Кәсіп

АСТАНАДА ӨТКЕН ІСКЕРЛІК ФОРУМЫ: СЕРІКТЕСТІКТІҢ СЕНІМДІ ҮЛГІСІ

АСТАНАДА ӨТКЕН ІСКЕРЛІК ФОРУМЫ: СЕРІКТЕСТІКТІҢ СЕНІМДІ ҮЛГІСІ

Тəуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан бейбітсүйгіш ел ретінде танылып, шет мемлекеттермен қарым-қатынасын жандандыра түсті. Қазақстанның тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында саяси-дипломатиялық байланыс орнатқан елдерінің бірі – Ауғанстан. Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы берік байланыс 1992 жылдың 12 ақпанында орнаған болатын. Іле-шала 1993 жылы Алматыда Ауғанстанның елшілігі ашылса, 2002 жылы Кабулда Қазақстанның дипломатиялық миссиясы жұмысын бастады. Еліміз Ауғанстанмен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы секілді бірқатар халықаралық алаңдар шеңберінде белсенді қарым-қатынас жасап келеді.

Ауғанстанмен ұзақ уақытқа жалғасқан тығыз әрі жемісті қарым-қатынастарымыз жылдан-жылға жандана түсуде. Оған дәлел – күні кеше ғана Ауғанстанның сауда министрі Нұриддин Азизи бастаған 210 адамнан құралған делегацияның елордамызға табан тіреп, екі ел бизнес-форумының өтуіне мұрындық болуы. Делегацияны әуежайда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин күтіп алды. Ауғанстаннан ат арытып жеткен қонақтардың қатарында Ауғанстанның Орталық банкінің басшылары, ірі жекеменшік банктердің, «Да Афганистан Брешна Шеркат» (DABS) энергетикалық компаниясының, «Афган телеком» (AfTel) телекоммуникациялық компаниясының, ауылшаруашылық өнімдері мен малшаруашылығы палатасының, сауда-инвестициялық палатасының, сондай-ақ ауылшаруашылығы, фармацевтика, өнеркәсіп, көлік-логистика, инженерлік, тоқыма және басқа да компаниялардың өкілдері бар. Негізі іскерлік форумды өткізуге екі тарап та мүдделі. Қазақстан – Ауғанстан нарығына ірі азық-түлік жеткізушісі. Қазақстандық экспорттың ең үлкен үлесі ұн мен бидайға тиесілі. Өткен жылы Ауғанстан 1,28 миллион тонна қазақстандық ұнды импорттап, Өзбекстан және Тәжікстанмен қатар, осы өнімді тұтынушы негізгі үш ел арасында көш бастады. «Ауғанстан Қазақстан үшін ұн өткізетін негізгі нарық болып саналады, оған ұн экспортының жалпы көлемінің 70 пайызы тиесілі. Қазіргі уақытта біз экспорттық себетті әртараптандыру үрдісін көріп отырмыз. Біздің есептер бойынша, Қазақстанның Ауғанстанға азық-түлік, мұнай-химия, химия, металлургия, жеңіл, машина жасау салалары бойынша 500 миллион АҚШ доллары сомасына тауар жеткізетін экспорттық әлеуеті бар», деді форумда Серік Мақашұлы. Вице-премьердің айтуынша, барлық Орталық Азия елдерінің ішінде Ауғанстан Қазақстанмен жиі саудаласады. Екі ел арасындағы өзара тауар айналымы шамамен 1 миллиард АҚШ долларына жеткен. Болашақта сауда көлемін 3 миллиард долларға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Биыл Гератта Қазақстанның сауда үйі ашылған. Бұл екі ел арасындағы экспорттық-импорттық тасымалды ұлғайтуға және әртараптандыруға мүмкіндік береді. Ауғанстанда қазір шамамен 40 миллион халық тұрады. Бұл ретте еліміз сауда-саттық саласында қызығушылық танытып отырған Пәкістан мен Үндістанның, сондай-ақ Таяу Шығыстың жақын маңдағы кең нарықтарына шыға алады. Осы тұрғыда Қазақстанның Ауғанстан арқылы өтетін сауда бағыттарын әртараптандыру сауда қатынастарын дамытуға және екі елдің экономикасын нығайтуға ықпал ететін болады. Бірінші жартыжылдықта Қазақстан пәкістандық картоптың импортын Ауғанстан аумағы арқылы өтетін және Пәкістанды Орталық Азия елдерімен, оның ішінде біздің елмен байланыстыратын ең қысқа автомобиль жолы арқылы жүзеге асырған. Бүгінде қазақстандық бизнес өңірдің барлық елімен өзара іс-қимыл жасайды. Сауданың қауіпсіздігі мен тартымдылығын қамтамасыз ету үшін тараптар өзара сауда-саттық үшін оңтайлы жағдай жасауға келісуде. «Түрікменстан өз аумағы бойынша тасымалдарды дамытуға мүдделі және өз аумағында жеңілдікпен транзиттік тариф ұсынуға дайын. Бұл бағыт, ең алдымен, ұн тартатын өнімдерге балама жөнелту бағыты бола алады. Осы мақсаттар үшін шикізаттық емес тауарлардың экспортын ілгерілетудің бірыңғай операторы «QazTrade» отандық тауарларды Болашақ стансасына дейін жеткізуді арзандатуды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар біз Өзбекстанмен екі ел аумақтарымен транзиттік теміржол тасымалдарына жеңілдік шарттарын ұсыну бойынша уағдаластықтарды нығайттық, осылайша біз Ауғанстанға ұн мен астықты тепе-тең негізде жеткіземіз», деді Серік Жұманғарин. Транзиттік-көлік жүйесін кеңейту үшін 2021 жылы Өзбекстан, Ауғанстан және Пәкістан билігі Термез-Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар трансафган теміржолын ұзартуға келісті. Бұл маршрутты салу тек Ташкент, Кабул және Исламабад үшін ғана емес, сондай-ақ Азия аймағының басқа елдері, сондай-ақ Таяу Шығыс үшін де сауда жолдарын ашады. «Қазақстан Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар теміржол трансафган көлік дәлізін салу бастамасын жоғары бағалайды. Бұл Орталық Азия мемлекеттерінің