Руханият

ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Жуырда облыс әкімдігінің және облыстық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Қаратаудың бір саялы шатқалында «Қымызмұрындық» атты этно-мәдени іс-шара өтті. Іс-шара жақсы дайындықта ұйымдастырылған. Біраз аудан, ауыл-аймақ, ұлт өнерінің жанашырлары қатысып, тамашалады. Алайда нөсерлі-төкпелі жауын салдарынан жұртшылықтың ынталы, тамсанған тәмсілі көңілдегідей болмағаны аңғарылды. «Әттең, ұлтымыздың ұлық құндылығын толықтай көре де, аша алмадық-ау» деген ой да болғаны анық еді. Енді ұлтымыздың ұлық асы, дәрумен сусыны жайлы білгенімізді көпшілікке ұсынсақ артық болмас...Біз қазақ, құнтсыздығымыздан біраз құндылығымыздан айырылып қалдық. Соның бірі – көкпар. Айдың аманында көкпарды қырғыз ағайын алдына өңгертіп жібердік. Ұлттық бренд-берекеміз – қымызымызды әупірімдеп, әрекет етіп жүріп, әрең дегенде өзімізге қайтардық.

Жылқы жайын арыдан ақтарсақ...

Осыдан 10-15 жыл бұрын «Жылқы кімдікі? Оны алғаш қолға үйреткен кім?», деген сұрақ дау-дамайға айналғанда әлем ғалымдары шетпұшпақтап өзіне еншілегісі келді. Дүниежүзі ғалымдары, тарихшы-этнограф, археолог болып ұзақ уақыт бір мәмілеге келе алмай, дәлел-дәйектерін жұрт назарына ұсынумен болды. Алайда ағылшын оқымысты-ғалымдары бұлтартпас дәйектермен зерттеп-зерделеп, қазақтың еншісіне түбегейлі шешіп берді. Қазақтың өткен дәуірдегі түп-тарихын, сондай-ақ Көкшетау өңіріндегі «Ботай» қорым-қонысындағы алғаш қолға үйретілген жылқыға 6 мың жыл болғанын дәйектеп алға тартты. Арыдан айта келе, қазақ зерттеушісі О.Сүлейменовтің осыдан 6 мың жыл бұрын Ефрат пен Тигр өзендерінің арасын мекендеген шумерлердің сына жазуында түркі тілінің ізі сақталғанын өзі жасаған сөздер кестесі арқылы көрсетіп берген («Аз и Я», 1975 жыл, 191-192-беттер ) және түрік ғалымы Әдила Аиданың біздің жыл санауымызға дейінгі бір мыңжылдықта Аленнин жарты аралының терістік батыс бөлігіндегі Римге дейінгі өркениетті өмірге дейінгі этрускилердің тегі де түрік екені этруски жазуларындағы түрік сөздері арқылы дәлелденген. («Ұлы қағанат», 86-бет; Қ.Салғараұлы). Міне, осыдан кейін жылқыны «қазақтікі емес» деп көр... Бабамыз жылқыны үйретіп қана қоймай бие сауып, қымыз ашытып, етін азық еткен. Сүт-саумалын денсаулық үшін дәрумен еткен. Мініс көлігіне пайдаланып, шаруашылығына жеккен. Елі мен жерін қорғап, аумағын кеңейте берген. Аттың құлағында ойнап, аласапыранда жауынан қорғанып, бұрын-соңды болмаған үстемдікке қол жеткізген. Атты әскердің дамуы біздің дәуірге дейінгі алғашқы мыңжылдықтың басында-ақ айбарлы мемлекетке айналдырды. Орта Азияны, бүкіл батыс Еуропаны ат тұяғымен дүбірлетіп, тірліктегіні тітіркенткен. Иә, Ғұн, Сақ, Көктүрік, Қыпшақ аталған бүгіндегі түп отаны Қазақстан аумағынан шыққан бабаларымыздың тарихы кімге де болса мәшһүр. Әлем тарихына мәлім жарты дүниені жаулаған Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) маңдайы осы жерде тасқа тиген. Қалың қол иесі, қаған (хандардың ханы) – батыр Шу ағын судай тасып келе жатқан Рим жаулаушысының бетін қайырған. Бүгінгі өңіріміздегі іргетасы сол тұста қаланған Шу қаласы тарихымыздың таңба басқан куәгері деуге болады. Міне, ағылшын ғалымы осы жайды да ескеріп, жылқыны ең бірінші қолға үйретіп, ғаламат жетістікке қол жеткізген қазақты мұқым жұртқа жария еткен.

