Заң

Сот саласындағы сабақтастық

Сот саласындағы сабақтастық

«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасының алғышарты, ол – әділ сот жүйесі. Қазір елімізде азаматтардың құқығы мен бостандығын қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар жыл санап жетілдіріліп келеді. Дұрыс әрі әділ шешім шығаратын сот төрелігін қалыптастыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Облыстық соттың баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, соңғы айларда облыс соттарына түскен және қаралған қылмыстық істер саны көбейген. Сотқа өткен жылмен салыстырғанда 36 қылмыстық іс артық түскен. Тиісінше үкім шығарумен аяқталған істердің саны 60-қа дейін өскен. Осы жылдың 5 айында үкім шығарумен 705 адамға қатысты 599 қылмыстық іс қаралған екен. Бұл өткен жылдың 5 айымен салыстырғанда 60 тұлғаға қатысты 60 іске көп, ал үкім шығарумен 645 тұлғаға қатысты 539 іс қаралған. Апелляциялық тәртіппен қаралған істер мен материалдардың саны 205 бірлікке артыпты. Есептік кезеңде 695 тұлға сотталған. Оның ішінде 252 адам нақты бас бостандығынан айырылған. Бұл 36,3 пайыз көрсеткішті құрап отыр. Сондай-ақ соңғы 5 айда 10 адам ақталып шыққан. Салыстырмалы түрде алып қарасақ, өткен жылдың 5 айында 15 адам ақталған. Әділ сот тарихындағы елеулі жаңалық – алқабилер соты. Бұл – халықтың сот билігіне араласуының бірден-бір мүмкіндігі. Сондықтан бұған ерекше көңіл бөлініп, конституциялық норманы іске асыру барысында біраз жұмыстар атқарылды. Оның үстіне сот ісіне халық өкілдерін қатыстыру және оған көпшіліктің бақылауын ұйымдастыру демократиялық қоғамның бір көрінісі. Облыста алқабилердің қатысуымен есепті кезеңде 1 адамға қатысты 1 қылмыстық іс қаралса, ал былтырғы жылдың 5 айында 2 адамға қатысты 2 іс қаралған. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің бірі әкімшілік құқықбұзушылыққа арналған. Бұл кодексте мемлекеттік немесе қоғамдық тәртіпке, азаматтардың жекеменшігіне, құқықтары мен бостандықтарына, белгіленген басқару тәртібіне нұқсан келтірген азаматтардың ісі қаралады. Бұл үшін арнаулы заңдарда әкімшілік жауапкершілікке тарту көзделген. Жеке адамның әкімшілік жауаптылық көзделген құқыққа қарсы, кінәлі (қасақана немесе абайсызда жасалған) іс-әрекеті не әрекетсіздігі немесе заңды тұлғаның құқыққа қарсы іс-әрекеті не әрекетсіздігі әкімшілік құқықбұзушылық болып танылады. Өңірде есепті кезеңде әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаралған істер саны 365 іске азайған. Сондай-ақ апелляциялық тәртіппен 4 іс бойынша қаулылардың күші жойылыпты. Облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы, Азамат Тлеповтің айтуынша, қылмыстық істердегі сот төрелігін іске асыру сапасы бойынша осы жылдың 5 айында апелляциялық тәртіппен 8 адамға қатысты 5 қылмыстық іс үкімдерінің күші жойылыпты. Мұнымен қатар 69 адамға қатысты 53 іс бойынша үкімдер өзгертіліп, кассациялық тәртіппен 2 адамға қатысты 1 үкімнің күші жойылған. – Қамауда ұстауға санкция беру, оның мерзімдерін ұзарту туралы материалдарды қарау бойынша да айтып өтейін. Осы жылдың 5 айында облыста тергеу судьяларымен қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасына санкция беру туралы 363 материал қаралды. Оның ішінде 299 өтінішхат қанағаттандырылса, 64 өтінішхат бойынша санкциялаудан бас тартылды. Осыған ұқсас 2022 жылдың 5 айында қамауда ұстауға санкция беру туралы 497 материал қаралды. Оның 90,9 пайызы қанағаттандырылса, 9,1 пайызынан бас