Әлеумет

АСҚА ҚАТЫСТЫ АЙТЫЛА БЕРМЕЙТІН АҚИҚАТ

АСҚА ҚАТЫСТЫ АЙТЫЛА БЕРМЕЙТІН АҚИҚАТ

Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – тамақтану. Бір қарағанда тойып тамақ ішіп жүргеніміздің несі мәселе дерсіз?! Бірақ британдық философ Бертран Рассел айтпақшы, «Адамды жүйелі әрі мақсатты түрде тамақтандырып та малға айналдырып жіберуге болады».

Қазір дүниежүзінде 7 миллиард 850 миллион халық бар. Алайда Нобель сыйлығының лауреаты Генри Киссинджер айтқандай, 2050 жылы жер бетінде 1 миллиард қана адам қалады. Оның 500 миллионын тәртіпке бағынатын Қытай, Жапония азаматтары құрамақ. Сонда біздің қазақ құри ма? Қазіргі тамақтану салтымызға қарасақ, солай секілді. Неге десеңіз, біз тұтынып жүрген барлық тамақтың қаптамасында «Е» таңбалары бар. Демек, ол қауіпті, күдікті, тыйым салынған, қатерлі ісік ауруларын тудыратын өнімдер деген сөз. Бірақ адамдар оны елең қылмайды. Сатып алып, тұтынып жатыр. Сонда біз келешекте қандай ұлт боламыз? Мені осы мәселе қатты толғандырады. Гендік-модификацияланған тауарлар бар. Көпшілік ГМО деп жүр. Күнделікті тұтынатын тағамымызда дәл осындай қоспалар көп. Сонда ертең біздің тұқымымыз не болады? Қытайдың қолдан жасалған күріші біздің нарыққа келіп жатыр. Оны қытайлардың өздері жемейді. Есесіне өте арзан бағада Қазақстанға сатылып жатыр. Бұл да қауіпті. Одан кейінгі ұнтақталған сүт те жақсылыққа апармайды. Біз оны кеңестік кезеңде торғайға, бұзауға беретінбіз, жемге қосатынбыз. Қазір халық соны ішіп жатыр. 3-4 жыл бұрын сүт, айранның сыртқы қаптамасына ұнтақтан жасалса, «ұнтақтан жасалған» деп жазылатын. Қазір ол да жоқ. Бәрін құдды бір сауын сиырдан алып беріп жатқан сияқты. Сүт зауытында бірде-бір сүт таситын көлік жоқ. Неге? Өйткені бәрін ұнтақтан жасайды. Бірнеше жыл бұрын Қытайда сүт ұнтағына рұқсат етілмеген дәрі қосқаны үшін өндіруші компанияның директоры мен басшылық өкілдерін түгел ату жазасына кесті. Ал біз сол сүт ұнтағын әкеліп, халықты асырадық. Ешкім мән бермеген соң қала берді. Қазір мал семірту үшін екпе салады. Сол себепті ет жей алмайсың. Жесең, ауырып қаласың. Сонда қазақ азып кетпей ме?! Екпемен семіртілген мал бұрын оңтүстіктен келетін. Қазір Астананың маңындағылар да екпемен екі елі қазы шығарып жүр. Пластик бөтелкемен су ішудің де зиян екенін біле тұра пайдаланамыз. Ол салқын жерде тұрса да, жылы жерде тұрса да диоксин деген улы зат бөледі. Бұл қатерлі ісік ауруына шалдықтырады. Әрбір екінші әйел кеуде рагымен ауырады. Мен білсем, соның барлығы осы пластик бөтелкеден. Оны ғалымдар да айтып жүр. Ал Норвегия, Дания, Швеция әуел бастан шыны бөтелкені пайдаланады. «Шадринское» брендімен шығатын сүт өнімдеріне шошқаның майы қосылады. Соның таза емес екенін қазақтар неге білмейді? Ашытқының өзі зиян. Ертеде қазақтар нанды айранмен ашытатын. Орыстардың өзі хмельді пайдаланады. Ал біз ашытқыны қолданып жүрміз. Шығыс халқы ашымаған нан жейді. Одан кейін дәрі-дәрмектің 40 пайызы қолдан жасалып, сатылып жатыр. Сауд Арабиясында мұндайды анықтаса, бірден ату жазасына кеседі. Ал бізде мән бермейді. Бұрындары 270 мың халқы бар Астанада (Целиноград кезінде) 4 дәріхана болатын. Қазір 1 шаршы шақырым сайын дәріхана тұр. Менің үйімнің айналасында 6 дәріхана бар. Қызығы сол, әрқайсысындағы дәрілердің бағасы әртүрлі. Мысалы, біреуінде 13 мың теңге деп тұрған дәрі екіншісінде 9 мың теңгеге сатылып жатыр. Сонда әркім қалаған бағаны қоя бере ме? Бұл – халықты тонау ма? Осыны тәртіпке келтіруге болады ғой. Осының бәріне мемлекет бақылау жүргізуі керек. Зертханаларды жекеменшік қылып жібердік. Салдарынан қазір әркім әкеліп сүт, қымыз сатып жатыр. Бәрі су қосады. Жарайды таза су болса мейлі, басқа да нәрселерді қосып жіберсе не болады? Ешкімге ештеңе керек жоқ. Еш жерде бақылау жоқ. Мәселе осы болып тұр. Бұрынғы бас санитар Жандарбек Бекшинмен 10 жыл бұрын сөйлескенмін. Сонда «мамандарды шетелге жіберіп оқытқалы жатырмыз» деген. Сол мамандар қазір қайда? Тоқсанға келген маған мұның келіп-кетері жоқ. Мен ұрпағым үшін алаңдаймын. Осындай мәселелерді жоғары жаққа жеткізу керек. Келешекті, ұлтты ойлайық. Ақшаға сатылғандар ата-анасын да керек қылмайды. Ертең жер бетінде бір ғана миллиард халық қалса, соның ішінде қазақ бола ма? Генри Киссинджердің айтуынша, финдер халқына қандай тамақ қажет екенін мұқият зерттеген. Ақыры селен микроэлементін пайдалану керек деген тоқтамға келеді. Сөйтіп, өмірін ұзартып жатыр. Біз де мемлекет емеспіз бе? Ендеше ішер асымызды неге реттемейміз? Ұлттық тағамдарымыз баршылық. Бір жарым мың ұлттық тағамымыз болған. Оның бәрінен айырылып бара жатырмыз. Түбі Бертран Расселдің айтқаны келе ме деп қорқамын. Ойланайық, ағайын!

Қасым ТӘУКЕНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері