Білім

Маңызды мамандықты меңгерген Мақпал

Маңызды мамандықты меңгерген Мақпал

Жас өнертапқыштардың біздің өмірімізді ыңғайлы етуге қосып жүрген үлесі аз емес. Жас ұрпақтың ІТ салаға, робот құрастыратын үйірмелерге қызығушылықтары жоғары екені қуантады. Олар талапшыл. Бұл болашақта жаңа технологияларды ойлап шығаруға жол ашады. Облыста да қоғамға пайдалы жобаларымен таңғалдырып жүрген жас өнертапқыштар жетерлік. Олардың бірқатары жайында газетімізде жазып та жүрміз. Бүгінгі кейіпкеріміз Мақпал Бердібек те жас та болса ғылымға өз үлесін қосып үлгерген зерек қыз. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушысы. Биылғы оқу жылында 11-сыныпқа көшкелі отырған Мақпалдың информатика саласына, робототехникаға қызығушылығы 7-сыныптан басталған.

Онымен қатар мобилография курсын толық аяқтаған ол қаладағы ең ірі сауда үйлерінің бірінде мобилограф болып жұмыс істейді. Жас ғалым мектептегі достарының да, ұстаздарының да арасында сыйлы. Білгенін басқамен бөлісуден тартынған емес. Тіпті ұстаздарына «STЕAM» жобаларда креативті идеяларымен бөлісіп, видео түсіру, монтаждау жағынан да көмектесіп тұрады. Ұстаздары әсіресе Мақпалдың командамен жұмыс істей білетін қабілетін жоғары бағалайды. Ғылымға құштар Мақпал өзі ашқан ғылыми жаңалықтарын қоғам үшін өзекті болып саналған мәселелермен байланыстырады. Бірнеше уақыт бұрын ол жер сілкінісі кезінде үйді және адамдарды аман сақтап қалуға көмектесетін арнайы жастық ойлап тапты. Бұл жобасы еліміздегі әрі облыстағы ғалым аға-әпкелері тарапынан қолдау тауып, облыстық байқауда жүлделі орынға ие болды. Мақпалдың бірге оқитын құрбылары Айкөркем Егеубай, Іңкәр Тұрғын және жетекшісі Мейрамгүл Орынбаевамен бірге ойлап тапқан «Kaz Braille» принтерін үлкен ғылыми жетістік деп бағалауға болады. Көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған құрылғы сапалы жасалған. Өзінің айтуынша, аталмыш жобаны қолға алуға кәсіби және қолжетімді бағадағы «Брайль» принтерлерінің аздығы себеп болған. – Бір жыл бұрын үш қыз болып Мейрамгүл апайымыздың жетекшілігімен «ARDUINO» контролері негізінде принтердің «Брайль» таңбаларын басып шығаруды қолға алдық. Басты мақсатымыз – қазақ әліпбиін дамытуға үлес қосу. Себебі бізге белгілі болғандай, көзі нашар көретін азаматтарға арналған «Брайль» шрифті негізіндегі принтерде қазақша әріптер жоқ екен. Бұл біздің жанымызға батты. «Неге өзіміз бастамашы болып, қазақша қарпі бар принтер жасап шығармасқа?» деп ойладық. Оларға көмектесу үшін біз перифериялық, зағиптар мен нашар көретіндерге арналған құрылғы жасадық. Түсінікті болу үшін айта кетейін, «Брайль» – тактильді жазу жүйесі. Көру мүмкіндігі шектеулі адамдар пайдаланады. Екі бағанда орналасқан алты нүкте шрифттегі әріптерді белгілеу үшін қолданылады. Принтердің басқару жүйесі және бағдарламалық құралдары – модульдік. Сондықтан жаңғыртуға мүмкіндік береді және жақсартулар тұрғысынан да кеңейтіледі. Жобаны іске жылу барысында, ең алдымен, біз қадамдық қозғалтқыштарды таңдадық, өйткені жобаның бастапқы мақсаты қолжетімді бағада әрі күрделілігі бойынша қолдануға қиын емес принтерлерді даярлау болды. Алдымен біз қадамдық ескі CD дискілерінің қозғалтқыштарын пайдаландық. Сондай-ақ біз 2 мотор драйвері, «ARDUINO UNO» контролерін және сервоприводты қолдандық. Ол 9 вольттан артық электр қуатын тұтынбайды және кәдімгі «Krona» аккумуляторымен оңай қуаттауға болады, – дейді жас өнертапқыш. Принтерді жасап шығаруда тығын материалы секілді оңай қолжетімді материалдар пайдаланылған. Сонымен қатар оргстекло, пластик, 60 миллиметрлік 4 бекіту болтын қолданған. Ал пернетақтаның арзан шығуы үшін 3D принтері арқылы нүктелерді шығарып, бетіне жабыстырған. Бір сөзбен айтқанда, құрылғының міндеті – мәтінді «Брайль» қарпімен басып шығару. Қозғалтқыштар мен серво астына қойылған қағаз