Жастар

Мақсаты айқын Мұхтар

Мақсаты айқын Мұхтар

Шу локомотив пайдалану депосы Сары-Шаған стансасы айналым депосының үшінші санатты тепловоз машинисі Мұхтар Құтжан болашақта еңбек жолының болат жолмен өрілетінін сезген еді. Ол 1993 жылы «Әскериленген теміржол күзетіне» жұмысқа тұрғанда теміржолдың үлкен сала екеніне көзі жетті. – Тоқсаныншы жылдардың басында еліміз тәуелсіздік алғанда жұмыссыз қалған көп азамат болат жолдың келешегі зор екеніне көз жеткізіп, жұмысқа орналасты. Шындығын айтқанда, сол тоқырау кезеңінде тұралап қалған шаруашылықтардың тірлігін түзеуге теміржолдың үлесі зор болды. Болат жол адамдарды қайырымдылыққа, бірлікке, ынтымаққа шақырды. Бүгінгі күні жеті мыңға жуық адам тұратын Сары-Шаған кентінің 75 пайыз тұрғыны болат жолда еңбек етеді. Қала берді сонау Кеңес үкіметі тұсында картада көрінбеген Приозерск кентінің бүгінгі тұрғындары да осында келіп еңбек етеді. Қазір ол кентте Қазақстан Қарулы Күштерінің бөлімшесі орналасқан және қандастарымыз тұрады. Сондықтан биыл 70 жылдығын атап өткелі отырған, тоғыз жолдың торабындағы Сары-Шаған кентін теміржолшылар кенті деуге толық негіз бар. 70 жылда қанша ұрпақ ауысты. Теміржолшылар династиясы қалыптасты, сабақтастық үзілмеді. Өйткені уақытында теміржол саласын «Мемлекет ішіндегі мемлекет» деп текке айтпаса керек-ті. Болат жолды бойлай тасжол да өтіп жатыр. Бұл кент тура жердің кіндігінде орналасқандай әсер қалдырады өзіме, – дейді ауыл белсендісі Мұхтар Мәдібекұлы. Кейіпкеріміз теміржолшылар әулеті қақында текке айтпаса керек. Үлкен ағасы Нұрлан «Әскериленген темір жол күзеті» Сары-Шаған стансасының бөлімше бастығы болып зейнетке шыққан. Екінші ағасы Сүлеймен Сары-Шаған электрмен жабдықтау дистанциясы тартымды қосалқы стансасының бастығы. Ізін басып келе жатқан інісі Төлеуқұл Сары-Шаған айналым депосында электровоз машинисі. Ал өзі 2008 жылы машинист көмекшісі болып жұмысын ауыстырса, Қарағанды қаласында білімін толықтырып келген соң, 2014 жылдан бері тепловоз тізгінін ұстап келеді. Байқағанымыз, өмірлік ұстанымы «жақсылық жасау» қағидасын ұстанған кейіпкеріміздің кент тұрғындары ортасындағы беделі жоғары, сыйлы екен. Қандай да бір елдік шараның бел ортасынан табылып жүргені. – Кім-кімге де туған жері ыстық қой. Осында тудым, ер жеттім. Еңбек етіп келемін. Қазір туған кентіміз – Сары-Шағанның 70 жылдығына қызу дайындық үстіндеміз. Осыдан біраз жыл бұрын іргесі қаланған мешіттің құрылысын атаулы күнге дейін аяқтау ісімен жүрмін. Сондай-ақ келген қонақтарды күту, шығарып салу да үлкен жұмыс, – дейді қызу дайындықтың бел ортасында жүрген Мұхтар Құтжан.

Е.Қанжанұлы, Сары-Шаған, (Суретті түсірген автор)