Қымызға келер болсақ...

Осыдан ондаған жыл бұрын «Не айтасың, қазақтың қымызын немістер пайдаланып кетіпті, патенті де соларда екен» дегенді естіп, намысымыз қозып, іздестіре бастадық. Сөйтсек, бәрі бекер екен. Алайда алыпқашпа сөз де жай айтылмапты. Германдық бір кәсіпкер ата-бабасынан бері жылқы ұстап, бірнеше жүздеген бие сауымымен айналысады екен. Ол кәсіпкер Ганс Целлман: «Қымыздың патенті қазақта. Қазақ елі қымызды дүниежүзілік деңгейге көтеріп, абыройы асып жатса, мен қуана қолдаймын. Жылқы қазақтікі. Жылқы иесі – қымыз иесі. Қымыз иесінің патенттің де иесі болуы заңдылық емес пе!», деп, ағынан жарылып. (Айта кететін бір жай, ілгеріде бір неміс ұлтының өкілі өкпе ауруымен ауырып, өлер халге келгенде Арқа жұртының арғыны қымызбен емдеп жазады. Сірә, ол кісі Ганстың атасы болуы да бек мүмкін. Бұл жай Ганстың да құлағында бар. Ол Қазақстанға келіп тұратын). Сондай-ақ өз жерінің әрі кетсе бірер жүздеген жылқы ұстауға ғана мүмкіндігі барын еске алып, ал қазақтың сан мыңдаған жылқы ұстауға жерінің жететінін қызыға айтыпты. Неміс жерінде бірден-бір қымыз өнімімен айналысатын Ганс қымыз-саумалдан адам ағзасына жеті түрлі өнім өндіреді екен. Сәбилерге ана сүтін алмастыратын сүт, әйелдерге арналған пайдалы жақпамай косметика, қымыздың ұнтағы, адам ағзасына дәруменді сусындар мен балмұздақтар жасап, қазақ брендін тиімді пайдаланатын Ганстың өндірістік технологиясы да жақсы дамыған көрінеді. Қымыз өндірісі Ресейде де қарқынды дамыған. Жүздеген арнайы қымыз фирмасы, тек қымызбен емдейтін 100-ден астам санаторийі бар. Жүрек, қан тамырлары, ішкі ағзалар, өкпе-бауыр, бүйрек, асқазан тағы басқа көптеген дерттің дауасы болып саналатын саумал-қымыз шұбат жайын зерттеушілер қазақта да баршылық. Олар қазақтың қымыз-шұбатын қайтсек биік дәрежеге көтереміз деп ғылыми дәйек-деректерін алға тартып, бәйек болып жүр. Ұлттық тағамның қыр-сырын алуан бағытта зерттеп, бірнеше патентке де ие болды. Оның ішінде қымыз бен шұбаттың құрғатылған түрлері мен қазақ бальзамы да бар. Алайда қазақ денсаулығы үшін, ұрпағы үшін ұлтымыздың құнды бренді жеркілікті мөлшерде ауыл аралай алмай келеді. Шүкір, көптеген ауыл-аумақ тұрғындары аз да болса саумал-қымызды, шұбатты табиғи қалпында тұтынып келеді, әрине, толықтай қажетті мөлшерде дей алмаймыз. Ұлттық Ғылым академиясының академигі Төрегелді Шармановтың айтуынша түйе сүтінің созылмалы өкпе, бауыр ауруларының қабынуын емдеуге қасиеті мол екен. Қымыздың әлемдегі бірінші патенті қазақта Кеңес дәуіріндегі қымыз патентінің куәлігі 60 жыл бойы осы саланы зерттеген профессор Зұлқарнай Сейтовтің қолында болған. Бар ғұмырын қазақтың құндылығына арнаған ғалым тоқсаннан едәуір асып барып дүниеден озды. Мені мазалайтыны аталмыш құнды патент бүгінде кімнің қолында болды екен?! Ғалымдарымыздың зерттеуінше қымыздың құрамында 528 Ккал бар екен. Қазақта жылқыға байланысты мынадай тәмсіл сөздер бар: «Жылқының үсті – жел, сүті – ем», «Мінсең – тұлпар, ұшсаң – сұңқар», «Жүрісі – дүлділ, қылы – шылбыр», «Еті – бал, қазы-қарта, жал», «Терісі – киім, тұяғы – бұйым», «Жалы – жібек, қымызы – дәрі, денсаулыққа – ішеді бәрі», делінген.

