Мәдениет

Өмірін өнермен өрнектеген

Өмірін өнермен өрнектеген

Кез келген өнер өз тілінде ғана мінсіз. Қылқаламның киесін қастер тұтып, сол арқылы өрелі өнерде өз өрнегін айшықтаған азаматтар баршылық. Өмір жолын өнер саласына арнап, қылқаламның қуатымен көркемөнерге жан бітіргеннің бірі – Айгерім Рамазан.

Ол бірнеше жылдан бері А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында суретші-декоратор болып қызмет атқарады. Біле білгенге театр суретшісі – болмысы бөлек, бәсі биік мамандықтың бірі. Себебі спектакльдің немесе кез келген сахналық қойылымның ойдағыдай шығуы суретші-декоратордың талғамына, шеберлігіне тікелей байланысты. Өйткені ол өз өнері арқылы спектакльдің негізгі рухын ашады. Байыпты да байсалды жасалған декорация көруші көңіліне ерекше әсер етсе, қызылды-жасылды декорация екінші бір өзге әлемге жетелейді. Сондықтан да сахна декорациясын жасау нағыз шеберлердің ғана қолынан келеді. Бала күнінен жанына суретті серік еткен оның әлемі ерекше. Суретші Сарысу ауданының Шығанақ ауылында туып-өскен. Ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы 11 жылдық орта мектепті аяқтаған. Әкесі сол мектепте алғашқы әскери даярлық пәнінің мұғалімі, анасы кітапханашы болып қызмет етеді. Өнерді жанымен сүйетін Айгерім оқушы кезден сурет салуға жаны құмар. Әсіресе үйдің қабырғаларын шимайлағанды ерекше ұнататын. Бір жақсысы, әкесі бетінен қақпайтын. Үй ішіндегі барлық қабырғаларға салынған суретті көріп анасы реніш танытатады. «Қонақ келсе ұят қой, мынауың не, қабырғаның бәрін бояп тастағансың», деп ұрысады екен. Бірақ әкесі: «Қызға ұрыспа, көңілі нені қаласа соны салсын, бетін қақпа», деп сөзін сөйлейтін болған. Бала кезден қабырғаларға сыза бергеннің арқасында қазір мурал суреттерін шберлікпен салады. Негізі қызға суретшілік әкесінен дарыған. Әкесі Амангелді де суретті кәсіби қылқаламшылардай тамаша салатын болған. Сол өнері қызының бойына да сіңген екен. Айгерім туындыларға идеяны жақсы көңіл күйден аламын дейді. Сурет салуға деген шабыты көңіл күйі көтеріңкі, өзімен-өзі тыныштықта болған кезде оянады. Кейіпкеріміз мектепті тәмамдаған соң М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік гуманитарлық университетіне өзі қалаған «қоюшы суретші» мамандығына оқуға түседі. – Ауылда өскен қызда театрда еңбек етемін, «қоюшы суретші» боламын деген арман қайдан пайда болды деп ойлайтын боларсыздар. Осы жолды таңдауымның өзіндік тарихы бар. Оқушы күнімде теледидардан Майкл Джексонның концертін көргенмін. Кейін сол концерттің сахналық қойылымы рекордтар кітабына енді деген жаңалықты естідім. Расында да Майкл Джексонның әр шығармашылық кешінің қойылымы қайталанбас шоу еді ғой. Концерттен кейін әншінің қоюшы-суретшісі сұхбат берді. Сол сұхбат маған қатты әсер етті. Суретшінің жұмысы, қызметі мені ерекше қызықтырды. Болашақта кім болатынымды сол кезде шешіп қойғанмын. Арманыма жетіп, 2015 жылы оқуды бітіруге бір ай қалған кезде өзіміздің Асқар Тоқпанов атындағы облыстық драма театрына суретші болып қабылдандым. Сол уақыттан бері сахнаның майын ішкен өнер саңлақтарымен бір ұжымда жемісті еңбек етіп келемін. Қазіргі таңда тұрмыстамын. Бір балам бар, – дейді Айгерім Амангелдіқызы. Кейіпкеріміздің театрдағы жанкешті еңбегіне «сахна сыртындағы саңлақ» деген бірауыз сөзбен баға беруге болады. Себебі театр қойылымының сәтті шығуы, біріншіден, орындаушыға, екіншіден, қоюшы-суретшіге байланысты. Қоюшы-суретші – актерлік, режиссерлік өнер сияқты қойылымның ажырамас бөлігі. Режиссер өз авторымен бірге өзіне мұраттас бола алатын сценографты іздейді. Қойылым – режиссер, актер және суретші ойының ортақ жемісі. Декорация құрудың маңызы қойылым үшін қаншалықты орасан зор екенін осыдан-ақ байқауға болады. Қоюшы-суретшінің жұмысы спектакльге үлкен мағына береді. Қойылымның сәтті шығуы Айгерім секілді мамандарға тікелей байланысты. Сахнада көрініс болмаса, қойылым да болмайды. Режиссер ұсынған идеяны суретші іліп әкетсе немесе идеяны ойлап тапқан суретші режиссерге сахнада қалай жұмыс істеуді ұсынса, сол кезде екі жарты бір бүтін болып, жақсы шығарма дүниеге келеді. Суретшінің жұмысы сурет салумен бітпейді. Театрда сценографтың жұмысы өте қиын, өйткені режиссермен, актерлермен бірге бір шығарма жасап шығуы керек. Спектакльді құрылымдап, пьесаға талдау жасай білуі, әрі жақсы ұйымдастырушы болуы керек. Cахна – суретшінің кеңістігі. Сол кеңістікте жұмыс істеп көріңізші. Осы жұмысты, міне, суретші ұйымдастырады. Сахнаның технологиялық жағын да қарастырады. Сценография – көп қырлы мамандық. Сондықтан оған ұқыппен қарау керек. Алаш ардақтысы Түрар Рысқұловтың қазақ еліне сіңірген ерен еңбегі көрініс табатын «Тұрар.Сталинге хат», Ұлы ақын Абайдың өмір жолы баяндалған «Желсіз түнде жарық ай» спектакльдерінің сахна қойылымы кейіпкеріміздің қиялынан шыққан. Жұмыс болған соң машақаты да, күліп отырып еске алатын қызықты тұстары да болады. Айгерімнің қызметтік жолында қызықты жайттар аз болмаған екен. – Қойылымдарға дайындық барысында әуре-сарсаңға салған қиындықтар мен қызықты оқиғалар жиі орын алып тұрады. Театрдағы өзім үшін ұмытылмас сәт – Тұңғышбай Жаманқұлов ағамызбен жұмыс істеген уақыт. Қазақ халқының біртуар перзенті, тарихи тұлға Тұрар Рысқұлов жайлы «Сталинге хат» премьерасына қызу дайындық жүріп жатқан. Тұңғышыма аяғым ауыр еді. Театрдағы жауапкершілігім бір төбе, үйдегі келіндік міндетім тағы бар. Қанша жерден жұмысың қауырт болса да ата-енеңе құрметпен қарауға міндеттісің. Содан да үйге кеш қайтып жүрген кездерімде өзімді ыңғайсыз сезінетінмін. Ата-енем өте жақсы, түсінігі мол жандар. Бірақ премьераға уақытында үлгеру үшін дайындықта бөгеліп, үйге кеш қайтқан кездерім жиілеп кетті. Үйдегілерге Тұңғышбай Жаманқұловпен бірге еңбек етіп жатырмын деп айтуға тағы ұялам. Сондай қарбаласпен жүргенде енемнің туған күні келді. Тұңғышбай ағаға «Бүгін енемнің туған күні еді. Құттықтап бере аласыз ба?» деп жаймен өтініш айттым. Ағам қуана келісті. Бірден телефонымды алып, видеохабарламамен енеме шықтым. Камераның арғы бетіндегі енем сүйікті актерін көріп қатты қуанды. Тұңғышбай Жаманқұловтан құттықтау алып, көңілі марқайып қалды. Сол оқиғадан кейін «Келінім мен деген өнер адамдарымен бірге еңбек етеді» деп енем менімен мақтанып отырады. Сол кезде бірауыз өтінішімді жерге қалдырмаған Тұңғышбай ағаның қарапайымдылығына риза болдым. Ағамыздың жетекшілігімен қойылған «Сталинге хат» қойылымы сәтті шығып, халықтан жоғары баға алғанын да мақтанышпен айта кеткім келеді, – дейді суретші. Тағы бірде мынандай бір қызық болған екен. Қоюшы-суретші ретінде кейіпкеріміз ақын Айша Көпжасарованың 80 жылдық мерейтойына дайындалып жүрген. Мерекелік кештің мағынасын аша түсу мақсатында Ш.