давмир» командасы иеленді. Жазғы кубокта Айназ Адамбаева үздік ойыншы деп танылып, оған 50 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Мереке күні кешке көше гимнасттары арасында «Тartylike» сайысы өтті. Бұл турнир қатысушылардың да, көрермендердің де үлкен ықыласына ие болғанын айта кетейік. Төрешілер спортшылардың техникасының сапасын мұқият бағалады. Жарысқа қатысушы иегін турниктен жоғары көтеріп, үздіксіз қозғалыста бастапқы орнынан көтерілуі керек болды. Барлық спортшылар дайындығы мен шынайы кәсіби шеберлігінің жоғары деңгейін көрсетті. Нәтижесінде III орын Қалмұрат Кульчиковке бұйырса, II орынды Дархан Сәрсенов иеленді, ал Берік Айдабосынов жеңімпаз атанды. Сондай-ақ мереке күні «Жастар» аллеясында «Жас жолы» атты еріктілерге арналған тимбилдинг өтті. Тақырыптық ойындар барысында жігіттер волонтерлік қызметтің маңызды рөлі туралы айтып, волонтерлік командаларға жаңа жігіттерді тарту жолдарын талқылады. Ойындарды Алматыдан арнайы келген қонақ, театр және кино актері Қуантай Әбдімәди жүргізіп, спикер қызметін атқарды. Жастар үшін арнайы интеллектуалдық және спорттық ойындар, викториналар, сайыстар дайындалды. Командорингке Тараз қаласының колледждері мен жоғары оқу орындарынан барлығы 15 команда қатысты. Жамбылдық жастар төл мейрамдарын қуанышты көңіл күймен аяқтады. Кеш соңында Қайрат Рысқұлбеков саябағында жігіттер караокеде сүйікті әндерін шырқауға жиналды. Ал ҚР Тұңғыш Президенті саябағындағы ашық аспан астындағы кинотеатрда киносүйер қауым бірлесіп «Құнанбай» фильмін тамашалады.