ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ – ОРТАҚ МАҚСАТ
ИНКЛЮЗИВТІ ҚОҒАМ ҚҰРУ – ОРТАҚ МАҚСАТ
2022 жылдың мамыр айында «Инклюзивті қоғам құру» бағытындағы бағдарламаны іске асыру және Балалар жылына орай Халықаралық Тараз инновациялық институтының ұйымдастыруымен «Өмірге құштармын!» атты әлеуметтік жобаның негізінде байқау өткізілді. Жалпы, ерекше қажеттіліктері бар жандар – қоғам өмірінен қалыс қалатын, қалтарыста қалатын топ емес. Олар – біздің бір бөлшегіміз, тағдыр таразының сынағына түскендер. Еліміздің көптеген аймақтарында, соның ішінде біздің облыстың шалғай аудандарында осындай санаттағы дарынды жастардың бар екендігі аян. Байқаудың негізгі талабы – облыстағы 7-25 жас аралығындағы кез келген ерекше қажеттіліктері бар өнерге бейім балаларды студенттер өзіне «кейіпкер» ретінде ала отырып, бірлесе жұмыс істеді. Бұл жоба – ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында шығармашылықты дамыту мен шалғайдағы елді мекендерде шығармашылық ортаны қалыптастыру мақсатындағы студенттердің жетекшілігімен жүзеге асады. Жобаның демеушісі – Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры Ерболат Саурықов. Байқау қорытындысы бойынша I орынды «Болашақ» мектеп-интернатының 3-сынып оқушысы Нұрсұлтан Қуанышбеков алып, 300 000 теңге көлеміндегі сертификатты иеленді. Нұрсұлтанның көру қабілеті өте төмен. Ол ермексаздан «Туған жер» тақырыбында анимациялық туындылар жасады. Ал II орынды балалардың церебралды салдануы диагнозымен ауыратын №17 Ғ.Мұратбаев атындағы орта мектептің 3-сынып оқушысы Әділ Дінмұхаммед алып, 200 000 теңге көлеміндегі сертификатқа қол жеткізсе, III орынды амниотикалық тарылу симптомымен ауыратын Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенті Сәуле Садықова жеңіп алып, оның қанжығасына 100 000 теңге жүлденің сертификаты бойланды. Өзге жеті үміткер де әртүрлі номинациялар бойынша 50 000 теңге көлеміндегі сертификаттар берілді. Мұндай байқау жастардың азаматтық-патриоттық позиция ұстануына әсер ете отырып, студенттерді қайырымдылық жасауға тәрбиелейді.
Алина ЕРЖІГІТОВА, Халықаралық Тараз инновациялық институты «Экономика және басқару» кафедрасының оқытушысы