Шағын ауладан қыруар табыс тапқан
Шағын ауладан қыруар табыс тапқан
Сондай-ақ «...Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуы тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да оны сапалы атқару маңызды», деді. Бүгінгі таңда елімізде жас кәсіпкерлердің саны артып келеді. Бұл дегеніміз – болашақ жастарымыз кәсіби тұрғыдан өсіп келе жатыр деген сөз. Мемлекетіміз жеке шаруашылықпен айналысамын деген адамға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Халқымыздың бақуатты өмір сүруіне инедей үлес қосса да кәсіпкер жастардың көбеюі – біз үшін үлкен жетістік. Артылған дүниесін біреуге бөліп бермесе де жақын туыстарын жұмыспен қамтыса – оның өзі де қуантарлық игі іс. Қолға алған кәсіптің қай түрі болмасын бар мәселе оның көзін табуда. Бастаған істің пайдасына кенелу үшін оған маңдай терің төгіліп, еңбегің сіңу керек. Бүгінде кәсіптің түр-түрі көбеюде. Ауылшаруашылық саласына қажетті табиғи тірі өнімдерді өндірумен айналысатын кәсіпкерлер де бар екен. Кәдімгі топырақ астында жыбырлап жататын шылаушынның өзінен үлкен табыс тауып жүрген кәсіпкердің бірі – жамбылдық Ұлықбек Укмат. Ол былтыр қараша айында Шымкент қаласынан 1 000 000 теңгеге 10 шаршы метр калифорниялық қызыл шылаушын сатып алып, Жамбыл ауданының Ақбастау ауылдық округіне қарасты Бірлесу-Еңбек ауылындағы ағасы Махамбеттің үйінің ауласына орналастырған. Өткен жылы бастаған бұл шаруасы бүгінде жемісін бере бастады. – Аллаға шүкір, былтыр кіріскен ісімнің қазір пайдасын көре бастадым. Алғаш 10 шаршы метрмен қолға алған шаруам осы жылдың сәуір айынан бастап 120 шаршы метрге жетті. Қазір соны алып, 1000 шаршы метрге салып қойдым. Бұйыртса, жақын күндері шаруаларға деген өзіміздің өніміміз дайын болып қалады. Бұл шаруашылықтың басты пайдасы – құнарсызданған жерлерді құнарландыруға үлкен ықпалын тигізеді. Егін егіп жатқан шаруалар шылаушынның өнімі биогумусты пайдалана отырып, мол пайда табуға мүмкіншілігі артады, дейді Ұ.Ақанұлы. Сондай-ақ ол: «Бүгінгі таңда осы шылаушындармен дайындалған биогумустың мөлшері тамыз айына қарай 200 тоннаға жуықтап қалады. Біздің шаруашылық екі бағытта жұмыс істейді. Біріншісі – шылаушынды өсіріп сату, екіншісі – шылаушыннан дайын болған биогумусты ауылшаруашылық дақылдарын егуге пайдалану», дейді. Бұл кәсіптің жемісін көрген шаруа алғашында 30 шаршы метрге жуық жауынқұрттың әр шаршысын 100 000 теңгеден сатып, 3 000 000 теңге пайда табуды мақсат тұтып отыр. Ақбастау ауылдық округіне қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында 2 үйді қатар сатып алып, 1 гектарға жуық жерге шылаушын өсіруді жоспарлап отыр. Бұл өнімді өсіріп, қыркүйек-қазан айларында шаруалардың қолданысына бермекші. Ағасы Махамбет Рахымжановтың айтуынша, Ұлықбектің жасы 18-де. Негізі қазір қалада тұрады. Жамбыл жоғары медициналық колледжінде студент. Биыл 4-курсқа өтіпті. Былтыр өзі талпынып, осы шаруаны қолға алған. – «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді ғой. Бауырымның осы іске ниеті қатты ауған соң өзім де ағасы ретінде қолдау көрсеттім. Сабақтан бос уақытта құр жатпайын деп шаруаға бел шеше кірісіп кетті. Бұл іс шаруашылықпен айналысамын деген адамға өте пайдалы кәсіп. 10 шаршы метр шылаушын 2 айда 100 шаршы метрге жетеді. Өткен жылы бастаған тірлігіміздің қазір ауқымы кеңеюде. Ерінбей еңбек еткеннің ісі қашанда алға басатыны анық. Алланың берген нәсібін алыстан іздемей-ақ қасыңнан табуға да болады, – дейді М.Рахымжанов. Еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады. Бақыт пен байлықтың төркіні үлкен табандылықты талап ететін еселі еңбек. Жас та болса жан-жағына үлгі болып жүрген Ұлықбектің алдағы уақытта ұлы істерді атқармасына кім кепіл. Екінің бірінің ойы түгіл, түсіне кіріп шықпайтын бұл шаруаны қайдан ойлап тапты деп те таңғалмасымызға болмады. Президент Жолдауында кәсіпкерлерді қолдауға арналған шаралар біздің өңірде қалай жүргізіліп жатыр? Осы орайда біз облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту басқармасының мамандарымен тілдестік. Олардың айтуынша, инновациялық жобаларға арналған қайтарымсыз гранттар бар екен. Яғни тың жобаларға қолдау көрсетіледі. Қатысушы тек бизнес жоспарын жасап, оны қорғай білу керек. Бұл жобаларға арнайы комиссия тобы құрылған. Жобаның инновациялық немесе инновациялық емес екенін сол құрам шешеді, дейді. Ал Ұлықбектің сөзінше, ол кәсіпкерлікті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатысып көрмеген. Бұл кәсіпті әзірге өз күшімен дамытуға тырысып жүр. Бірақ алдағы уақытта бақ сынап көретінін жасырмады. Ерінбей еңбек етіп, өрге қарай талпынған жастарды қолдау қашанда халқымыздың қанында бар қасиет. Ұлықбектің кәсібіне береке, қадамына құт тілейік.