Брифинг

ЧЕМПИОНДАР ҰСТАХАНАСЫ

ЧЕМПИОНДАР ҰСТАХАНАСЫ

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде Тараз қаласындағы №2 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының міндетін уақытша атқарушы Бахыт Артаев баспасөз мәслихатын өткізді. Брифингте Бахыт Ғарифуллаұлы спорт мектебінің құрылған кезінен қазірге дейінгі тарихы, жеткен жетістіктері туралы жан-жақты баяндады.

№2 облыстық маман­дандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі 1997 жылы 4 сәуірде қала әкімінің №2306 шешімімен ашылған. Жиырма алты жылда спорт мектебінде көптеген дарынды спортшылар тәрбиеленіп, нағыз чемпиондар ұстаханасына айналды десек, артық айтқанымыз емес. Атап өтер болсақ, бокстан Афинадағы жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы, Вэл Баркер кубогының иегері Бақтияр Артаев, дзюдодан Олимпиада ойындарының күміс және қола жүлдегері Елдос Сметов, армрестлингтен әлем чемпионатының 4 дүркін жеңімпазы Дмитрий Трубин, каратэден Азия ойындарының 2 дүркін жеңімпазы, әлем чемпионы Гузалия Гафурова және басқа да облысымыздың, еліміздің мақтанышына айналған спорт саңлақтары түлеп ұшқан. Бахыт Ғарифуллаұлының айтуынша, спорт мектебінде алдыңғы буынның ізін жалғап, дарыны мен қарымы келіскен талантты спортшылардың үлкен шоғыры өсіп келеді. – 2023 жылдың қаңтар айы мен наурыз айы аралығында мектепте олимпиадалық (грек-рим күресі, дзюдо, еркін күрес, таеквондо WT, үстел теннисі) және олимпиадалық емес (кикбоксинг, каратэ, шахмат, ушу-саньда, қол күресі) спорт түрлерінен оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Аталған 10 спорт түрінен 67 оқу тобы құрылып, мектепте 753 болашағынан үлкен үміт күттіретін оқушы тұрақты түрде спортпен айналысты. Олимпиадалық спорт түрлері бойынша – 274, олимпиадалық емес спорт түрлерінен 479 спортшы спортқа тартылған. Жалпы жаттықтырушылар саны – 42. Сондай-ақ жыл басынан бері спортшыларымыз республикалық, халықаралық, әлемдік байрақты бәсекелерге қатысып, жүлдегерлер мен жеңімпаздар қатарынан көріне білді. Жыл соңына дейін бірқатар ірі жарыстар өтеді деп жоспарланып отыр. Мәселен, спортшыларымыз грек-рим күресінен қыркүйек айында Иордания мемлекетінде өтетін әлем чемпионатына, қыркүйек айына жоспарланған жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионаты және Шығыс Азия ойындарына, еркін күрестен кадеттер арасындағы әлем чемпионатына жолдама алып, қазіргі таңда ұлттық құрамамен бірге оқу-жаттығу жиындарын өткізуде, – деді Б.Артаев.

Т.БЕРІКБАЙҰЛЫ