парағы орамға оралады. Қағазды жыртпай, тесіп өтуге ыңғайлы болу үшін оның астында тығын материалы болады. Бір парақтың ауданы 7х25 сантиметр. Алынған дөңес тесіктер саусақтардың ұшымен анық сезіліп, адамға сөзді оқуға мүмкіндік береді. Осылайша дарынды қыздар қолда бар материалдардан перифериялық «Брайль принтері» принципімен жұмыс істейтін құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы арқылы зағип немесе нашар көретін адам пернетақтадан «Брайль» таңбаларын енгізе алады. Ал көрмейтін адам қағазға теру үшін виртуалды пернетақтаны пайдалана алады. Қызығушылық танытатын және кез келген адам құрылғыны нұсқаулықтар арқылы пайдалана алады. Жақында облыстық көзі нашар көретін және зағип жандарға арналған кітапханада өз жобасын таныстырған қыздардың құрылғысына қызығушылық танытушылар да табылып үлгерген. Облыстық көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтар кітапханасының тифлология бөлімінің маманы Ербол Аққайұлы «Кaz Braille» принтері жанары әлсіз жандар үшін таптырмайтын құрылғы екенін айтады. – Облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейдің оқушылары тамаша жоба ойлап шығарыпты. Отандық принтерді күнделікті қолданысқа енгізуге әбден болады. Зағип жандарға жанашырлықпен қараған өнертапқыш қыздарымызға алдағы өмірде үлкен сәттілік тілеймін, – дейді Е.Аққайұлы. Айта кетейік, «Кaz Braille» жобасы облыстық және республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болған. Жоба жетекшісі Мейрамгүл Орынбаеваның айтуынша, сұраныс болса, принтерге А4 форматындағы қағазды басып шығаруға қолайлы етіп өзгерістер енгізеді. – Қазіргі уақытта принтер А3 форматындағы қағаздарды шығара алады. Бір парақтың ауданы 7х25 сантиметр, өкінішке қарай, ол шағын ғана көлем. Бірақ жақын арада құрылғыға басқа пішімдерді және көптеген пайдалы функцияларды қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Жобаны әзірлемес бұрын мұндай құрылғыға қазақстандық нарықтағы сұраныстың өзектілігін мұқият зерттеп, принтердің елімізге бірегей ғылыми жаңалық болатынын түсіндік. Құрылғы жасауға кіріспес бұрын облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған кітапханада, «Болашақ» зағип және нашар көретін балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында болдық. Бастауыш сыныптарда «Брайль» әліпбиін үйренуде үлкен мәселелер бар екенін байқадық. Өйткені ондағы принтерлерде тек кириллица мен латын әліпбиі бар, ал қазақ әліпбиі әлі болған жоқ. Аппаратты сынақтан өткізуге мектеп-интернаттың ұстаздары мен оқушылары, мамандандырылған кітапхана қызметкерлері де көмектесті. Принтер барлығының көңілінен шықты. Басында кейбір қазақ әріптері түсініксіз болды, сол қателерді түзеттік. Әр түймеге әріптердің дыбысталуын қостық. Басып шығару өте оңай, ешқандай күш жұмсалмайды. Принтер инесі мен астары болатындай етіп жасалған. Әрбір әріп қағаз парағына тесіліп, аударылады және дөңестердің көмегімен зағип немесе нашар көретін адам оны сезінеді және саусақ ұшымен мәтінді оқиды. Сонымен бірге барлық ақпарат компьютерде «Word» форматында қалады, – дейді М.Орынбаева. Айта кетерлігі, халықаралық нарықта «Index Everest-DV5» рельефті «Брайль» шрифтімен басып шығаруға арналған мұндай принтер 4,5 миллион теңге тұрады. Ал жамбылдық жас өнертапқыш қыздар жасап шығарған құрылғыны небәрі 17,5 мың теңгеге ала аласыз. Мемлекет тарапынан қолдау тапса, мұндай принтерлер ересектерге де, көру қабілеті бұзылған балаларға да үлкен қолдау болмақ. Жақында жоба авторлары Мақпал Бердібек, Іңкәр Тұрғын, Айкөркем Егеубай «Solve For Tomorrow» байқауында «Samsung» компаниясының шешімімен 400-ден астам үміткер арасында іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, ТОП-30-ға енді. Демек, еңбектің ақталғаны. Енді Мақпал Бердібек бастаған жас өнертапқыштар ізденістерін үдете түспек.