Серілік салт – ұлы қасиет
Серілік салт – ұлы қасиет
Өкініштісі сол, ми қайнатар ыстыққа, сарышұнақ аязға, қалың қарға, барлық табиғат құбылысына төтеп беретін, жауға да, қойға да мініске мықты, тәкаппар, көнбіс далаға тән болмысы бар, ертемен шапса кешке озар, атадан балаға мұра болып келе жатқан қазақ жылқысының тұқымын тұлыпқа мөңіреген сиырдай өз қолымызбен жоюға шақ қалдық. Кей-кейде шетелден 100 мың долларға дейін ағылшын, араб жылқыларын сатып әкеліп жаратып жүргендердің «мен кімді насихаттап жүрмін?» деп ойланбайтынына таңғаламын. Әлде оларда тегіне тартар қазақы қан деген жоқ па? «Қалауын тапса қар жанар» дегендей, қазақ жылқысының артықшылығын әлемге танытар қаншама ойын ұйымдастыруға болады емес пе? Соның бірі – 43 шақырымға созылған ең ұзақ қашықтықтағы аламан бәйгесі былтыр Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының ұйымдастыруымен Қарағанды облысында өтті ғой. Сонда ағылшынның да, арабтың да аттары жолда қалып, қарабайыр қазақ жылқысының тұқымы, Жолдыбай қарттың сәйгүлігі бірінші болып келді. Көптеген шетелдік осы жарысқа әлі таңғалумен жүр. Міне, мұндай бәйгені келешекте жер-жерде өткізіп, «Ата бәйге» деп ат қойып, айдар тағып, кең көлемде насихаттау керек. Ал құсбегіліктің алғаш қазақ топырағында туғанын біз кеңестік кезеңнің өзінде зерттеп, әлемге танытып жүргенбіз. Тек өз ішімізде күмәнді «ақ саусақтар» көп болатын. 2013 жылы Астанада халықаралық «Бүркітші» фестивалі өткенде Франциядан келген орнитолог ғалымдар құсбегіліктің отаны қазақ жері дегенді айтқанда талайдың төбесі көкке жеткендей болды. Демек, қыранды қолға үйретуде де бір-ақ мектеп бар. Ол – қазақ құсбегілік мектебі. Бүгінгі әлем құсбегілері қыранға аяқбау байлап, томаға салуды тек қазақ мектебінен үйренген. Сол фестивальдің бас төрешісі ретінде мен олармен пікір алмасқанымда әлі де көп нәрсені қазақтан үйренгісі келетінін жасырмады. Бұл ой-талап біз үшін мәртебе-мақтанышпен қоса, сондай-ақ үлкен жүк. Алда әлем көз тігіп отырған көшпенділер ойыны келе жатыр. Бұл тұрғыда қазақтың құсбегілері ұлттық саятшылықтан не көрсете алады? Әңгіме осында. Қазіргі өркениетті заманда біз ешбір шетелдікті ат бағып, құс салып, тазы жүгіртіп қызықтыра алмаймыз. Ондай құсқа аң алдыру барлық елде бар. Тіпті бұл өнерді жақсы жағдайда дамытып та отыр. Сын айтып, таласа да алмайтынымыз рас. Сондықтан қазақ ұрпағы бұл мәселеге өзге қырынан келуі керек. Мәселен, біздің қазақта атадан жалғасқан рухани құндылықты бойына сіңіріп, сан қырлы өнерді меңгергендерді сегіз қырлы, бір сырлы азамат, сері деп атаған. Демек, олар қыран бастаған, ат жаратып, тазы жүгіртіп, ән салып, домбыра тартып, жамбы атып, өлең жазып, ән шығарып, киіміне көркі сай, сәнқой жігіттер болған. Оларға деген халықтың қошеметі ежелден биік. Ал ондай серілік салт қазақтан басқа халықта жоқ. Сондықтан осындай жастарды іріктеп, баулып, әлемге қазақтың серілік салтын паш етіп, өнерге өзгеше толқын тудыруға болады. Сонда ғана шетелдіктердің қазақ жұртына қызыға әрі еліктей қарайтыны анық. Тарихқа зер салсаңыз, қазақтан басқа ешбір халықта «Құлагерім», «Қараторғайым» деп аты мен қыранын жанына балап, құйқылжыта ән салған жұрт жоқ. Ақан сері мен Біржан салды сыйлаған қазақы ата мен ана, дарынды сал-сері жігіттер бүгін де бар. Тек оларды ел ішінен тауып, талабын ұштап, өнерлерін өрістетуге жол ашуымыз керек. Сонда ғана бүгінгі қазақ әлемге басқаша қырынан танылады. Дәл осы қазақтың серілік салтын қайта жаңғырту жолында Дінмұхамед Қонаев, Хасан Бектұрғанов, Айтбай Назарбеков, Камал Смаилов сияқты ағалар үлкен қызметтерді атқарып тұрған кездерінде жасырын көп істерге қамқор болған. Ол уақыт тар заман еді. «Қызыл империя» барлық жұмыстарды бақылап, ұнамаған жерін өз білгенімен тоқтатып