Болат жолда бағы жанған Бауыржан
Болат жолда бағы жанған Бауыржан
Қазақта «әркімнің пешенесіне жазылған жазуы болады» деген сөз бар. О баста дүниеге шыр етіп келгенде «сен теміржолшы боласың» деген сөзді жазып та қойған болар. Әйтпесе Меркінің Ақермен ауылында дүние есігін ашқан баланың болат жолды таңдауы қалай болар еді? Жаратқан иеміз осыны қалап, маңдайға жазуы бекер болмаған шығар. Өмірлік болатын жолды таңдауды жүрегі сезген де болар, бәлкім. Тым алысты шарлаған аппақ армандары доңғалақтары дүрсілдеген теміржол көлігіне жетелеп, тұлпар болып зулаған тепловоздың үніне құлақ түріп, осы саланың бір қанатында тер төгіп көруге жақындата түскен болар. «Арман алдамайды» деген сөзге де мән берген абзал. Арманға қанат байлап, өмірдің өршіл талабын қайыспай көтеріп, алдағы алар асуларыңды бағындырып, мақсат-мұраттарыңа бастайтын сенім күші болады. Осы сенім күшіне жететін ештеңе болмақ емес. Сенім күші Бауыржанды алға жетеледі. Арманы адастырған жоқ, жолын бөгеген жоқ. Арман еткен биігіне талпынумен, жастық шақтың алып ұшқан қызуымен өмірдің ұлы дүрмегіне қосылып кетті. Мектепті бітіре салысымен Ақерменнен түлеп ұшып, Өзбекстан астанасы Ташкентке жол тартты. Әкесі Сейсенбай ақ батасын беріп, шығарып салды. Теміржол инженерлерін даярлайтын институтқа барып, бағын сынады. Әке батасымен жолы болып, студент атанды. 1976 жылы институтты тәуір аяқтаған ұлды өмірдің бәйгесі, былайша айтқанда еңбек майданы күтіп тұрды. Оқу орнының жолдамасымен Шу сигнализация және байланыс дистанциясына келген жас маман өзін дәлелдеуге тура келетін сансыз сынақтарға да білек сыбана кірісті. Электрмеханик дәрежесінде төккен тер зая кетпеді. Білімпаздығымен танылып, таңдаған мамандығын жете меңгеріп, басшылықтың назарына ілікті. Жамбыл-Жаңатас учаскесінде аға электрмеханик, сонан соң Луговой сигнализация және байланыс дистанциясында бас инженер болып бекітілді. 1991 жылы Жамбыл сигнализация және байланыс дистанциясының бас инженері, 1997 жылы Алматы теміржолы бөлімшесінің сигнализация және байланыс қызметінің бас инженері қызметтерін атқаруға жіберілді. 1998 жылы Жамбылдағы дистанцияны басқаруға келді. Осынау ұжымды талай жыл басқарған Бауыржанның бұл салаға сіңірген еңбегі аз болған жоқ. Қосқан үлесі мен тигізген пайдасын көз көргендер әлі күнге дейін жыр қылып айтады. Қазақта «Көргені жақсы көш бастайды» деген қанатты сөз бар. Осы сөздің Бауыржанға да тікелей қатысы бар. Ол ұжымды басқарып қана қоймай, жақсы сөздерімен жүректерге гүл екті, өнегелі істерімен шуақ шашты, көңілдерге көрік сыйлады. Адамдарды еңбек етуге ынталандыратын жақсы амалдар мен әдіс-тәсілдердің баршасын тиімділікпен пайдаланған шақтарын ұмыту еш мүмкін емес. Өйткені ұшқан ұяда, отбасында алған тәлім-тәрбиесі осындай қадамдар жасауға игі ықпалын тигізген тәрізді. Сондықтан да Жамбыл теміржолының Құрмет тақтасында Бауыржан Найманбаевтың суреті ұзақ сақталып тұратын. Басшы болған соң алдыңа үлкен де, кіші де келеді. Алдыңа келген әр адамды қабылдап, оны тыңдап, шығарып салу өнердің өнері. Оның шаруасына оң қабақ танытып, мүмкіндігінше шешіп бергеннің сауабы үлкен. Кісілік пен кішілік таныту – басшының парызы. Міне, осы жағына келгенде Бауыржанның бауыры езіліп тұрады. «Алтын алма, алғыс ал» деген мақалды әрдайым қаперде ұстап, сол қағидамен алға басып келеді. Осы қағиданы берік ұстағанның арқасы болар, жүректі жылытқан жақсы істер жалғасып келе жатқаны бүгінде айдай ақиқатқа айналып отыр. 2010 жылы Астанада «ҚТЖ Ансальдо – СТС-Италия» деген бірлескен кәсіпорын ашылғанда Бауыржан осы кәсіпорынның техникалық директорлығына шақырту алды. Үш жылдан аса осында еңбек етіп, қабілет-қарымын жан-жақты көрсете білді. 2013 жылы Жамбыл дистанциясының тізгінін қайта қолға алды. Төрт жылдан кейін құрметті еңбек демалысына шықты. Бұл дистанция қызметкерлерінің негізгі міндеті – сигнал беру құрылғысының, түрлі байланыс құралдарының, ПОНАБ құрылғысының тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету, сондай-ақ құрал-жабдықтардың тұрақты жұмысы тоқтағанда немесе байланыс бұзылған жағдайда оның алдын алу және дер кезінде шаралар қабылдау болып табылады. Сейсенбайдың ұлы Бауыржан осындай міндетке жегілген ұжымның жұмысын биік дәрежеге көтеріп, саладағы үлгілі кәсіпорындар санатына қосты. Жамбылдық теміржолшылардың жүріп өткен жолы айтуға тұрарлық. Байзақ Пірманов, Әмірхан Қаймолдаев және Сағымбек Ақшалов бастаған саңлақ ағаларымыздың шәкірттері де бұл жолға дақ түсірмей келеді. Солардың бірі біз әңгімелеп отырған Бауыржан бауырымыз екені анық. Сағымбек ағамыз демалысқа шыққаннан кейін Жамбыл теміржол бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы болып бірер жыл қызмет атқарды. Денсаулығы сыр бере бастағандықтан бұл қызметке ойланбастан шәкірт інісі Б.Найманбаевты ұсынды. Бөлімше ардагерлері бұл ұсынысқа қарсы болмады, бір кісідей қолдап әкетті. Бауыржан бүгінде өз биігінде, өз тұғырында. Көгінде жарқырап жұлдызы жанып тұр. Ол – еңбегінің жұлдызы. Оның жұлдызы кейінгілерге сәуле шашып, жол көрсетіп тұрғандай. Расында, бұл азаматтың болат жолда бағы жанып, аға буынның абыройлысына айналып отырған жайы бар. Артқа тастаған белестің жаманы болмапты. Соған шүкірлік етеді. Өмірдің ащысы мен тұщысын, еңбегінің жемісін жұбайы Пернегүлмен бірге бөлісіп келеді. Тәрбиелеп өсірген ұл-қыздарынан он немере сүйіп, солардың қуаныш-қызықтарымен ғұмыр кешіп, жарқын күндерін өткізуде. Мақұлбек Малдарбеков, Қазақстанның құрметті журналисі