Жаңалықтар

Мың алғыс саған, дәрігер!

Мың алғыс саған, дәрігер!

Адам баласы болған соң басың ауырып, балтырың сыздайды. Байқап тұрсаңыз, қазір аурудың түрі де көп. Ең өкініштісі сол, аурудың жас талғамайтынында. Жаңа туған сәбиден бастап, үлкен кісілер де аяқ астынан айтып келмейтін дертке шалдығып жатады. Орта жасқа келгенімше аурухананың есігін ашпағаным өзіме аян. Алайда жасым келгенде биылғы жаз мен үшін сәтсіз басталды.

Маусым айының ортасында асқазан тұсынан ұстаған кесел мен бүкіл денемдегі ауырсыну жанымды қоярға жер тапқызбады. Бауыр тұсым солқылдап қатты ауырғаны соншалық, жедел жәрдем бірнеше рет келіп екпе салса да ауырғаны басылмады. Іш құрылысымды толық арнайы аппараттарға түсіріп, түрлі дәрінің дәмін таттым. Көмек болмады. Содан соң аудандық аурухана дәрігерінен жолдама алып, облыстық көпбейінді ауруханаға жол тарттым. Жаным қиналып, өзімді қоярға жер таппай келгенімді көрген дәрігер дереу қанның талдауын тапсыруымды өтініп, УДЗ аппаратына түсірді. Қорытындыларды көріп, алдыңғы анализ қорытындыларымен салыстыра келе, өтте жиналған тастарды тез арада алу керектігін жеткізді. Оны арнайы құрылғыға жатқызып, дәрі-дәрмек арқылы құм қылып шығаруға немесе ота жасап, толықтай алып тастауға болатынын айтты. Екіншісін таңдадым. Білікті дәрігердің арқасында ота сәтті шығып, өтімнен жиырма шақты түйнек-түйнек әртүрлі қалыптағы тастар алынды. Көзім әп-сәтте ашылып, бойымды меңдеген ауру лезде тарады. Қазір жағдайым бірқалыпты. Осы орайда дертіме дауа тауып, ажал аузынан аман қалуыма себепші болған ақ халатты абзал жан, облыстық көпбейінді аурухананың хирургия бөлімшесінің дәрігері Ержан Өмірбекұлы Есімовке, медбикелеріне өзімнің және отбасымның атынан алғысымды білдіремін. Жаны жабырқаған жандардың алғысына бөлене беріңіздер! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, бастарыңызға бақ-береке тілеймін!

Михаил ШАТАЛОВ, Қаратау қаласының тұрғыны