НЕСИЕ ТАРИХЫН ЖАҚСАРТУҒА БОЛА МА?
НЕСИЕ ТАРИХЫН ЖАҚСАРТУҒА БОЛА МА?
Біріншіден, несие тарихы дегеніміз не? Несие тарихы – сіз алған несиелер туралы барлық ақпараттар. Несие тарихы тек банктер үшін емес, сіз үшін де маңызды. Егер несие тарихыңыз жақсы болса, қомақты сомада несие рәсімдей аламыз. Ал егер нашар болса, әрине, сізге несие берілмейді. Несие тарихы бірінші кредиттік бюрода 10 жыл бойы сақталады. Тіпті 10 жыл өткеннен кейін де архивте тіркеуде тұра береді. Бірақ құнын жоғалтады. Шет мемлекеттерде, соның ішінде АҚШ-та несиелік тарихқа сызат түсіру өмірбаянды лайлап алғанмен бірдей. Өйткені оған несие туралы ақпараттан бөлек, коммуналдық, салық, алимент сияқты төлемдер туралы да ақпарат енгізіледі. Сосын жұмысқа орналасарда жұмыс беруші сол «тарихқа» міндетті түрде көз жүгіртеді. Пәтер жалдау кезінде де несие тарихының мінсіз болуы маңызды. Елімізде ең алғашқы несие тарихының бұзылуы 2000 жылдары болған екен. Бұл туралы экономист Айсана Тымбаева айтты. – 2000 жылдардың басында банктер қарызды клиенттің төлем қабілетіне қарамай үлестіретін. Ал соңғы екі-үш жылдың көлемінде халқымыздың басым бөлігі микроқаржы ұйымдарының «жедел ақшасын» алып, үстеме пайызын төлей алмай, несие тарихына таңба түсірді. Кеңес алуға келетін адамдардың себептері әртүрлі. Кейбіреулер ертеректе алған несиесін «банк жабылған соң төлемеуге болады екен» деп қарызды қайтармаған. Енді бірі төлеу керектігін біле тұра үсті-үстіне микроқаржылық ұйымдардан ақша алып, әдейі жалтарған. Базбіреулердің төлеуге мүмкіндігі болмай, жұмыссыздықтан зардап шеккен. Бастапқыда көпшілік «қара тізімнің» салқынын сезінбеді. Тек мемлекеттен баспана алу ісіне келгенде несие тарихы бүлінген деп шығып тұрды. Міне, сол кезде барып біздер «ас – ішерде керектің» кебін кидік. Сондықтан несие тарихыңызды жөндеу керек. Естеріңізде болсын, банктерден алған қарыз қайтарылуы тиіс. Қайтармай қою деген болмайды. Егер сіз алған несиеңізді қайтармасаңыз, ол несие тарихында жазылып тұра береді. Сосын сіз ипотекалық бағдарламалармен баспана, жеңілдетілген бағдарламамен көлік, тым құрығанда тұтынушылық несиесін де ала алмайсыз, – дейді экономист. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, агенттіктің 22 наурыздағы №19 қаулысына сәйкес 30 наурыздан бастап төлем мерзімі 90 күннен артық кешіктірілген несиелерге «реабилитацияланды» деген мәртебе беріледі. Естеріңізге сала кетейік, несиелік тарихтың бұзылуына 30-90 күннен артық төлем жасалмаған мерзім әсер етеді. Алайда мұндай «рақымшылыққа» ие болу үшін несие алушыға да тер төгу қажет. Реабилитация, қазақша айтқанда, оңалтуға несиенің қай мерзімде алынғаны маңызды емес. Бастысы төмендегі екі шартты орындау қажет. Несие тарихы орындаған күннен бір жылдан кейін қалпына келтіріледі. Қарапайым тілде түсіндірсек, егер несие алушы бір жыл көлемінде үстемеақысын өтеп, несиесін толықтай жабатын болса, бір жылдан соң несие тарихыңыз жаңарады. Мысалы, егер несие алушы 1 қарашаға дейін несиесін толықтай өтесе, келесі жылдың қарашасында оның несие тарихы «просрочка» туралы ақпараттан тазарып, жаңа мәртебеге ие болады. Екінші жағдайда қарыз алушы қайта құрылымдау немесе қайта қаржыландыру күніне дейінгі берешек сомасының 50 пайызынан астамын өтесе және жыл көлемінде 30 күннен артық мерзімде кешіктіріп, төлемесе несие тарихы оңалуға жатады. Мысалы, несиеңіздің жалпы сомасы 500 мың теңгені құрайды делік. Сіз 3 айдан артық мерзімге кешіктіріп төлеп, айыппұлдың астында қалдыңыз. Банкке барып қарызыңызды да, айыппұлыңызды да төлесеңіз, кестеге қайта тұрсаңыз және сол мерзімде сіздің несиеңіздің 50 пайызы жабылған болса және одан кейін жыл көлемінде 30 күннен кешіктірмей төлесеңіз, несиелік бюро кідіріс күндерінің санын нөлге тең етіп көрсетуі тиіс. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, несиенің алған мерзімі, несиелік тарихыңыздың қаншалықты бүлінгені маңызды емес. Егер барлық талаптар орындалса, несиелік тарих реабилитациялауға жатады. Елімізде әлі де несие тарихына салғырттықпен қарау басым. Мамандар оны жылына бір рет және несиені толықтай өтеген соң бір айдан кейін тексеріп тұруға кеңес береді. Несие тарихын үйден шықпай-ақ интернет арқылы білуге болады. Мұның бірнеше тәсілі бар. Электрондық-сандық қолтаңба және банктің төлем картасы болса, «egov.kz» электронды үкімет порталы арқылы несие есебін алуға болады. Мұны жылына бір рет тегін, сол жылы қайта алсаңыз, әр алған сайын 400 теңге +100 теңге банктік комиссия төлейсіз. Сондай-ақ бірінші несие бюросының www.1cb.kz сайтынан да алуға болады. «Kaspi Bank» қызметкері Жания Саламатованың айтуынша, барлық кредитті жапқан соң, үш айдан кейін аз сомаға тұтынушылық несиесін алып көрген дұрыс екен. – Несие тарихы адам несиесін үш ай бойы уақытылы төлей алмаса бұзылады. Бір сөзбен айтқанда, банктің «қара тізіміне» кіреді. Бұл дегеніміз ол басқа банктен несие алуға барған кезде есімі «қара тізімде» екені көрініп тұрады. Бұрын бүлінген несие тарихының қайтадан жақсаруына 10 жылдай уақыт кететін. Бірақ осы уақыт ішінде адам уақытында төлемегендіктен банктің пайызы қосылып кеткен несиесін толық жапса, өзге банктерден несие ала алады. Несие тарихын жақсартудың жалғыз ғана жолы бар. Ол аз сомаға болсын қайтадан несие алып, оны уақытында төлеп тұру. Сонда ғана несие тарихыңыз жақсарып, несие берушілерге төлем қабілетіңіз көрінеді. Кейіннен банк қомақты сомада да несие алуға өтінішіңізді мақұлдауы мүмкін, – дейді. Несие тарихын түзеудің басты жолы – ең алдымен, бар болған жағдайда проблемалық кредиттерді жабу қажет. Бұл сіздің жағдайыңызды анағұрлым жақсартады. Өйткені проблемалық қарызы бар бола тұра, жаңа несие алу мүмкін емес десе де болады. Екінші бір амалы – микроқарыз, кредиттік карта немесе аз сомаға кредит рәсімдеп, оны уақытылы жабу. Осылай бірнеше рет жасалған жағдайда клиенттің банк алдындағы репутациясы жақсарады. Үшінші жолы – депозит ашу, оны ұдайы толтырып тұру. Бұл фактордың кредит тарихына еш қатысы жоқ болғанымен пайдасы бар. Кредитке өтінім берерде банк клиенттің активінде тұрақты түрде толтырылып тұрған депозиттің барын назарға алады. Бұл банк үшін клиенттің төлем жасауға қабілетті екенін білдіретін белгі болуы мүмкін Ең дұрысы – банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы қарызыңыздан құтылған соң қайтып несиеге жоламау. Бірақ үйдің керек-жарағын түгендеймін деп көбіміз тұтынушылық несиеге бейім болып алғанбыз. «Kaspi Red»-пен киім-кешек, тамақ, көлік доңғалағы, тіпті көлікке жанармай құю да банктердің тұтынушылық картасымен жүзеге асып жатыр. Тұтынушы ретінде қарыздың қамытын киіп алғанбыз. Жақында ғана 2023 жылдың 14-16 шілде аралығында өткен «Kaspi жұма» қорытындысы шықты. Бұл жолы бүкілхалықтық тиімді сатып алу мерекесі былтырғы жылғы рекордты жаңартты. Үш күн ішінде бір миллионнан астам қазақстандық екі миллионға жуық тауар сатып алыпты. «Kaspi.kz» серіктестері сатылым бойынша 302 миллиард теңгеге рекорд жасады. Рас, «Kaspi жұма» қазақстандықтарды жаңа заттармен, ал сатушыларды сатылымның өсуімен қуантты. Бірақ қаншама жанұя әп-сәтте бірнеше жылға қарызданды. Қарыздың күліп келіп, жылап шығатынын ұмытпайық! Қатықсыз қара су ішсең де тамағың бойыңа сіңіп, ұйқың тыныш, бала-шағаңмен ойнап-күліп өмір сүргенге не жетсін!