тартылды. Осылайша осы жылы қаралған материалдар санының 27 пайызға азайғаны байқалады. Тиісінше қанағаттандырылған өтініштер саны 42,2 пайызға азайған. Қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы қанағаттандырылған өтінішхаттар туралы да баяндасам. Аталған өтінішхаттар аса ауыр қылмыс жасаған 45 тұлғаға, ауыр қылмыстар бойынша 180 тұлғаға, ауырлығы орташа қылмыстар бойынша 32 тұлғаға, ауырлығы төмен қылмыстар жасаған 40 тұлғаға қатысты қолданылды. Қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолдану ауырлығы орташа немесе онша ауыр емес қылмыстар бойынша, негізінен, жәбірленушілердің қаза болуына әкеп соққан көліктегі қылмыстар бойынша, кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар бойынша, сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуіне байланысты қылмыстар жасауымен байланысты, – дейді Азамат Серікұлы. Үкімдерді орындау тәртібімен материалдарға қатысты облыс соттарымен шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы (Қылмыстық кодекстің 72-бабы) 472 материал қаралған екен. Оның ішінде 135-і немесе 28,6 пайызы қанағаттандырылыпты. Ал 289-ы немесе 61,2 пайызынан бас тартылған. Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту туралы (Қылмыстық кодекстің 73-бабы) 356 материал қаралған. Оның ішінде 79-ы немесе 22,2 пайызы қанағаттандырылды, 244-і немесе 68,5 пайызынан бас тартылды. Сонымен бірге шартты түрде мерзімінен бұрын босату мен жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру бойынша барлығы 828 материал қаралған. Оның ішінде 214 немесе 25,8 пайызы қанағаттандырылған. Сондай-ақ апелляциялық тәртіппен тағы 88 өтінішхат қанағаттандырылған. Сәйкесінше барлық өтініштердің қанағаттандырылу пайызы 36,4 пайызды құраған. Айта кетсек, өткен жылдың 5 айында шартты түрде мерзімінен бұрын босату бойынша 323 материал қаралған екен. Оның ішінде 80 іс қанағаттандырылса, 211 материалдан бас тартылған. Сондай-ақ жазаның өтелмеген бөлігін ауыстыру бойынша 295 материал қаралса, оның 38-і немесе 12,9 пайызы қанағаттандырылды. Ал 222 материалдан бас тартылды. Былтыр жалпы мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаны ауыстыру бойынша қанағаттандыру пайызы 19 пайызды құрады. Осылайша мерзімінен бұрын шартты түрде босату және жазаны ауыстыру бойынша материалдарды қарау кезінде іске қатысушылардың өтініштерін қанағаттандыру көрсеткіші айтарлықтай өскен. Ал жанұя-неке даулары бойынша биылғы бірінші жартыжылдықта соттарға 2 432 талап қою түссе, бұл көрсеткіш өткен жылдың осы уақытында 2 683 болған. Оның ішінде биыл 1 871 азаматтық іс, былтыр 2 040 іс қозғалған. Яғни былтырғымен салыстырғанда 169 іске кем болған. Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы төрағасының міндетін атқарушы Ардақ Әкетаевтың айтуынша, облыста жұбайлардың ажырасуы азайып келе жатыр екен. А.Әкетаев мұнда медиацияның да рөлі бар екенін алға тартты. – Біздің негізгі мақсатымыз – статистикалық мәліметтерді көздеу емес, басты мақсат – сот төрелігін сапалы жүргізу. Дегенмен жалпы күші жойылған және өзгертілген 66 шешім 1,3 пайызды құрап отыр. Бұл көрсеткіш азаматтық істер бойынша облыс және республика соттары арасындағы ең жоғарғы сапалы сот төрелігін жүзеге асырып жатқанын көрсетеді. 2022 жылдың қорытындысында да облыс соттары азаматтық істер бойынша сот төрелігін атқаруда ең жоғарғы нәтижелермен аяқтады. Алдағы уақытта да осы қарқынды қызметімізді одан әрі жалғастырып, сот төрелігін сапалы атқарамыз деп ойлаймын. Азаматтық алқамен «Отбасылық сот» пилоттық жобасымен қаралып жатқан азаматтық істер бойынша сот практикасы әркез сараланып келеді. Жыл басынан бері соттарға жанұя-неке даулары бойынша 2 432 талап қою түсті. Оның ішінде 1 871 азаматтық іс қозғалды. Бірінші сатыдағы сот төрағалары мен судьяларына неке бұзу туралы азаматтық істер бойынша медиация мен бітім келісімдерін бекітуге болмайтынын, осы істер санаты бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыру тапсырылған. Бітімгершілік рәсімдері тараптардың құқықтарына нұқсан келтірмей, ортақ келісім өз еріктерімен жасалынуы тиіс. Келісім аяқталғанша тараптарға міндетті түрде бітімді бекітудің салдарын ашып түсіндіру қажет. Бұл процессуалдық заң талаптарын қатаң сақтамаған жағдайда сот ұйғарымының күші жойылуға жатады, – дейді Ардақ Аманжолұлы. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді. Әкімшілік әділет институты бойынша дауларды қарау кезінде азаматтардың мүддесінің басым болуына мән беріледі. Бұл жөнінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Азаматтарымыз жария-құқықтық дауларда билік органдарының шешімдері мен әрекеттеріне қатысты шағым түсіру кезінде көп жағдайда теңсіздік ахуалында қалып жатады. Олардың мүмкіндіктерін мемлекеттік аппараттың ресурстарымен салыстыруға келмейді. Сондықтан осындай теңсіздіктерді болдырмау мақсатында дауларды шешудің ерекше тетігі ретінде әкімшілік әділет құрылымын енгізу керек», деп атап өткен болатын. Бұл жүйе бойынша да облыста жемісті жұмыстар атқарылып жатыр. Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Динара Нұрлыбаеваның айтуынша, әкімшілік әділеттің аясында осы жылдың 6 айында 712 әкімшілік іс түсіп, 526 іс қаралған. Сонымен қатар әкімшілік сотқа 617 талап қою түскен. – Өткен жылдың есептік кезеңімен салыстырғанда талаптардың саны 143-ке, яғни 20,1 пайызға өскені байқалады. Жекелеп айтсам, жер дауына қатысты – 166, сот орындаушыларының әрекеттеріне шағымдар бойынша – 162, салық даулары жөнінде 35 іс қаралды. Мемлекеттік сатып алу саласындағы даулар – 31, тұрғын үй даулары – 30, денсаулық сақтау саласында – 28, мемлекеттік қызметтер саласындағы даулар – 25, жария-құқықтық қатынастарға байланысты өзге де даулар 128-ді құрады. Шешім шығарумен 180 әкімшілік іс қаралды. Оның 100-і талап қоюшылардың пайдасына шешілсе, ал 80 істен бас тартылды. Оның ішінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты – 158 іс, аудандық соттар – 22 шешім шығарумен қаралды. Істің 53-і бітімгершілікпен аяқталды. Оның ішінде талап арызды қайтарып алуға байланысты – 16, медиация тәртібімен – 33, татуласу туралы келісім жасасумен 4 іс оң шешімін тапты. Соттың белсенді рөлімен 151 талап арыз кері қайтарып алуға байланысты қайтарылды, – дейді Д.Нұрлыбаева. Жеке, лауазымды және заңды тұлғаға (немесе оның өкіліне) 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алу шарасы қолданылатыны белгілі. Облыста ақшалай өндіріп алу ісі бойынша осы жылдың 1-жартыжылдығында барлығы 1 345 500 теңгеге 11 ақшалай өндіріп алу қолданылыпты. Оның ішінде 759 000 теңге сомасына 8 сот актісі орындалған. Айта кетерлігі, тұрақты негізде мемлекеттік және әкімшілік органдарға әкімшілік істерді қараудың сот тәжірибесі, барлық дәрежедегі шенеуніктер жіберетін қателіктер туралы хабарланады. Ақпараттық және түсіндіру сипатындағы осындай жұмыстар халықпен бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер, теледидарлар арқылы жүргізіледі.