Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН МЕН ГРУЗИЯ ӘРІПТЕСТІГІ СЕРПІНДІ ДАМУДА

ҚАЗАҚСТАН МЕН ГРУЗИЯ ӘРІПТЕСТІГІ СЕРПІНДІ ДАМУДА

Жуырда Алматы қаласында Қазақстан Премьер-Министрі Әлихан Смайылов пен Грузия Премьер-Министрі Ираклий Гарибашвили сауда, көлік және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында Әлихан Смайылов Грузия Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті. Жалпы 2023 жылдың 6 айында өзара сауда көлемі шамамен 30 пайызға өсіп, 190 миллион долларды құрады. Бұл ретте сауда көлемін одан әрі арттыру үшін Үкіметаралық комиссия жұмыс істейді. Премьер-Министр екіжақты қарым-қатынаста транзиттік-көлік секторындағы ынтымақтастыққа басымдық берілетінін атап өтті. Мәселен, бүгінде екі ел арасында Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясындағы әріптестік қарқынды нығайып келеді. Өткен жылдың 6 айының қорытындысына сәйкес Орта дәліз бойынша жүктерді тасымалдау көлемі 77 пайызға өсіп, 1,3 миллион тоннаны құраған. Әлихан Смайылов қол жеткізілген уағдаластықтар осы дәліздің одан әрі дамуына қосымша серпін бергенін айтып өтті. Атап айтқанда, цифрландыру, тасымалдауға тұрақты тарифтерді бекіту және бірыңғай логистикалық оператор құру жөніндегі мәселелердің ілгерілеуі ерекше маңызға ие болды. «Біз аймақтың көлік байланысын арттыруға және транзиттің жағдайын жүйелі түрде жақсартуға мүдделіміз. Жалпы алғанда, Қазақстан Үкіметі Қазақстан-Грузия әріптестігінің барлық сала бойынша серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін көп жоспарлы жұмысты жалғастыруға ниетті екенін ерекше атап өткім келеді», деді Премьер-Министр. Өз тарапынан Ираклий Гарибашвили Грузияның екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі бойынша Қазақстанмен тиімді өзара іс-қимылды нығайтуға дайын екенін растады. «Бұған дейін біз екі елге де қызықты жобаларды жүзеге асырудың ауқымды жоспарларын талқылағанбыз. Біз Орта дәлізді дамытуға және осы бағыттағы бірлескен жоспарларға үлкен көңіл бөлеміз. Тиісті Жол картасына қол қойылды. Біздің ынтымақтастығымыз әрі қарай да тиімді болатынына сенемін», деді Грузия Премьер-Министрі.