Уәлиханов атындағы кітапханадан ақынның жыр-жинақтарын атына жаздырып алады. Кеш өтетін сахнаны алған кітаптарымен әдемі етіп сәндеп қояды. Межелі күн келгенде кеш болады. Өлеңдер оқылып, естеліктер айтылып, бәрі ойдағыдай өті жатады. Әлден уақытта салтанатты жағдайда Айша ақынның жаңа кітабының тұсауы кесіледі. Жыр жинағын кеш қонақтарына таратып береді. Өкініштісі сол, кітап бәріне бірдей жетпей қалады. Соны байқаған ақкөңіл апамыз сахнада тұрған кітаптарын да қонақтарға бере салады. «Кітапханадан алған едім ол кітаптарды» деп Айгерім ескертіп те үлгермей қалады. Абыр-сабырдан жағдайды түсіндірмекке тырысқанмен Айша апасын ұстай алмайды. Бірнеше күндерден соң кітапхана қызметкерлері хабарласып, алған кітаптарды қайтару керектігін айтады. Не істерін білмей уайымға салынады. Елдерден сұрап жүріп Айша Көпжасарованың телефон нөмірін алып хабарласады. Мән-жайды түсіндіреді. Айша ақынның өзінен алып, кітаптарды орнына қайтарады. Кейіпкеріміз еңбегі үшін берілген ең жоғарғы марапат – халықтың ықыласы деп біледі. Жаңа қойылымның премьерасынан кейін ел алдына режиссермен бірге суретші де шақырылады. Қойылымнан ерекше әсер алған халық қоюшыларға орнынан тұрып құрмет көрсеткен кездегі сезімін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Суретшіге дәл сол сәт қатты әсер етеді. Негізі кейіпкеріміз тұрмыс құрғаннан кейін барлық уақытын отбасына, отбасылық өмірін нығайтуға арнайды. Өнерден, сурет салудан төрт жылдай алыстап қалады. Қазіргі сәтте өткізіп алған уақыттың орнын толтыру үшін өнерін қайта қолға алған. Сонымен қатар қолөнершілікпен де айналысады. Ұлттық нақыштағы киімдерді, ойыншықтарды тігуге тапсырыс алып жүр. Оюлы жүндерден көздің жауын алар қолөнер бұйымдарын, сәукеленің түр-түрін жасайды. Соңғы уақыттарда қабырға суреттерін көбірек салып жүр. Бұл бағыттағы ең соңғы жұмысы – жақында қаламызда ашылған «Зербұлақ» аквапаркінде салған суреттері. Демалыс орнындағы 2 шақырымдық дуалға сурет салып, көркемдеуге үлес қосқан. Айгерім суретші ретінде қатып қалған бір бағытпен жүрмейді. Жиі эксперимент жасап тұрады. – Өзге қылқаламшының керемет бір туындысын, шетелдік суретшілердің ерекше жұмысын жасап жатқанын көріп, соны эксперимент ретінде қайталап көрген ұнайды маған. Шабытым мен көңіл күйіме қарай еркін тақырыптарға жиі қалам сілтеймін, – деген Айгерімнің өнерін бағалаушылар көп болғандығы соншалық, еркін тақырыпта жан рақаты үшін салған картиналары да үйде тұрмай сатылып кетеді екен. Бүгінгі заманда өнерін әлеуметтік желі арқылы танытып, елге танымал болып жатқандар көп. Алайда Айгерім әлеуметтік желіде белсенді емес. Әлеуметтік желіні мүлде қолданбаған деуге де болады. «TikTok»-ты қолдану жолын әлі дұрыс түсінбейді екен. «Instagram» парақшасына соңғы екі айда суреттерін салып, енді ғана белсенді болып жүр. Жуырда желіге жариялаған видеосы 150 мыңнан аса қаралым жинапты. Өнер иесінің әлеуметтік желіде салған суреттеріне жұрт жақсы, оң баға беруде. Бірер уақыт бұрын «Instagram»-ға салып жүрген видеоларын бір досы «TikTok» желісіне жүктеп жібереді. Видео ол жақта екі жүзден аса қаралым жинап, желі қолданушылары суретшінің кім екенін, неге жеке парақшасы жоқ екенін сұрап даурығады. Содан кейін ол жерден бір парақша ашып қойыпты. Алайда әлі де болса ол парақшаны қалай істейтінін үйрене алмай келеді. «TikTok» желісін қолдануға машықтанып алса, өнерін халыққа жақынырақ таныстыра алар еді. Міне, осындай өнер иесі, жас та болса үлкен ұжымда еңбек етіп, шеберлігін шыңдаған Айгерім Рамазан 2017 жылдан бері ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Бірнеше марапаттар мен алғыс хаттардың иегері. Қолөнершілер мен қылқалам шеберлерінің көрмелеріне, байқауларға қатысып тұрады.