Көш жүре түзеледі

Қымызмұрындық – бие байлағаннан кейінгі ауылдастарын алғашқы қымыз ішуге шақыру салты. («Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі»). Иә, қазақ қымызмұрындықты мазмұнды да мағыналы, ұлттық құндылыққа балап, бағалаған халық. Әуелі көрші ауылдар бір-бірін алғашқы бие байлағаннан кейін қымыз ішуге шақырысады. Содан соң үлкен көлемде, белгілі бір аумақта этникалық – мәдени тұрғыда жүргізілген. Яғни қазақтың қымызмұрындығына көпшілік дәм тата жүріп («қымызмешкей» жарысы да осындайда көрінген) баға берілген соң ұлттық спорт ойындары, түрлі өнер сайыстары салтанатты түрде өткізілетін болған. Өңір аумағында соңғы жылдары аздап та болса қымызмұрындық өткізіліп келеді. Бұл құптарлық жай. Қаратаудың әсем шатқалындағы қымызмұрындықты мүмкіндігінше этно-мәдени тұрғыда өткізілген іс-шараға жатқызуға болады. Бұл іс-шара жөнінде жуалылық Нарынбек Оңлабеков қария дастарқан басында: «Таластықтардың ұйымдастырып, өткізіп отырған қымызмұрындығына рақмет. Кемшін тұстары да бар. «Көш жүре түзеледі». Бұндай құнды іс-шара көп аудандарда тіпті өткізіліп те жүрген жоқ. Келешекте осы тектес игі істердің ауқымын кеңейткеніміз жөн. Бұл қазағымыздың рухын көтеретін тәрбиелік, этно-мәдени тұрғыдан да өзіндік ерекшеленетін бағалы дүние»,– деді.

Барымызды бағалайық

Иә, қазақтың ұлттық емдік, дәруменді тағамын дамытып, халқымыздың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында талап-ниет білдірушілерді қолдап, оларға жағдай жасаса дұрыс болар еді. Сонда ғана ұлтымыздың ұлы тағамының ауқымы кеңейіп, барымызды пайдаға асырар едік... Бізде бұл игілікті іспен айналысып жүргендер жоқ емес. Алайда жұртшылықтың қажеттілігін барынша қамтитын дәрежеде болмай келеді. Ұлтымыздың дәруменді, ұлы ас-сусынын әр қазақ бойына сіңіріп, оны тұтынуды әрбір ауыл-аймақта насихаттау – ұлтжанды қазағымыздың борышы деп түйсінгеніміз жөн-ау... Бізде мыңдап жылқы, жүздеп бие ұстайтындар бар. Алайда барымызды бағалап, байлығымызды пайдалана алмай келеміз. Ынта, инновациялық технологиямыз жетіспейді. Барды ұқсатуды білмейміз. Қазақ қашанғы шикізат қоры ғана бола береді. Ұқсатсақ – ұтамыз. «Ниет – көшбасшы» деген. Әуелі ниет етейік. «Ниет етпек сенен, жеткермек менен» деген қазақта әпсана асыл сөз бар. Өркениетті елдің үгісін, технологиясын тұтынсақ жаман болмаймыз. Еліміздің әлеуеті сонда ғана артады. Қазағымыздың ұлттық құндылығын, бағалы брендін барынша бағалай білейік, ағайын.

Тұрсынтай ҚАЛДАРБЕКОВ, зейнеткер, еңбек ардагері