Полицейлер жол жағдайын тексерді
Полицейлер жол жағдайын тексерді
Тексеру барысында облыстың автожолдарында 8 198 ақау анықталды. Тексеру нәтижелері бойынша жол мекемелерінің басшыларына қатысты орындауға 1 284 нұсқама берілді. Автомобиль жолдарын күтіп ұстаудағы кемшіліктер бойынша жергілікті атқарушы органдарға 529 ақпарат жіберілді. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Николай Сонның айтуынша, көлік жолдарын қанағаттанарлықсыз күтіп ұстағаны және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін 218 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде Меркі және Мойынқұм ауылдық округтерінің, Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің және Тұрар Рысқұлов ауданының мамандары, Байзақ ауданы ауылдық округтерінің әкімдері және заң фирмалары. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 631-бабының 1-бөлігі бойынша жолдарда жұмыстарды жүргізу, жолдарды, теміржол өткелдерін және басқа да жол құрылыстарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 145 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар 15 жауапты тұлғаға осы іс-әрекеті үшін, алайда салдары жол-көлік оқиғасына әкеп соққаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 631-бабының 2-бөлігі бойынша жаза қолданылды. Сондай-ақ 52 лауазымды тұлғаға қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 630-бабының 1-бөлігі бойынша жолдарды, теміржол өткелдерін және басқа да құрылыстарды немесе жол қозғалысын реттеудің техникалық құралдарын бүлдіргені үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды.