Руханият

«БЕС ШАЛДАН» АЛҒАН ТАҒЫЛЫМ

«БЕС ШАЛДАН» АЛҒАН ТАҒЫЛЫМ

Ойдың тұманына тұмшалана отырып, қолыма қалам алғанмын. Кейіпкерім – құрдасым, білікті педагог, өнердің өрен жүйрігі, ұзақ жыл қатарласып бірге жүрген Әуесбай Бақбергенұлы мақала өзегі болып отыр. Өзінің өнегелі өмір соқпағында сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрді үкілеп келе жатқан Әукеңмен қарашаңырағымыз – бұрынғы Абай атындағы педагогикалық училищеде танысқаныма қырық бес жылдай уақыт зулап-зымырап өте шығыпты.

Бұрынғы педучилище, қазіргі Абай атындағы гуманитарлық колледжге мен сонау 1976 жылы, 24 жасымдағы жас жігіт кезімде келдім. Ол тұста педагогикалық училищеде ер-азамат ұстаздардың ішіндегі өзіміздің қаракөздерден тек дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы Қыстаубай Шорманов пен Ұлан Оразбеков қана болатын. Солардың қатарына көп ұзамай мен де қосылдым. Араға екі жыл салып, ортамызға Әуесбай Бақбергенұлы, Серік Қалмағамбетов, Мият Баймекеұлы, Асылбек Жанғарин сияқты абзал азаматтар келді. Бәріміз де «бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай» дейтіндей ынтымағымыз жараса тату-тәтті қызмет еттік. Құрдастық қалжыңымыз да жарасып тұратын. Менің шешем дулаттың ішіндегі сиқымның қызы еді. Менің жақсы бір үлгілі ісімді естіп қалса, Әукең: «Әне, бұл нағашысына тартқан соң сөйтеді», деп арасында сөзбен қаужап қояды. Училищеде қатарлас жүрген жігіттер бір-біріміздің үйімізге қонаққа жиі баратын едік. 1985 жылдың 7 мамыры еді. Бәріміз біздің үйде жиналып отырғанбыз. Бір уақытта Әукеңнің жұбайы Раяның ұл босанғаны туралы хабар алдық. Мәре-сәре болып қуанысып, жаңа туған нәрестенің есімін Қуат деп сол отырыста қойғанымыз есімде. Қуат баламыз сәби кезінде «Менің үш әкем бар. Әуесбек, Қасымбай және Қалдан аға» деп айтатын. Училище ұстаздарының өзара бауыр басып, достығын арттыруға себепкер болған студенттердің ауылшаруашылығы қосындарының жұмыстары еді. Кеңес одағы кезінде, шамамен 1978 жылдан бастап студенттердің ауылшаруашылық қосындары колхоз, совхоздардың күзгі егін жинау науқанына жұмылдырыла бастады. Бұл егістік алқабындағы науқан сол тұста Одақ елдерінің бәрінде жүрді. Дерекке сүйенсек, 1980 жылы күзгі егін жинау кезінде барлығы 1 миллион 400 мың еңбекші жас атсалысқан екен. Солардың арасында педагогикалық училище студенттерінің де «сельхозкаға» сіңірген еңбектері орасан. Күз басталысымен Шайқорықтағы жүзімдік алқабына бір жарым айға барамыз. Кейде жүзімдік басында кешке дейін жүріп, қона жататын да кездеріміз болады. Түннің жарымына дейін ән-жыр айтылып, әңгімеміз таусылмайды. Бір жағынан, «Сельхозка» – адамның төзімін тексеріп, сабырын сынайтын жер. Бәріміздің де жас кезіміз. Училищенің ер- азаматтарынан құралған ұстаздар жүзімдікте жарқын жүзбен сыйласып, бір-бірімізге көмектесіп, ынтымағымыз жарасып жүретін. Әукең екеуміздің мінезіміз де ұқсас болғандықтан тез тіл табысып, құрдастық ілтипатты қатынасты орнаттық. Оның асыл қасиеті – ешқашан біреуді сыртынан әңгіме етіп, ғайбат сөйлемейтіні. Кісі баласына қылдай қиянаты жоқ, басы артық сыпсың сөзден бойын аулақ ұстайтын жігіттің төресі ретінде таныдық. Қолынан келіп тұрса адамға тек жақсылық жасауға бейіл. Педагогикалық училищеміз, қазіргі колледж республикамызға танымал оқу ордасы ғой. Оқытушыларға қойылар талап күшті, жұмыс бастан асады. Әсіресе жастарға тапсырма шаш етектен. Училищенің талай іс-шарасын өткізуге тынбайтын терең ізденіс керек. Әрбір білімгер жастың қабілетін ашу үшін алдымен оның ішкі жандүниесіне терең үңіліп, дайындығының деңгейін анықтау керек. Деңгейі анықталған соң студенттің қарым-қабілетін орынды пайдаланып, өзіне сай келетін жүктемені беру керек. Сонда ғана діттеген мақсатың орындалып, ісің алға басып, нәтижесі көрінеді. Әукең құрдасым қызығы қиындығымен қапталдаса жүретін ұстаздық ауыртпалықты белі қайыспай көтере білді. Ол әрбір білімпаздың жүрегіне жол тауып, дарынын аша білетін білікті педагог. «Қазақтың Шерағасы» атанған Шерхан Мұртаза атамыздың «Таланттылар – раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады» дейтін жақсы бір сөзі бар. Иә, бойдағы қанмен берілген қасиет, дарыған талантқа қанат бітіретін де – сенім. Ал сенімі нық таланттар талай бәйгеде топ жарып, тыңдарманының ыстық ықыласына бөленіп жүрген жайы бар. Әуесбай Бақбергенұлының ендігі бір құнды адами қасиеті де сол – ол шын талантты көптің ішінен жазбай танып, танып қана қоймай, талантты шәкірттің «жан-жағына жұпар шашуы» үшін оған сенім ұялата білетін. Әукең студентіне сенім ұялату үшін қолдап-қолпаштаудың небір тәсілін қолданатын. Белгілі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуов: «Адалдық ақ дастарқан сияқты, бетінде бәрі көрініп тұрады» дейді. Расында да адалдық Әукеңнің имантаразы ісінен, жылы жүзінен көрініп тұрады. Шәкіртіне ұстазы адалдық танытқан соң, шәкірті де ұстазына барынша ашылып, еш қысылмай-қымтырылмай өздерін еркін ұстайтын. Біздің қатарымыздағы оқытушылар легін училищеде Достай аға Еселбаев жұмысқа қабылдады. Училищемізді 28 жылдай басқарған ол кісінің қарашаңырақтың қалыптасуына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Шаршы топта сөйлегенде алдына жан салмайтын сөзге шешен кісі еді. Ол кісінің сөйлеу мәнеріне қызығатынбыз. Өзінен кішімен де, өзінен үлкенмен де теңдей сөйлесетін. Баласындай болған бізге «Қалеке», Әуесбек құрдасыма «Әуке» деп дәріптеп, кішіпейілділік танытатын. Кездескен адамдарға сені таныстырып, қолпаштап, дәрежеңді көтеріп, мерейіңді асырып отыратын еді. Мақтай отырып тәрбиелеуші еді, жарықтық. Ол кісі мақтаған сайын біз дәл сондай болмасақ та, сондай болуға тырысып бағатынбыз. Егер әлдекім біреудің сыртынан жамандап, директордың кабинетіне келсе, «Сен соны көріп тұрып неге көмек бермейсің?! Соны түзеуге неге қол ұшын созбайсың?!» деп шағымданушының өзіне дүрсе қоя беретін. Ал біреуге бір жақсылық жасасаң, соны жүрген жерінде «әнеки, анау осындай жақсылық жасапты» деп айтып отырушы еді. Сондықтан біз бір-бірімізге тек жақсылық жасауға ұмтылатын едік. Училище директоры Достай аға өзі дәріс оқитын. Ол кісінің дәріс беру шеберлігі туралы қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде училище шәкірті болған Қуаныш Әбдіжәлелқызы былай деп естелік жазыпты: «Училищенің директоры Достай Еселбаев ағайымыз қазақ әдебиеті пәнінен дәріс беретін. Ағай бізге өзінің қазақтың маңдайалды классиктері Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин, тағы да басқа тұлғалардан дәріс алғанын ерекше мақтаныш сезіммен айтатын. Әсіресе М.Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінділер, «Қаракөз», «Қараш-қараш», С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» романындағы Бүркіт пен Бәтестің шынайы да пәк махаббатын тартымды да әсерлі баяндайтыны соншалық, біз оны ұйып тыңдап, ерекше көңіл күйде отыратынбыз. Мен өзім сабақ бітпесе екен деп ойлайтынмын. Менің мәңгі есімде сақталып қалғаны: Достай Еселбаев білім деңгейі өте көркемсөзге шебер, оратор, керемет суреткер еді. Әншілігі тағы бар. Дауыс диапазоны кең, жоғары, әдемі болатын. Сүйіп орындайтын әні де – «Сұрша қыз». Сонымен қатар бағаға да жомарт еді» («Есімде сол күндер», «Jambyl-Taraz» газетінің сайты, 4 наурыз, 2020 жыл). Біз училищенің жас толқын оқытушылары Достай ағай бастаған аға буыннан тәлім-тәрбие алып шыңдалдық. Олардың қатарында директор Еселбаевтан бөлек, мектеп бөлімінің меңгерушісі болған математик Еңсебек Сейтбеков, музыкант Айтқұл Абаукеев, суретші Бура Көпбосынов, музыкант Қаршыға Стамқұлов та бар. Өмір тәрбиешісі болған осы кісілерді үлгі тұта жүріп, солардан көп нәрсені өзіміз де үйрендік. Өз арамызда жастар жағы оларды «бес шал» деп сырттай айтып, құрметтеуші едік. Әукең екеуміздің ардақты «бес шалдан» көрген тағылымымыз өте көп. Асыл дінімізде мынадай істердің сауабы мол екені белгілі: көпір салу, құдық қазу және бала оқыту. Осы сауапты істердің қатарына өз басым асабалық етуді де қосар едім. Әукең осы айтылғандардың екеуінен де мол сауапқа кенелген жан деп санаймын. Шәкірт оқыта жүріп ұрпақ тәрбиесіне молынан шарапаты тиді. Асабалық өнерінің арқасында көпшіліктің қуанышына ортақтасып, елдің талай алғысына бөленіп, ақ батасына кенелді. Мұның да сауабы мол болатынына мен кәміл сенемін. Менің Әукеңе қарата айтылатын ізгі ниеттегі құрдастық қағытпа қалжыңым бар еді. «Асаба мен иттің тілеуі бір» деймін ғой Әукеңе. Оның мәнісі – итті жеті қазынаға балаған халқымыздың бұл жануарға деген ықыласы ерекше. Ит екеш ит «осы үйдің балалары көп болса екен, сол балалар маған кірген-шыққан сайын сүйек тастаса екен» деп тілейді деседі. Асаба да дәл солай – «осы үйдің балалары көп болса екен, олар ержетіп, бойжеткен соң үйленіп, той көп болса екен» деп жақсылық шақырады. Әрине, құрдастар арасында әзіл-шыны аралас айтылса да осы бір тәмсілдің мағынасы терең сияқты көрінеді өзіме. Маңдайыңнан тер төгілсе, еңбегіңнен нұр жауады. Әукеңнің ұстаздық жолындағы төккен тері мемлекет тарапынан да талай еленді. Дегенмен ол марапатқа лайық екенмін деп ешқашан өзі соған сұранған емес. Алғашқы медалін тек алпыс жасқа қараған шағында ғана алыпты. Мерейі қанша үстем болса да мақтангершілікті құп көрмейтін болмысы – құрдасымның тағы бір ізгі қыры. Музыкалық білім беруде мыңдаған шәкірт баптаған азамат ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасымен, «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі», ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгілерімен марапатталды. «Адам – керуен, өмір – жол» демекші, 1970 жылдардың ортасында училищеге оқытушылардың жас легі болып келген біз 2014 жылдан бері қарай зейнет жасына шыға бастадық. Әукең дәл сол жылы зейнет жасына шықса да колледжде 2020 жылға дейін қызмет етті. Кезінде «бес шалдан» алған тағылымды ақсақалдық жасына жеткен өзі де кейінгі жастарға үлгі етіп, ұрпақ сабақтастығының жарасымды өрнегін көрсетті. Бүгінде сонау 70-жылдар аяғында училищеге жастай келген оқытушылардың өзі қазыналы қария, батагөй ақсақал болып, төрге шығып отыр. Ардагерлер өзара арагідік телефон арқылы тіл қатысып, бір-бірімізді түрлі басқосуда көріп қалсақ, балаша қуанып, қарашаңырағымыздың қабырғасында өткен шуақты күндерді сағына еске аламыз. Шуақты жылдар – асыл шақтар мәңгі жүрегімізде. Қалдан АСАНОВ, ҚР Білім беру ісінің үздігі