отыратын. Ұзақ жылдардан кейін «Қазақстан» телевидениесіндегі «Жастар» редакциясының редакторы Құсман аға Игісінов сценарийін жазып, негізгі кадрлары Жамбыл облысында таспаға басылған, қазақтың құсбегілік өнеріне арналған «Тастүлек» фильмі кейбір қиындықтан көңілдегідей болып түсірілмесе де үлкен серпіліс, жаңа толқын әкелді. Қазақтың ұлттық дәстүріне, салт-санасына, ою-өрнегіне, шеберлердің үй жиһаздары жұмысына бүгінде шетелдіктер де қызыға бастады. Бір ғана нәрсе, яғни насихат кемшін, мамандардың ізденуі аз. Бірнеше жылдан бері облыста құсбегілер мен тазы-төбет итін асыраушылардың федерациясы бар. Осы федерация жетекшілігіне облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшылығы мен мамандар мені ұсынған. Мен төл өнерге, ата дәстүрімізге, спортқа теңелген ұлттық ойындарға жастар өздері жетекшілік жасаса, қызығушылық танытып, Қазақстанның әр түкпірінде өтетін турнир-байқауларға облыс атынан қатысып, білімді азаматтармен тәжірибе алмасса, қазақ дәстүр-салты туралы арнайы түсірілім, жоба жасап жүрген әуесқойларды топтастырып, ірі қалалардағы фирмалармен байланыс орнатса басталған істің алға басуына жол ашар деп ойладым. Бірақ олай болмады. Себеп өте көп. Қазір ат баптаған жастың қыранмен, қыран баптағанның өзге өнермен шаруасы жоқ. «Сен тимесең, мен тиме» деп жеке-дара жүріп жатқан жағдай. Мұның экономикалық жағынан да тиімсіз екенін айтайық. Мәселен, ат жаратып, көкпар шапқандар қыс айында бос болады. Сондықтан жігіттер бойына серілік ата салтын сіңіріп, бірнеше өнерді қатар алып жүретін болса, өзгеге ұқсамайтын ісіміз, өнеріміз өзгеше өрісте болмақ. Ат ойындарына бөлек, қыран баптау, құсбегілікке бөлек, тазы жүгіртуге бөлек емес, серілік салтты сақтаған бір ғана жанға жеткілікті жалақы төлесек ұтамыз. Ал тазылар жайлы айтар болсақ, бұл иттің тұқымы да көшпенділердің ит тұқымдастарын будандастыру арқылы кең далада, қашқан аңды ұзын сонар қуып ұстауға сұрыпталған жануар. Қалың орманда тазылар жүгіре алмайды. Қазақ тазыларды жер жағдайына, ауа райына қарап та асылдандырған. Мәселен, қысы қатал Сарыарқа тазылары суыққа төзімді, терісі қалың, ал жылы жақтыкі шәпеті, терісі жұқа, жеңіл болып келеді. Иә, әуелде қазақтың күнкөріс мұқтажынан ұлттық саят, өнер деңгейіне дейін көтерілген ат баптау, құс салу, тазы жүгірту, төбет ит асыраудың өзіндік қыр-сыры осындай. Қырандар түлекке отыратын, тазыларды аңға қосу тыйылатын, ат ойындары ұйымдастырылатын, жайлаудағы малға қамқор төбеттер ықпалы басталатын, көктемгі күн мен түн теңелер, төрт түлікке кіріс болар Наурыз мерекесіндегі ұлы тойда көрмеге қойылып, айрықша сын айтылып, бір жылдың «Саят» әңгімесі ел ішіне тарап, жақсысына құда түсіп, қалап, жас күшіктерінің қарға бауының өзіне қара байлап, қошеметтеліп жататын. Мұны бәрі қазақ деген ұлттың ұлағатты дәстүрінің, ойының, салт-санасының өркендеп, өсуіне өзіндік көп үлес қосушы еді. Дәл осы бұқаралық спортқа, табиғатты сүюге шақырар, салауатты өмірге бастайтын салт-сана бүгінгі өркенді қазақ жеріне, кең байтақ даласына ауадай қажет. Иә, осының бәріне де қаржы қажет екені айдан анық. Биыл айымыз оңынан туып, Президентіміздің нақты тапсырмасымен қазақ тазысы, қазақи төбет, саятқа тән – ұлттық спортқа 1,5 миллиард теңге бөлінетін болды. Бұл қаржы тағы да сол бос сөзбен таң атырмай, нақты осы салада үлгілі, көзге көрінетін істері бар облыстарға берілері хақ. Осы орайда облысымыздың намысын ойлап, тиісті орындар қозғау салып отырғаны жөн. Мұндайда дана қазақ «Кезі келген істен кеш қалмағандар ғана ұтады» деп тектен-тек айтпаса керек.
Жапар Сатылғанов, этнограф, құсбегі-эколог, халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақстан Республикасының, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы