Әлеумет

ӘЛЕМ ЖҰРТЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛЫ

ӘЛЕМ ЖҰРТЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК АХУАЛЫ

Қазір әлемде әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық үдерістер жедел дамып келеді. Уақыт шарттарына сәйкес, азаматтардан жағдайға тез бейімделу, технологияға ілесе отырып, креативті идеялармен бір толқында жүру талап етіледі. Жалпы халықтың әлеуметтік мобильдігіне әсер ететін негізгі факторларға білім, денсаулық сақтау, еңбек пен технологиялық дамудағы сапалы қызметтерге қол жеткізу мүмкіндіктері сынды көрсеткіштер жатады.

Дүниежүзілік экономика форумы «Жаһанның әлеуметтік мобильдік есебі 2020» (The Global Social Mobility Report 2020) және Ұлыбританияның Әлеуметтік мобильдік коммиссиясының «Ұлттың жағдайы 2022» (State of the Nation 2022) еңбектерінің дерегін негізге ала отырып, «Жаhандық әлеуметтік мобильдік индексін» жариялаған. Индекс мемлекеттердің халықтың әлеуметтік дамуына жасаған қолайлы шарттарын, білім мен ғылым, іргелі медицина қызметтері, технологиялық дамудың мүмкіндіктерін Үкіметтің халыққа қызмет көрсету саласында қолдануы сынды көрсеткіштер жиынтығын бағалайды. Зерттеу жұмысы мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ететін іргелі факторлардың жекелеген мемлекеттерде қаншалықты тиімді әрекет ететінін, сондай-ақ осы көрсеткіштерді әлеуметтік мобильдіктің нақты нәтижелеріне айналдыруға көмектесетін қолайлы орта факторларын өлшейді. 82 мемлекет пен 51 индексті қамтитын бұл зерттеу әлеуметтік-экономикалық жағдайына, жынысына, шығу тегіне және өзге де факторларға қарамастан халыққа тең мүмкіндіктер жасауға барынша ыңғайлы орта қалыптастыра білген әлемдегі ең тиімді экономикаларды анықтайды. Индексте жаhандағы экономикалық ахуал, пандемия, цифрлану, «жасыл» экономикаға көшу секілді өзгерістер бүгінгі және болашақ ұрпақ мүмкіндіктерінің теңдігі мен әлеуметтік мобильдігіне сын-қатер тудыруы туралы баяндалған. Жаһандық әлеуметтік мобильдік индексі бес негізгі көрсеткіш бойынша мемлекеттердің экономикасына баға береді. Олар: денсаулық, білім беру (қолжетімді, сапалы, тең және өмір бойына білім алу), технологияға қолжетімділік, әділ еңбек мүмкіндігі, әлеуметтік қорғау және инклюзия институттары. Зерттеу деректеріне сүйенсек, дамыған және дамушы елдердегі айлығы жоғары 10 пайыз маман айлығы төмен 40 пайыз жұмысшыға қарағанда 3,5 есе көп табыс табады. Азаматтарға тең мүмкіндік беру бойынша Солтүстік Еуропа елдері көш басында, ал әлемдік рейтингте Қазақстан 38-орында тұр. Осы индекске қосылған мемлекеттер әлеуметтік мобильдік бойынша өз көрсеткішін 10 ұпайға арттырса, олардың ЖІӨ-сі 4,41 пайызға артып, халықтың әлеуметтік бірігуіне, орта таптың қалыптасуына үлкен ықпал етеді. Зерттеу мәліметтерін бағдарласақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше мемлекеттердегі байлық тең бөлінбеген, жеке байлықтың жартысынан көбі халықтың 10 пайызын құрайтын ауқаттылардың қолында. Ал ауқатты отбасылардың мұрасына оңтайлы салық жүйесін енгізу қоғамдағы мүлік теңсіздігінің төмендеуіне әсер етуі мүмкін деген қорытынды жасалған. Тәуекел іс-әрекетке (құмар ойындар, бәс тігу және тағы да басқа) баруды азайту саясатын жетілдіру қоғамдағы өзара тең мүмкіндік пен мобильдікті арттыруға ықпал ететін факторлардың бірі ретінде сипатталады. Құжатта көзге түсер деректердің бірі – әлеуметтік жағдайы әуел бастан жоғары топтардың әрі қарай өсу мүмкіндігі де жоғары деп танылады (⅔ жағдайда бұл үрдіс сақталады). Соңғы онжылдықта әлеуметтік мобильдіктің төмендеу тенденциясы төменгі және орта тапта анық көрінген. Табыстан бөлек, әл-ауқаттың басқа көрсеткіштері де (физикалық немесе психикалық денсаулық, әлеуметтік капитал) үнемі өзгеріп отырады. Ол көрсеткіштер өзара ықпал етіп, адам мүмкіндіктерін арттыруы немесе төмендетуі де ықтимал. COVID-19 пандемиясы кезінде әйелдердің, азшылық топтардың және табысы төмен отбасыдан шыққан балалардың әл-ауқаты басқа топтармен салыстырғанда көбірек төмендеді. Отбасында мүмкіндігі шектеулі жан бар топтар мұндай проблемасы жоқтар табысының 84 пайызына өмір сүреді. ЭЫДҰ-ның Еуропадағы елдерінде ең аз қамтылған отбасылардың балалары басқа балаларға қарағанда ересек жаста шамамен 20 пайызға аз жалақы алады. АҚШ-та жүргізілген «Мүмкіндікке қарай қадам» тәжірибесінде ауқаттылар ауданында өскен табысы төмен отбасының балалары өзгелермен салыстырғанда білім беру, денсаулық және еңбек қабілеті бойынша әлеуеті жоғары болатыны анықталған. Қорытындылай алғанда, Жаһанның әлеуметтік мобильдік индексі – әлеуметтік жағдайды жақсарту және экономика мен қоғамдағы мүмкіндіктердің тең бөлінуіне ықпал ету салаларын анықтаудың пайдалы құралымен қамтамасыз етуге арналған зерттеу жұмысы. Индекс әлеуметтік мобильдікті арттыруға бағытталған саяси әрекеттер мен әлемдік тиімді іскерлік тәжірибелерді анықтау мақсатында жаңа стандарттарды белгілеу мүмкіндіктеріне жол көрсетуші сапалы көмекші құрал бола алады. Бауыржан СЕРІКБАЕВ, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы