Әлеумет

КІРПІШ САТЫП, ПАЙДАҒА КЕНЕЛГЕН КЕЛГЕНБАЙ

КІРПІШ САТЫП, ПАЙДАҒА КЕНЕЛГЕН КЕЛГЕНБАЙ

Жасы 70-тен асқан Келгенбай қарияның Үлгілі ауылына көшіп келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Қария алдымен аталған ауылдан жер алып, үй салуға кіріскен. Өзіне тартқан балалары да еңбекқор екен. Бар болғаны 1-2 жылда-ақ үлкен үйді бітіріп, кіріп алған.

Жаңа жер, жаңа ауылда қарап отыруға болмайтынын түсінген қарияның жұбайы Ділдакүл Атамбаева балаларымен ақылдаса келе, үй жанынан кірпіш дайындау цехын ашуды жөн көреді. Мұны жолдасы Келгенбай аға да қолдай кеткен. Сөйтіп, 62 жастағы Ділдакүл апай балаларын ұйымдастырып жаңа іске кірісіп кетеді. Бұған тағы бір себеп – ауылда кірпішке (пескоблок) деген сұраныстың жоғары болуы. – Қазір қай ауылға барсаң да құрылыс қызу жүріп жатыр. Біз көшіп келген Үлгілі ауылында да кейінгі 1-2 жылда бірнеше үй салынды. Жаңа көшелер пайда болуда. Біз де үйде қарап отырмай осы жылдың мамыр айынан бастап үй жанынан кірпіш дайындау цехын ашып, жұмысты қолға алдық. Алғашқы күннен осындай жұмысқа ебі бар, еңбекқор ұлым Мұхтарды қасыма алдым. Оған аталған жұмыстың қыр-сырын үйреттім. Нәтижесінде жұмысымыз жүріп кетті, – дейді кәсіпкер ана Ділдакүл Атамбаева. «Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» демекші, Дәлдакүл отбасымен ақылдаса келе, алдымен шағын бастырма жасайды. Бастырма астына кірпіш шығаратын құны 1,5 миллион теңге тұратын аппаратты алдырып, орнатқан. Аппараттың қуаттылығына байланысты тоқ тартылып, заңдастырылған. Содан кейін барып мамыр айында алғашқы кірпіш шығарыла бастаған. Апай алғашқыда жұмысты Мұхтар баласы екеуі бастаған. Мұхтар өз көлігімен цемент, қиыршық тастарды әкеледі. Содан соң ғана кірпіш құюға кіріседі. Үй тірлігі мен баладан қолы қалт еткенде Айгерім келіні де өз көмегін беріп қояды. Мамыр айында күніне 300-400 кірпіштен дайындаған. Алайда кірпішке деген сұраныстың көптігіне байланысты анасына Талғат, Қайрат ұлдары мен Сәуір құда баласы да көмекке келді. Сөйтіп, олар маусым, шілде айында күніне шығатын өнім санын 650-700-ге жеткізді. Ең бастысы – кірпіштерінің сапасы жоғары. Сондықтан да оған сұраныс көп болып отыр. – Кірпішіміз кеуіп үлгермей жатып алымсақтар келіп тұрады. Күннің кейінгі екі-үш аптадағы ыстығы жұмысқа кері әсерін тигізгенімен кірпіштердің кебуін тездетіп отыр. Қазір әр кірпішімізді 150 теңгеден сатудамыз, – дейді 6 баланың анасы, кәсіпкер Ділдакүл Пәрменқызы. Жастайынан еңбекпен шыңдалған Мұхтар Бердиев анасына көмектесіп қана қоймай, сондай-ақ өзінің «Зил-130» маркалы автомашинасымен басқа да тірліктерін жасап жатады. Кейбір кірпіш алуға келгендердің кірпішін үйлеріне жеткізіп береді. Үй жанындағы көршілеріне де көлігімен қол ұшын беріп отырады. Кәсіпкерлікті жаңадан қолға алған Ділдакүл апай келешекте кәсібін кеңейтуді жоспарлап отыр. Ол бүгінде 4 азаматқа жұмыс тауып беріп отырса, келешекте олардың саны да артпақ. Оның бүгінгі ұйымдастырушылық қабілеті, табандылығы мен тыңғылықты ісіне қарап ол күнде алыс емес екеніне сенуге болады.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, Байзақ ауданы, Үлгілі ауылы