ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ
ТАПСЫРМА ОРЫНДАЛУЫМЕН ҚҰНДЫ
Жалпы ел Президенті қызметке кіріскен күннен бастап ашықтық пен халықпен кері байланысқа ерекше назар аударып келеді. Мәселен, 2019 жылы жариялаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет», деп, Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға нақты тапсырмалар жүктеді. Ал 2020 жылы Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Әлеуметтік желі жұмысына ерекше көңіл бөлу қажет. Әр мемлекеттік қызметкер әлеуметтік желіде өз саласы бойынша белсенді болуы керек. Ғаламтор ғасырында бұл – міндет. Олар онлайн-режімде желідегі пікірталастарға қатысып, халық пен қоғамның сұрақтарына жауап бере алады», деді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, әр өңірдегі түрлі деңгейдегі әкімдер мен басқарма басшылары әлеуметтік желілерге жаппай тіркеле бастады. Жамбылдық шенділер де жаңашылдықты жатсына қоймады. Жеделдетіп желіге тіркеліп, Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруда негізгі тетіктердің бірі саналатын әлеуметтік желілерді тиімді әрі белсенді қолданып, халықпен тиімді коммуникация, кері байланыс орната алды. Сондай-ақ Мемлекет басшысының барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша да облысымызда тиісті жұмыстар жолға қойылған. Өткен жылы облыс, қала, аудан және ауылдық округ әкімдері тұрғындармен 1 226 рет, ал 2023 жылдың 6 айында 833 рет кездесу өткізген. Осы орайда бүгін біз Жамбыл ауданындағы орындаушылық тәртіп мәселесіне тоқталып, облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің берген тапсырмаларының орындалу барысын саралап көрген едік. Облыс әкімі аппаратының өңірлік бақылау және ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс бөлімінің бас инспекторы Жандарбек Әбдіхалықовтың сөзіне сүйенсек, өткен жылы облыс әкімінің Аса, Айша бибі, Гродеково, Ақбастау ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулері кезінде 23 тапсырма берілген. Бүгінге дейін 9 тапсырма орындалған, 12-сі орындалып жатыр. 2 тапсырма орындалмаған. Саралай айтсақ, аймақ басшысының ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін дамыту бағытында тиісті шаралар қабылдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ауқымды жұмыстар атқарылған. Нәтижесінде өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, құрылыс сынды негізгі салаларда көрсеткіштердің орындалуына қол жеткізілген. Тұрғындарға мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау бойынша ауданның елді мекендерінде тиісті сала мамандары 663 іс-шара өткізіп, түсіндіру шараларына 19 919 адам қамтылған. Облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру аясында 2022 жылы жеке инвестициялар есебінен 50 жоба (құны – 27,8 миллиард) қолға алынып, 305 жұмыс орны құрылған. Бюджет қаражаты есебінен 20 жоба жүзеге асып, 107 адам жұмыспен қамтылған. Мұнан бөлек 2 289 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып, жоспар артығымен (2 840 тұрғын) орындалған. Тұрғындар тарапынан көтерілген ұсыныс, талап-тілектерге байланысты 9 елді мекенге табиғи газ беріліп, Айша бибі ауылындағы емхана «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде күрделі жөндеуден өткен. Аса ауылындағы жаңа тұрғын алқапты су, газбен жабдықтау жұмыстары толық аяқталған. Ақбастау ауылдық округіндегі иесіз жатқан 3 тоған анықталып, «Майлыбай», «Нұржау», «Жайылға» атауларымен құжаттары заңдастырылыпты. Мемлекеттік актілері алынып, әділет басқармасына тіркелген. Ал Рахат, Қызылдихан ауылдарына жаңа мектеп салу мәселесі де алдағы уақытта толығымен шешімін таппақ. Қызылдихан ауылында 150 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаты әзірленіп, сараптамадан өткізіліп жатыр. Рахат ауылындағы мектептің (80 орын) жер телімі айқындалып жатыр. Аса ауылындағы теміржолдың үстінен жаяу жүргіншілерге арнап көпір салу – аудан тұрғындарының талай жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі. Көпті алаңдатқан мәселені тұрғындар өткен жылы да облыс әкімінің алдында көтеріп, биыл құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджет есебінен 100 миллион теңге бөлініп, мердігері анықталған (жоба құны – 273,6 миллион теңге, келісімшарт құны – 251,2 миллион теңге.) Жобаны аяқтау үшін аудандық бюджеттен қосымша қаржыландыру қажет. Жобаның іске асырылу кезеңі – 1 жыл. Сол секілді Аса ауылының жастары облыс әкімімен кездесуде теміржолдың арғы бетіне шағын футбол алаңын салу туралы ұсыныстарын айтып, базыналарын жеткізген. Жастардың өтініші де назардан тыс қалмай, футбол алаңының құрылысына аудандық бюджеттен 16,5 миллион теңге бөлініпті. Айша бибі ауылындағы орталық Жібек жолы көшесінің бойына бағдаршам орнатуға аудандық бюджеттен 7 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімі жүруде. Сондай-ақ Шоқай ауылындағы Д.Байғазиев көшесіндегі ескірген электр бағаналарын ауыстыру, Бірлесу-Еңбек ауылында балабақша салу, Айша бибі кесенесінің аумағынан саябақ құрылысын жүргізу сынды халықтың ұсыныстары бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда. – Облыс әкімінің биыл Полатқосшы, Бесағаш, Тоғызтарау, Ерназар ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесулерінде 27 тапсырма берілген. Қазірге дейін 8 тапсырма орындалса, 18-і орындалып жатыр. Ал 1 тапсырма мерзімінде орындалмаған. Атап өтер болсақ, тұрғындар Жалпақтөбе ауылындағы Жалпақтөбе көшесінен В.Чкалов атындағы орта мектепке өтетін жерге оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жаяу жүргіншілерге арналған бағдаршам орнату мәселесін көтерген. Нәтижесінде тұрғындар тілегі орындалды. Жалпақтөбе ауылындағы Нұрлы жол көшесін, Түрксіб ауылындағы Р.Рүстембеков көшесін жөндеуге облыстық бюджеттен 156,4 миллион теңге қаражат бөлінген. Орта жөндеу жұмыстарын осы жылдың үшінші тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Түрксіб ауылындағы Р.Рүстембеков көшесіне ауызсу жүргізгенде қазылған жерлерді қалпына келтіріп беруді сұранған тұрғындардың да мәселесі оң шешілді. Мердігер компания кемшіліктерді толық жойды. Ерназар ауылындағы ауызсу жүйесін жаңғыртуға сәйкес облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылған. Енді қаржыландыру күтілуде. Облыс әкімінің халықпен кездесулерде берген басқа да тапсырмаларын орындау бойынша жұмыстар жүргізілуде, – дейді Жандарбек Әбдіхалықов. Ал облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхамед Ниязбековтің айтуынша, аймақ басшысының жеке қабылдауында болған жамбылдық тұрғындардың өтініштерінің орындалуы да тұрақты бақылауда. Өткен жылы Нұржан Молдиярұлы Жамбыл ауданына іссапарлары барысында 10 азаматты жеке қабылдаған. Қабылдауға келген тұрғындар 12 мәселе көтерген. Нұрмұхамед Мәделіұлы 3 тұрғынның мәселесі шешілгенін, екеуі орындалып жатқанын, тағы 2 мәселе бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілгенін айтады. Биыл облыс әкімі 11 азаматты жеке қабылдапты. Аймақ басшысынан көмек сұрап қайырылған 5 тұрғынның мәселесі толық шешілген. 1 тұрғынның сұрағы орындалуда, 6 тапсырма бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліпті. Ендігі кезекте жамбылдық атқамінерлердің желідегі белсенділігіне тоқтала кеткенді де жөн көріп отырмыз. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің басшысы Данияр Асқарұлының жуырда аппараттық жиында келтірген мәліметтеріне назар аударсақ, Жамбыл ауданы әкімдігінің «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында 3 300, «Instagram»-дағы парақшасында 11 987 оқырман тіркелген. Жыл басынан бері «Facebook»-та 928, «Instagram»-да 695 пост жарияланған. Ауданның әлеуметтік желідегі парақшаларында қыста жолға құм мен тұздық себілмеуі, жол жөндеу, ауызсу, спорт алаңшасының жоқтығы, көгілдір отын тапшылығы сынды мәселелер көп көтерілген. Ал аудан әкімінің орынбасарлары әлеуметтік желінің әлеуетін тиімді пайдаланып, халықпен кері байланыстың тетігіне айналдыра алмай отырған көрінеді. Мәселен, аудан әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекованың «Instagram»-дағы парақшасы жабық аккаунт екен. Нұрлан Несіпбековтің аталған желідегі белсенділігі өте төмен. Ешқандай пост жарияланбаған. Мақпал Досымбекованың «Facebook» парақшасында жарияланым саны аз. Әкімдіктің парақшасында Мақпал Досымбекованың атқарған жұмысы ұдайы салынса да, өз парақшасында белсенді емес. Нұрлан Несіпбековтің «Facebook»-тағы белсенділігі де өте төмен екен. Жыл басынан бері тек 4 пост жарияланған. Жамбыл ауданы әкімінің тағы бір орынбасары Ербол Жиенқұловтың желідегі жұмысы өзге әріптестеріне үлгі боларлықтай. Егер қос ауданның жаңалықтарымен, тыныс-тіршілігімен танысқыңыз келсе, Ербол Жұмабекұлының желідегі парақшасына кірсеңіз жеткілікті. Әрине, әкімдердің әлеуметтік желідегі белсенділігіне қарап жұмысына баға беруге болмас. Дегенмен бүгінде әлеуметтік желінің жұртшылықпен байланыс орнатудың таптырмас құралына айналғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Егер әрбір басшы халықпен кері байланыс орнатуға ыждағаттылықпен көңіл бөлсе, көп мәселе ушықпай шешілген болар еді. Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйдырсақ, біздің осы мақаланы жазудағы мақсатымыз – біреуді тұқырту немесе көтермелеу емес. Біз облыс әкімі берген тапсырмалардың қандай деңгейде орындалып жатқанын білуді және оқырманға жеткізуді мақсат еттік. Себебі тапсырма орындалуымен құнды. Алдағы уақытта мұнымен тоқтап қалмай, басқа да аудандарда осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын рет-ретімен жариялап отыратын боламыз.