Руханият

Қазақы тазылар алғаш рет әлемдік көрмеге қатысады

Қазақы тазылар алғаш рет әлемдік көрмеге қатысады

– Биыл 21-23 тамыз күндері Женевада Халықаралық кинология федерациясы (FCI) Бас ассамблеясының отырысы өтеді. Оның аясында ұйымдастырылатын «World Dog Show-2023» иттер көрмесіне Қазақстаннан екі тазы қатысады, деп хабарлайды Arainfo.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Қазақстан кинологтары одағынан мәлім еткендей, қазақы тазылар мұндай дүниежүзілік чемпионатқа тарихта тұңғыш рет қатысқалы отыр. Оған еліміздің төлтума ит тұқымдарын халықаралық аренаға таныту жұмыстарын белсенді жүргізіп келе жатқан Қазақстан кинологтары одағы мұрындық болған. Швейцария Ұлттық кинологиялық қоғамы Қазақстан кинологтары одағының өтінішін қарастыра келіп, тазыны Женевада өтетін Әлем чемпионатына қатысатын ит тұқымдарының тізіміне қосты. Қазақы тазы тарихта алғаш рет Еуропалық одақ елдерінің дүниежүзілік көрмесіне қатысатын болды. Осы жолда үлкен жұмыс атқарылды. Біз Бельгиядағы FCI-мен арада (Халықаралық кинологиялық федерация) бірқатар келіссөз жүргіздік. Биыл сәуір айында Қазақстан кинологтары одағының өтініші бойынша, «Kazakh Tazy» тұңғыш рет Халықаралық кинология федерациясында ит тұқымдарының номенклатуралық тізіміне енгізілді. Біздің ұсынысымыз FCI тарапынан қолдау тапқанына өте қуаныштымыз , – дейді Қазақстан кинологтары одағының президенті Бауыржан Серікқали. Сондай-ақ 21-22 тамыз күндері өтетін Халықаралық кинология федерациясының бас ассамблеясында Қазақстанды осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретінде тану мәселесі қарастырылатыны айтылып отыр. Айта кетейік, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға ұлттық ит тұқымдары – қазақы тазы мен төбетті сақтау және қалпына келтіру, сондай-ақ оны төлтума қазақы ит тұқымдары ретінде халықаралық деңгейде танытуды тапсырған болатын. Бұл мәселені ҚР Президенті Іс басқармасы өз қарауына алып, жүйелі шешім қаблдау үшін мемлекеттік органдар жұмысын үйлестірумен айналысты. Президент тапсырмасы бойынша тиісті жұмыс тобы құрылып, Экология және табиғи ресурстар министрлігі өкілетті орган ретінде айқындалды. Қазақы тазы мен төбет тұқымдарын халықаралық аренада таныту үшін штаб-пәтері Бельгияда орналасқан Халықаралық кинология федерациясына өтініш жіберілді. Басты талап – еліміздің Кинология қауымдастығын осы ұйымның толық құқылы мүшесі ретінде тіркеу. Еліміздің атынан FCI-мен арада Қазақстан кинологтары одағы қарым-қатынас жүргізеді.