Оңтүстік Азия, Таяу Шығыс елдерімен үздіксіз өңіраралық ынтымақтастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл бағыт сауда-экономикалық қатынастар динамикасына жаңа серпін береді», деді өз сөзінде Серік Мақашұлы. Қазақстандық тараптың пікірінше, Ауғанстанмен энергетика саласындағы ынтымақтастық үшін жақсы перспективалар бар. Атап айтқанда, мұнай мен газды өндіру және тасымалдау жөніндегі жобаларды іске асыру елдерге өз экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді. Іскерлік форумы аясында жалпы сомасы 190,8 миллион долларға жуық экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. ҚР Сауда және интеграция министрлігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ауылшаруашылық өнімдерін, ұн мен өсімдік майын жеткізуге барлығы 15 шарт, сондай-ақ майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы (Қазақстан) мен Май дилерлерінің Балх одағы (Ауғанстан) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қой қойылған. ...Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға әрдайым алаңдаушылық білдіріп, елдегі дағдарысты тұрақтандыру, гуманитарлық көмек көрсету және әлеуметтік-экономикалық жағдайды қалпына келтіру, сондай-ақ екі ел арасында сауда байланыстарын арттыру жөнінде жиі айтып жүр. 2021 жылы аталған елде билік ауысқаннан кейін де Президент саяси көзқарастар мен жеке мүдделерге қарамастан, өзге мемлекеттерді Ауғанстандағы мәселеге бейжай қарамауға шақырды. «Қазіргі заман қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жетілдіруді талап етеді. Біздің осы саладағы өзара іс-қимылымыздың негізгі бағыттары әскери ынтымақтастық тұжырымдамасында, сондай-ақ 2025 жылға дейінгі сыртқы шекараларда қауіпсіздікті нығайту жөніндегі бағдарламада белгіленген. Бұл ретте терроризмнің, діни экстремизм мен есірткі саудасының күшейе бастаған сын-қатерлеріне қарсы бірлесіп күресуге мән беру керек. Қазақстан БҰҰ-ның Ауғанстанға қатысты ұстанымын құптайды. Осы елдегі ауыр гуманитарлық жағдай халықаралық қауымдастықтың назарында болу керек. Саяси ұстанымдарымызға немесе жеке мүддемізге қарамастан, Ауғанстан халқын бұл қиындықтармен бетпе-бет қалдырмауымыз қажет», деді Мемлекет басшысы. 2021 жылы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесуінде де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстандағы ахуалға байланысты өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы Ауғанстанға көрсетілетін көмекті жалғастыруға дайын екенін және сол елдегі тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған халықаралық іс-қимылдарға атсалысатынын айтты. Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев пен БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі және Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы Дебора Лайонстың кездесуі барысында Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастар және аталған мемлекетке көмек көрсету бойынша халықаралық күш-жігерді біріктіру аясында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды. Мемлекет басшысы сол жолы Қазақстанның терроризм мен экстремизмге қарсы күрес, Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсету, ауған студенттері үшін білім беру бағдарламаларын жалғастыру салалары бойынша халықаралық қоғамдастықпен жан-жақты ынтымақтастықты жалғастыруға бейілді екенін айтқан болатын. Дебора Лайонс Ұйымның Ауғанстандағы миссиясының қызметіне қолдау көрсеткені үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдірді. Биыл маусым айында өткен Астана халықаралық форумында да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан мәселесін тағы көтерді. Еліміздің барлық уақытта бейбітшілік пен халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында бар күшін салатынын, Сирия дағдарысын шешу үшін Астана бейбіт үдерісіне бастамашы болғанын атап өтті. Сондай-ақ штаб-пәтері Астанада орналасқан Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес өңірлік және жаһандық проблемаларды шешудің беделді тетігіне айналғанын тілге тиек еткен Президент еліміздің Ауғанстандағы гуманитарлық дағдарысты еңсеруге белсенді қатысып келе жатқандығын айтып, аталған елге көмек көрсететін өңірлік орталық құру туралы бастама көтерді. «БҰҰ қамқорлығымен ауған халқына жан-жақты көмек көрсетуді одан әрі арттыру қажеттігін атап өткім келеді. Бұл тұрғыда Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру маңызды. Қазақстан жаһандық және өңірлік серіктестерімен достық қатынасты ұстануға бар күш-жігерін салады. Және де біз Орталық Азиядағы бауырлас елдермен өңірлік ынтымақтастықты арттыруға ниеттіміз», деді сонда Мемлекет басшысы. Яғни Қазақстан тарапы ауған халқының бүгінгі заман талабына сай өркениетті елге айналуына, сонымен қатар екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытып, Оңтүстік Азияның үлкен нарығына жол салуға мүдделі. Жуырда өткен бизнес-форум да сол үлкен мақсат жолындағы нақты бастамалардың бірі боларына сеніміміз мол.