ДУЛАТ ПЕН АДИЯНЫҢ АЙРЫҚША ЖОБАСЫ
ДУЛАТ ПЕН АДИЯНЫҢ АЙРЫҚША ЖОБАСЫ
Көптеген функциясы бар смарт-сағатты тараздық оқушылар да жасап шығарды. Бір ерекшелігі – «ақылды» сағат адам өмірін арашалауға қауқарлы. Инфаркт пен инсультті уақытында анықтауға көмектесетін «ақылды» сағатты облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушылары Дулат Исабек пен Адия Тұрсынбай ойлап тапқан. Құрылғы жағдайы ауырлаған науқастың жақындарына дереу хабар беріп, өздігінен жедел жәрдем шақыра алады. Ең бастысы, науқастың мекенжайын нақты көрсетіп тұрады. Сондай-ақ сағатқа дене температурасын, қандағы оттегі пайызын, жүрек қағысын бақылап тұру функциялары енгізілген екен. Талантты оқушылар «Екінші жүрек» деп аталатын смарт-сағатты 3 ай ішінде жасап шыққан. – Адам талып қалса, көрсеткіштер төмендеген жағдайда GPS арқылы жақын туыстары мен емханаға хабарлама жіберіледі. Қолға тағатын құрылғы жүрек соғысын, қандағы оттегі коэффициенті мен дене температурасын көрсетеді. Сондай-ақ Дулат екеуміз «ақылды» сағаттың өз қосымшасын да жасап шықтық. Онда жасанды интеллект жұмыс істейді. «Google» ассистент көмекшіміз науқас адамның кез келген сұрағына жауап береді. Көбінесе науқас адамдар ұсақ-түйек үшін емханаларға барады. Науқас адамның уақытын үнемдеу үшін және дәрігердің жұмысын жеңілдету мақсатында біз осындай көмекшіні енгіздік, – дейді Адия Тұрсынбай. Ұялы қосымшада дәрігердің бекіткен дәрі ішу кестесі де енгізілген. Жас ғалымдар енді смарт-сағатты қалалық емханалардың бірінде іс жүзінде сынап көрмек. Алдағы уақытта өнертапқыштар ыңғайлы болу үшін құрылғының көлемін кішірейтіп, одан әрі жетілдірмек. Құрылғыға қан қысымын өлшейтін қондырғыны қосуды да жоспарлап отыр. Ал Дулат Исабек биыл 10-сыныпқа барады. Робототехникамен қатар программалау үйірмесіне қатысып жүр. Ауқымды ғылыми жобалар дайындауға қызығушылығы қаңтар айында басталған. Сөйтіп, робототехника байқауына қатысу үшін арнайы жоба жасауды қолға алады. Жоба гидроэнергияға байланысты. Дулат аталған сайыста үздіктер қатарынан көрініп, арнайы номинацияға ие болды. Ізденімпаз жігіт сол жетістігімен тоқтап қалмай, қабілетін дамыта түседі. Талапшыл жас жаңашыл жобаларымен «KazRobotics», «Robocompproject» және тағы да басқа сайыстарға қатысып, көзге түсе бастайды. Осылайша біліктілігін шыңдап, тәжірибе жинақтағаннан кейін ерекше жоба жасау қажет деген шешімге келеді. – Сәуір айының аяғында Адия екеуміз қоғамға қажетті, халыққа пайдалы жоба жасау туралы ақылдастық. Себебі біз қатысатын байқаудың талаптарына сәйкес қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге көмек беретін жоба дайындау қажет болды. Адия екеуміз іздене келе, ғаламтор желісінде қытайлық азаматтың инфаркт және инсульт ауруларының алғашқы белгілерін анықтайтын сағатты жасағанын көрдік. Мұндай сағаттар Қазақстанда жоқ. Өкініштісі сол, елімізде жыл сайын 30 000-нан аса адам инфаркт және инсульттан қайтыс болады. Сөйтіп, адам өмірін сақтап қалуға бағытталған жобаны іске асыру ойы туындады. Ойымызды жүзеге асыру ниетімен қытайлық азаматтың сағатының жасалу үлгісіне қарай отырып, алайда басқа негізбен (принцип) жұмыс істейтін сағатты ойлап таптық. Жобаның алғашқы үлгісін жасаған соң «WRO 2023» атты байқауға қатыстық. Өкінішке қарай, жарыстан орын ала алмадық. Алайда қазылар алқасына жобамыз ұнады. Кейбір кемшіліктерін айтты. Дегенмен жоба қоғамдағы өзекті мәселені шешуге зор үлесін қосатынын жеткізіп, оң бағасын берді. Адия екеуміз жобаны небәрі 3 ай ішінде жасап шығардық. Десе де бұл жобаның тек бастамасы ғана. Кезең-кезеңімен сағатқа түрлі өзгерістер енгізіп, дамытатын боламыз. Айта кетейін, жобамызды іске асыру үшін мектеп ұжымы барынша қолдау көрсетіп тұрды. Түрлі электронды құрылғылармен, арнайы мамандармен қамтамасыз етті. Сонымен қатар «Робототехника» үйірмесінің мұғалімі ойымызда болған жобаны шынайы макет/үлгі түрінде жасауға өз үлесін қосып, көмек берді, – дейді Д.Исабек. Жоба авторларының бірі Адия Тұрсынбай болса, 8-сыныпты аяқтаған. Кішкентайынан IT саласына бейім қыз ерекше жобалар дайындап, республикалық «Robotek Grand Tournament», «First lego league challenge alan first championship core values champion's award» және тағы басқа байқауларда жүлдегер атанып үлгерген. Жақында өнертапқыш жастар облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің дарынды балалармен және олардың оқытушыларымен өткізген кездесуіне қатысып, жобаларын таныстырды. Жас ғалымдар ұсынған жобаға жоғары бағасын берген Нұржан Молдиярұлы: «Біз ұсынылған барлық жобалар азаматтарымыздың өмірін жақсартуға бағытталғанын көріп отырмыз. Ғылыммен айналысуды ұнататын, басқаларға көмектескісі келетін және бірегей ғылыми жобаларды әзірлейтін оқушыларымызды қолдауға тиіспіз», деп, облыс әкімдігінің білім, цифрлық технологиялар, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту, денсаулық сақтау басқармаларына бірегей жобаларды одан әрі сүйемелдеу жөнінде тапсырма жүктеді. Сондай-ақ жуырда жоба авторлары өз өнертабыстарының тиімділігін тексеру мақсатында облыстағы кардиологтар мен науқастардың көмегімен портативті құрылғы арқылы динамикалық бақылау жүргізді. Болашақта дарыны мен қарымы келіскен талантты оқушылар сағаттарын күнделікті тағып жүруге ыңғайлы ету үшін одан әрі жетілдірмек. А.ЖАҢАБАЙ